Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылған түбегейлі саяси жаңғыртулар Конституцияға енгізілген түзетулер мен толықтыруларға жалғасып, маңызды демократиялық басымдықтарды айқындап берді. Бұл билік институттарын өзгеше формада қалыптастыруға, қоғамды саяси жағынан толығымен трансформациялауға жол ашары сөзсіз. Мәжіліс пен мәслихат депутатттарының соңғы сайлауы саяси бәсекелестіктің күшеюіне айтарлықтай ықпал етіп, көппартиялылықты дамытуға және елдегі парламентаризмді нығайтуға зор серпін берді.
“Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы” Жарлыққа өзгерістер енгізіліп, ол бойынша мәслихат сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткізу, оларға мәселелерді енгізу және қарау, мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметі туралы, мәслихаттың атқарған жұмысы және оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есептерді тыңдау, депутаттардың сауалдарын қарау тәртібін, мәслихаттағы депутаттық бірлестіктердің өкілеттіктерін, қызметін ұйымдастыруды, сондай-ақ дауыс беру, аппарат жұмысының тәртібін және басқа да рәсімдік және ұйымдастырушылық мәселелер жүйеленді. Бұдан бөлек, мәслихат тиісті аумақ әкімінің есебін тыңдау жолымен жергілікті бюджеттің атқарылуын, аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады. “Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы” шешімге сәйкес сессияда тиісті аумақ әкімінің есебі тыңдалады. Жергілікті қоғамдастық жиналысының аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастама жасауы мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылып, жергілікті қоғамдық жиналыстың хаттамасымен расталады. Саяси жүйемізді түбірінен өзгертуге қатысты жұртшылықтың ұсыныстарынан туындаған талаптар ауқымды өзгерістерге арқау болғаны анық.
Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтіп, үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайта түскенін, мәслихаттардың ықпалын арттырғанын байқауға болады. Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлық-пропорционалды, ал аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық моделі толықтай енгізілді. Мұның өзі Жаңа Қазақстан құру жолындағы аса маңызды ұсыныстарды халық болып қабылдау үрдісінің өскенін айғақтайды.
Осыдан екі жыл бұрын VІІ шақырылымдағы Тимирязев аудандық мәслихатының депутаттары өз қызметін бастап, құрамының 70 пайыздайы жаңарды. “Amanat”, “Ақжол” және “Ауыл” демократиялық партияларының мүшелерімен, белсенді азаматтармен, ауыл шаруашылығы саласының тәжірибелі өкілдерімен толықты. Мәслихат сессиясының 9 пленарлық отырысы өтіп, әртүрлі мәселелер бойынша 126 шешім қабылданды. Күн тәртібінде талқыланған негізгі мәселелер – бюджет, бірыңғай жер салығы, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрмысы төмен отбасылардың жекелеген санаттарын қолдау, тұрғын үй көмегін беру, білім, денсаулық сақтау салаларына арналды. Тимирязев ауылдық округінің әкімі Р.Мұстафинаның, аудандық мәслихаттың депутаты Н.Жарасбаевтың есептері тыңдалып, өзекті проблемаларға назар аударылды. Н.Әлиев, Н.Усенковтың төрағалығымен өткен тұрақты комиссиялардың отырыстарында талқыланған мәселелердің орындалуы бақылауға алынып, дені нақты шешімін тапты.
Депутаттар жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, сапалы ауызсумен қамту, жол жөндеуге мониторинг жүргізу шараларына белсене араласып, тұрғындардың өтініш-тілектерін бірінші кезекте ескерді. Ауылдық жерлерді аралап, азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды. Қойылған жүзден астам сұрақтан аңғарғанымыздай, көпшілігін мектептерді жөндеу, сапалы білім беру, білікті кадрлар даярлау, оқушыларды тамақпен қамтамасыз ету көбірек толғандыратыны байқалды. Денсаулық сақтау, азық-түлік бағасы, мал азығы, дәрі-дәрмекпен, кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету әлі де өзекті. Су мұнаралары мен тарату желілерін салу жайының 14 рет көтерілуі тектен-тек болмаса керек. Сайлаушылар тарапынан қойылған ауызша, жазбаша өтініштер жан-жақты сараланып, тиісті орындарға депутаттық сауалдар жолданды. Қандай мәселелерге көңіл бөлу қажеттігі атап көрсетілді. Ауылдық округтердегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасына, білікті кадрлармен қамтылуына талдау жасауға шешім алынды. Мектептердегі түрлі кемшіліктерді жою мәселесі де мәслихат бақылауында.
