Еліміз тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін тарихтағы бірталай “ақтаңдақтардың” беті ашылып, бұған дейін айтылмай келген, айтылса да мардымсыз сөз етілген көптеген көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің есімдері қайта жаңғыртылып, олар туралы кеңінен жазыла бастады ғой. Сондай ардақты тұлғалардың бірі – Нәзір Төреқұлов.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жарқырай көрінген жас қазақ қайраткерлерінің шоғырындағы ең ірі тұлғалардың бірегейі, қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы перзенті жайлы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Тайыр Мансұров өндірте көптеген еңбектер жазды. Жуырда саясат ғылымдарының докторы Тайыр Мансұровтың “Тамаша адамдар өмірі” сериясы негізінде жасындай қысқа ғұмырын туған халқы мен Отанына қызмет етуге арнаған Нәзір Төреқұлов жайлы жазған зерттеу еңбегі орыс биографиялық институты, Ресей мемлекеттік кітапханасы және “Литературная газета” мекемесі ұйымдастырған шарада “Саяси биография” аталымында ұлттық сыйлыққа ие болды. Автордың қалың оқырманға ұсынған бұл кітабында қазақтан тұңғыш шыққан кеңестік өкілетті өкіл туралы әңгіме егжей-тегжейлі өрбітіледі, сонау бір кезеңде Кеңес-Сауд қарым-қатынасының қалай қалыптасып, дамығаны жан-жақты қамтылады. Қаншама жылдар бойы мұрағаттың құлыптаулы сөрелерінде сақталған құнды құжаттар негізінде автор жігерлі елшінің Кеңес одағының Арабия түбегіндегі ықпалы жолындағы күресіне қатысты осыған дейін сырын ішіне бүккен фактілердің бетін ашады.
Бұл – ұлттық сыйлық саяси тақырыпты терең қаузаған авторлардың барлығына бірдей үлестірілетін марапат емес. Нәзір Төреқұловтай ғасырда бір рет туатын алып тұлғаның өмірдариясын, жұлдызды ғұмырын әр қазақ баласының көкірегінде жағуды мұрат еткен Тайыр Мансұровтың еңбегі алғысқа да, атаққа да әбден лайық.