деген депутаттың жүрекжарды бүкпесіз лебізінен халық сенімінен шығу – ең басты абыройлы міндет екенін пайымдауға болады. Алдымен Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты, “AMANAT” партиясы фракциялық тобының жетекшісі Әлия Нұрмағамбетованің редакцияға жолдаған хатына назар аударайық: “Сенім артып, депутат етіп сайлағаннан кейін халық үмітін ақтауды басты парызым деп есептеймін. Негізгі жұмысыма қоса сайлаушылар жүктеген аманатты адал атқаруға барынша тырысып келемін. Қиналған сәттер, тығырыққа тіреліп, торыққан, тіпті қорланған кездер аз кездескен жоқ, не жеке, не қызмет көлігі болмағандықтан, алға қойған міндеттер толық орындалды деп айта алмаймын. Кей ауылдарға бара алмай қалдым. Соған қарамастан онлайн түрде жеке қабылдаулар өткізіп, мәселелерді жедел шешуге барынша жәрдемдестім. Екінші мамандығым заңгер болғандықтан, азаматтар құқықтық ақыл-кеңестер сұрап, жиі хабарласып жатады. Жасыратыны жоқ, кейбір мәселелердің шешімі ұзаққа созылып кетеді. Мәселен, қыс түсіп кеткендіктен, өз мұңын арқалай келген бір сайлаушының үйінің шатыры жөнделмей қалғаны жаныма қатты батты. Мәселе жеке бақылауымда тұр. Мәслихат депутаттарына қаражат төлеу жағы қарастырылмаса да, жекелеген демеушілер есебінен көмек шараларын қал-қадерімше ұйымдастырып жүрмін. Аманатқа қиянат жасамау мақсатымен қолымнан келген мүмкіндіктерді қалт жібермеуге тырысамын. Сол үшін қолында биілігі бар шенеуніктерден сөз естісем де, қысым көрсем де, “көрпе асты” қудалауға түссем де, алған бетімнен, қойған мақсатымнан айныған емеспін”.
Өзгеше стильмен, әрі пессимистік, әрі оптимистік сарынмен ақ қағаз бетіне түскен тізбекті ойлар бізді бей-жай қалдырмай, әрі-сәрі күйге түсіргені рас. Өтініш пен өкініш қатар өрілген хат мазмұнын неге жорырымызды білмей тығырыққа тірелгендей болдық. Өйткені қатардағы шенеуніктердің жазу мәнеріне де, ой толғамына да ұқсай бермейтін қолтаңба бір жағынан қызықтырғаны, бір жағынан таңғалдырғаны анық. Ауданға іссапармен барып, елдің бірлігі мен елдің білігі сынға түскен шақта парыз бен жауапкершілікті бірінші орынға қойып, оны күнделікті өмір сүру мұратына айналдырған болашақ кейіпкерімізбен сыр-сұхбат, бүкпесіз әңгіме ұйымдастыру ниетіне оқталып жүргенімізде “құланның қасуына мылтықтың басуы” дегендей өңір бойынша Парламент Сенатына депутат сайлау жиынында кездестіре қалдым. Қасы, көзі мойылдай қара, бойы сұңғақ, қараған жанды еріксіз мойын бұрғызатын әдемі, иманжүзді қарындасымыз бір қарағанда тұйықтау, сөзге сараңдау көрінгенімен, әңгімелесе келе ісіне мығым, алдында тау тұрса да, тайсалмайтын мінезді екенін бірден аңғартты. Сұрақтарымызға тап-тұйнақтай жауап беріп, кіршіксіз адами және кәсіби қарым-қабілетінің жұмбақ сыры өзіне жетелей жөнелді.
– Депутат міндетін қалай түсінесіз, оның тұлғалық болмысын қалай анықтауға болады?