Жергілікті билікпен бірлесе отырып, атқарылған істер аз емес. Москворецкоеде су мұнарасы пайдалануға беріліп, Ақсуат, Дзержинский, Дмитриевка, Докучаево, Дружба, Комсомол ауылдарында құрылысы басталды. Аудандық Мәдениет үйі мен Тимирязев мектеп-гимназиясы, Дружбада стадион күрделі жөндеуден өтті. Белоградовка мен Тимирязевода су тарату желісі тартылды. 5 балалар ойын алаңы құрылды.
Депутаттарымыз өз өкілеттіктерін орындау барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолдарды қыста күтіп-ұстау, жедел медициналық көмек беру мәселелері бойынша 19 сауал жолдап, проблемаларға тікелей араласып отырды. Н.Әлиев, А.Мырзалин құзырлы мекемелерге 10 сауал жіберді. Өкінішке қарай, 4 депутаттық сауал жауапсыз қалды, бұл заңнаманы өрескел бұзу болып табылатыны жекелеген тұлғаларға ескертілді. Азаматтардан келіп түскен 12 арызға жауап берілді.
Халық қалаулылары сеніп тапсырылған депутаттық мандаттың маңызын жете түсінеді. Атқарушы билік органдарымен, қоғамдық ұйымдармен, сайлаушылармен тығыз ынтымақтаса отырып, өз қызметін одан әрі жандандыра түсті. 5 сессия қарауына 74 мәселе ұсынылып, әрқайсысы бойынша жекелей шешім қабылданды. Нормативтік-құқықтық актілердің маңыздылығына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруды қамтамасыз етуге, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша назар аударылды.16 ауылдық округ бюджеттерін бекітуге байланысты туындаған мәселелер өзгерістер мен нақтылаулар енгізу арқылы нақтыланды. Мәслихаттың құзыретіне бюджеттің атқарылуын бақылау функциясы да кіретіндіктен бірнеше рет талқылауға тура келді. Мәслихатта аудан әкімі Ерлан Жаровтың өзіне жүктелген міндеттерді атқаруы жайлы есебі тыңдалды.
Сессияның шешімімен “Тимирязев ауданының құрметті азаматы” атағы М.Залевский мен Ю.Орловқа берілді. Біріншісі – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген тәжірибелі басшы, екіншісі – жастар тәлімгері, еңбек ардагері. Сессия жұмыстарын жоспарлау кезінде ең өзекті, әлеуметтік маңызды мәселелер іріктеліп, шешу жолдары нақты белгіленеді. Айтылған жайттар сөз жүзінде қалмас үшін ауылдық жерлерге барып, проблеманың қыр-сырына үңілу, тұрғындардың ой-пікірлерін білу зерделенеді. Оның қорытындылары мен нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарда, мәслихаттың сайтында, әлеуметтік желіде жарияланып тұрады.
Мәслихат депутаттарының қызметі сан қилы. Негізгі жұмыстан тыс уақыт тауып, атқарушы билікпен бірлесіп, мемлекеттік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысу, алға қойған міндеттерді орындау оңай емес. Мысалы, депутаттық топтар сумен қамтамасыз ету, білім беру, мәдениет және спорт объектілерін, жолдарды салу және жөндеу сапасына мониторинг жүргізу бойынша жыл бойы тынымсыз жұмыс істеді деуге болады. Нәтижесі бар. “Ақ сұңқар” дене шынықтыру-сауықтыру кешені, “Арлан” жабық хоккей корты іске қосылды. Ауылдарда жаңа су мұнараларының, мәдени-сауықтыру орталығының құрылысы жалғасуда. Докучаев, Жарқын, Степной, Ақжан, Сулы мектептерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәслихат депутаттары халық алдындағы жауапкершілікті бір сәт те босаңсытқан емес. Патриоттық ерік-жігерлерін жалпымемлекеттік мүдделермен тығыз байланыстырады. 12 қабылдау ұйымдастырылып, 63 өтініш егжей-тегжейлі зерттелді. Сауалдардың көбі білім беру саласына қатысты болды.
Мәжіліс пен мәслихаттардың кезекті сайлауын 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында өткізу жоспарланып отырғаны белгілі. Бұл сайлау да Жаңа Қазақстанның болашағын айқындап, өңірлердің тыныс-тіршілігіне халықтың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: “Сайлауды керек қылмайтын адамдар қатары көбейді. Олар өздерінің даусы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ететініне сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде азаматтардың құқығы толық ескеріледі”, – деп айтқаны есімізде. Жаңа сайлау жүйесіне көшу жергілікті жерде бәсекелі орта қалыптастырары, демократия дәстүрлерін нығайтары даусыз.
Айман АСАНОВА,
Тимирязев аудандық мәслихатының хатшысы.