– Сөзімді ана жылдары “Нұр-Отан” (қазір “Amanat”) республикалық ұйымының партияішілік сайлауды демократиялық бағытта дамыту бағытымен қолға алған жаңа жобасы – праймеризден бастағым келіп отыр. Бұл термин алғаш АҚШ-та 1842 жылдары қолданысқа енген көрінеді. Мақсаты – ел басқару ісіне білікті, белсенді және бастамашыл азаматтарды іріктеу, таңдау, тарту. Қазақстанда депутат ретінде халыққа қызмет етуге белін бекем буған үміткерлердің саяси сынақ алаңы қалай жүргізілді десек, шыны керек, көңілім тола қоймады. Көбіне сыртқы формасын қызықтауға басымдық беріліп, ішкі мазмұнымен үйлеспей жатты. Баяғы ұраншылдыққа, даңғазашылдыққа толы болды. Алдымен сайланбалы органға не лауазымдық қызметке лайықтылардың шынайы бет-бейнесі, жеке басының сипаты, билік пен халық арасындағы ықпалдастық рөлі, көпшілік сайлайтын өкіл ретіндегі беделі, кәсіби тәжірибесі, мемлекетшіл парасаты мен мінезі сарапқа салынуы керек еді. Осындайда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның халық мүддесін алдыңғы орынға қойып, соның жолында арыстанша алысып, жолбарысша жұлқысқан ерлік тәуекелі ойға оралады. Ол Мемлекеттік Думаның бірінші шақырылымында депутат болды. Екінші шақырылымда сайлауға түсуден бас тартты. Өйткені патшалық үкімет қазақ өкілдерінің Мемлекеттік Думаға баруына барынша кедергі жасап бақты. Ал Міржақып Дулатұлы “Ресей Думасына қазақтан депутат сайлау мүмкіндігі болса, біз қазаққа шын пайдалы депутат таңдауымыз керек”, – деді. “Ақжүрек, таза, жұртты сатып я алдап кетпейтін, халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екіталай жерде жан қиярлық ержүректігі, өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін, саясат ісіне жетік, білімді, шешен, оқыған көсем болса”, – деп, кім лайықты деген сұрақтарға нақпа-нақ жауап берді.
Бұл пікірлерге алып-қосарым жоқ. Барлық деңгейдегі депутаттар арасында қордаланып қалған мәселелерді шешуге ұмтылып жүрген шынайы белсенділерімен қоса, өкінішке қарай, жеке басының қамын бизнеске айналдырғандар да, тұрмысын жақсартуды ғана ойлайтындар да, атақ пен мансаптың құлына айналып, шыбық басын сындырмайтындар да бар. Депутат (латынша “deputatus”– “өкіл”) мемлекеттік немесе жергілікті өзін-өзі басқарудың заң шығарушы болмаса басқа да өкілетті органға сайланған тұлға деген мағынаны білдіреді. Ата Заңымызда, арнаулы заңдарда Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары органы – Парламент палаталарына (Мәжіліс, Сенат), сондай-ақ жергілікті өкілетті билік органдарына (мәслихаттар) депутат сайлау тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Депутаттар арасында өзі сайланған партия мүддесін ғана қорғаумен шектеліп, қоғамда болып жатқан түрлі қоғамдық өзгерістер мен проблемаларға селсоқ, жүрдім-бардым қарайтындары, сайлаушылармен кездесудің орнына түрлі сылтаулар айтып, қаш-қақтайтындары жоқ емес. Сондықтан “Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру” Жолдауында Президент атап өткен императивті мандатқа көшу депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түсері анық. Енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін нығайтып, өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырары даусыз.
– Екі қоғамдық жұмыс атқарып жүрсіз, кедергі келтірмей ме? Айтпақшы, қандай қызметтесіз?
– Білімім – жоғары, педагогикалық және заңгерлік. Жалпы еңбек өтілім – 15 жыл, оның ішінде басшылық лауазымда – 5 жыл. “Айгөлек” бөбекжай-бақшасы” мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директорымын. Мекеменің жобалық қуаты 320 орынға шақталған, тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің саны – 250. 34 педагогтың 25-і – жоғары білімді, оның ішінде педагог-зерттеуші – 3, педагог-сарапшы – 1, педагог-модератор – 4, жоғары санатты – 4, бірінші санатты – 15. Барлығы 77 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тәрбие-білім беру үрдісі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына және мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
– 2199,9 шаршы метр аумақты алып жатқан типтік екіқабатты ғимарат 1984 жылы салыныпты. Нысан күрделі жөндеуді қажет етпей ме?
– 1998 жылы балабақша есебінде қолданысқа берілген. Жылыту, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі орталықтандырылған. Балабақшаның жылдық қоры – 199684000 теңге. Ата-аналардың айлық төлем мөлшері – 13400-13800 теңге мөлшерінде. Шешімін таппай келе жатқан мәселелер – шатырын жөндеу және жаңа жиhаз сатып алу.
Басты қызметім қанша қауырт болса да, сайлаушылар үшін уақыт табу, олардың құқығын қорғау, мақсат-мүддесіне қол жеткізуге ықпал жасау – міндетіміз. 2020 жылы аудандық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде Кладбинка ауылына барған кездесу есімде қалыпты. Ондағы тұрғындардың бірі – Роза Андрееваны елді мекендердегі кітапхана жайы толғандыратын болып шықты. Білім мен мәдениетке қатысты басқа да түйткілді проблемалар, бұдан бөлек, жарық, ауызсу, жол мәселелері көтерілді. Аудандық мәслихатта 11 депутат болса, 9-ы, яғни аманаттықтар депутаттық фракцияға біріге отырып әрі “Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!” сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатымен бірталай қоғамдық жұмыстардың басы қайрылды. Мәселен, Казанка ауылына кіреберіс автожол (12,5 шақырым) қалпына келтірілді. Петровка – Жаңажол автожол бөлігі (11 шақырым) аяқталды. Пресновка, Благовещенка, Кладбинка, Қайранкөл, Троицкіде ауылішілік жолдар жөнделді. Сөз арасында төртінші деңгейлі бюджеттің мол әсері тигенін айта кеткен жөн.
– Партиялас әріптестеріңіздің белсенділігін қалай бағалайсыз?
– Фракция мүшелері жыл сайын “Мектепке жол” акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға үнемі көмектеседі. Р.Асхабов көпбалалы отбасыға пәтер сыйлады. О.Адам Казанкаға су құбыры құрылыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттарын рәсімдеді. Р.Асхабов, Қ.Айтжанов үшеуіміз бірігіп, С.Мұқанов көшесі бойындағы жолдарды жөндеуге, инертті материалдар төсеуге ықпал еттік. Жамбыл мектебіне су сорғысын орнатуға атсалыстық. Қожаберген жырау атындағы мектепке жылыжай салынды. Ата-аналардың “Айнагүл” бөбекжай-бақшасы жанынан көлік тұрағын қою туралы өтініші қанағаттандырылды. Жеке қабылдауға Ғ.Смаилова, А.Рисс, А.Ергенбаева, тағы басқалары келіп, балабақшаға төлем, азық-түлікке қатысты тілектері орындалды. “Ардагерлерді ардақтайық!” партиялық жобасы шеңберінде Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш жөнделіп, қоныс аударушылардың баспаналарға тиісті құжаттары әзірленді. Баян ауылынан Б.Мұхамедқалиеваның сәбиіне сүт қоспасы жеткізілді. Көпбалалы отбасылар үшін “Тегін такси” акциясы ұйымдастырылды. “Дары соленого” дүкеніндегі қайырымдылық сөрелеріне тегін нан және нан-тоқаш, тағы басқа азық-түлік түрлері қойылды. Жол, су, жарық мәселелері де біртіндеп шешімін тауып келеді.
– Кей проблемалар дер кезінде шешілмей тұрғындардың орынды ренішін, тіпті ашу-ызасын тудырып жатады деп айтып қалдыңыз. Оның себептерін айтып берсеңіз?
– Депутаттар мен фракция мүшелері билікке көпшіліктің үнін жеткізетін ықпалды буын саналатындықтан, шама келсе, осы талап деңгейінен көрінуге тырысып, өзекті мәселелер бойынша тиісті орындарға қоңыраулатып, дабыл қағып жатады. Осындай сын сағатта кейбір шенеуніктердің беті бері бұрыла бермейді. Небір сылтауларды алға тартып, бюрократтық кедергілерді қолдан жасап жатады. Айтылған сын-ескертпелерді дұрыс қабылдап, тиісті қорытынды шығарудың орнына нақты фактілермен дәлелденіп тұрса да, мойындауды ар, намыс көретін сықылды. Соңыңа шам алып түсіп, қызметтік беделімен мысты басып тастаудан именбейді. Партияның кезектен тыс ХХІ cьезі түгелдей жаңғыруға, жаңаруға арналды. Саяси ұйымның ең жоғары форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы депутаттардың азаматтармен тікелей кездесуінің маңыздылығын ерекше атап көрсеткенін лауазымды тұлғалардың ескере бермейтіні өкінішті. Бүгінде сайлаушылармен тікелей диалог құрудың, тұрақты түрде жүздесудің, нақты мәселелерді қамтып, жергілікті проблемаларды ашық көрсетудің мәні айрықша. Партия – жұртшылықты ортақ мақсатқа жұмылдыра білетін үлкен саяси күш десек, оның мүшелері пайдалы бастамалар көтеріп жатса, бәріміз ұтамыз. Қоғам мен билік арасындағы тығыз әріптестік қарым-қатынас саяси, қоғамдық ұйымдар арқылы жалғасатынын, берген уәденің ойдағыдай орындалуы сөзбен емес, іспен айқындалатынын түсінетін мезгіл жетті. Бұрын жіберілген қателіктерді қайталамай, жаңа Қазақстан құрудың талабына үйлесетін бағыт жергілікті билік тарапынан да нақты қолдауға ие болуы тиіс.
Мені мына жайт қайран қалдырады. Атқарылған жұмыстарымызды әлеуметтік желілерде көрсетсек, кейбіреулер “хайп”, “популизм” деп келемежге айналдырады. Бұл да – әр депутаттың халық алдындағы есебінің бір түрі емес пе?
– Қайсарлық, бірбеткейлік, кемшілікке төзбеу, шындықты ашық айту қасиеті кімнен жұққан?
– Әкемнің “Қызым Әлияға” деген өлеңінде “Еркелікке салынып, Төбелес салдың сен, қызым. Қызбалаша киінбей, Шығардың айғай сен, қызым”, деген шумақтар бар. Соған қарағанда, бетімнен қақпай өсірген тәрізді. “Оқуыңды жалғастыр, жамандықтан аулақ жүр, шыншыл бол, халқыңа пайда келтір” деген ақылын жастайымнан санама сіңіріп өсірді. Әкем Темірболат Омбының “Совпартшколасын” үздік аяқтаған соң елге оралды. “Сарыадыр” кеңшарын құрып, басшылық етті. Арғы атасы Айтжан Омбы қаласында тілмаштық қызмет атқарған. Бергі аталары Нұрмағамбет ел ағасы атанса, Ешмұхамбет дін жолын таңдаған. Қазақтың атын шығарған Батыр Баянның ұрпағы болғандықтан, өр мінезділігім бабама тартқан болар.
– Әлде аудандық мәслихат пен Пресновка ауылдық округ әкіміне қарата айтқан сындарыңыз шенеуніктердің шымбайларына батып кетті ме?
– Ол да мүмкін. Бірақ облыстық мемлекеттік ішкі аудит департаментінің тексерісі нәтижесінде бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау фактілерінің анықталғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Осы олқылықтар үшін қос бухгалтер жұмыстан шеттетілді. Бірақ кінәлі басшылар жазасыз қалды. Бөлінген қаржының орынды жұмсалуы мен атқарылған жұмыстың сапасын қадағалауға аудандық мәслихат депутаттары да, фракция мүшелері де толық мүдделі, құқылы. Оған ренжитін жөндері жоқ. Аудан әкімі де сынға алған болатын.
– 12 қаңтарда партияның аудандық филиалының ХХХVІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Қаулыда “аудандық мәслихаттағы партиялық фракцияның 2021-2022 жылдардағы есебі қанағаттанарлық деп табылсын” деген жолдар бар. Сіз есеп бердіңіз бе?
– Қайдағы… Шақырған да жоқ. Менен бөлек, Қ.Айтжанов пен А.Омарова да шақырудан тыс қалды.
– Неге?
– Ақиқатты ашық айтқанымызды жақтырмаған болу керек. Әлде, тағы бір нәрсені “бүлдіреді” деп қауіптенген шығар? Бұдан түйгенім, аудан басшылары жеке бастың өкпе-реніштерін мемлекеттік мәселелерге араластырып отыр деген сөз.
Президент еліміздің жаңа Қазақстанды құру жөніндегі ауқымды міндеттерді орындауға кіріскенін мәлімдегені мәлім. Алдымызда мемлекетіміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды әрі ауқымды жұмыстар тұр. Ол үшін өзгерістерді алдымен өзімізден бастауымыз керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы айқындап берген басым бағыттың бірі – бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту, мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру, яғни диалог алаңдарын ұйымдастыру міндетін өздеріне алып, олардың жұмыс қорытындысы бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу. Заман, қоғам, адам, партия өзгеріп жатқанда жергілікті билік орындарының да жаңалыққа бет бұруы – заңдылық. Мемлекет басшысы “Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды” деген талаптың бәрімізге қатысы бар.
– Шындықты шырылдатып айтып, шырайын келтірген әрекеттеріңіз үшін ертең аяқтан шалып, негізгі қызметіңізге кедергі келтіреді деп қорықпайсыз ба?
– Не үшін? Оған ешқандай айғақ-дәлелдер көріп отырған жоқпын. Жалпы болмысым сол, біреудің көлеңкесінде жүріп, өмір сүргенді қаламаймын. Шындықты айту – қаныма сіңген қасиет.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.