«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗГЕНІҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕ ЖҮРГІМ КЕЛМЕЙДІ

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

деген депутаттың жүрекжарды бүкпесіз лебізінен халық сенімі­нен шығу – ең басты абыройлы міндет екенін пайымдауға бо­лады. Алдымен Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты, “AMANAT” партиясы фракциялық тобының жетекшісі Әлия Нұр­мағамбетованің редакцияға жолдаған хатына назар аударайық: “Сенім артып, депутат етіп сайлағаннан кейін халық үмітін ақ­тауды басты парызым деп есептеймін. Негізгі жұмысыма қоса сай­лаушылар жүктеген аманатты адал атқаруға барынша тыры­сып келемін. Қиналған сәттер, тығырыққа тіреліп, торыққан, тіпті қорланған кездер аз кездескен жоқ, не жеке, не қызмет көлігі болмағандықтан, алға қойған міндеттер толық орындалды деп айта алмаймын. Кей ауылдарға бара алмай қалдым. Соған қара­мас­тан онлайн түрде жеке қабылдаулар өткізіп, мәселелерді жедел ше­шуге барынша жәрдемдестім. Екінші мамандығым заңгер бол­ғандықтан, азаматтар құқықтық ақыл-кеңестер сұрап, жиі хабар­ла­сып жатады. Жасыратыны жоқ, кейбір мәселелердің шешімі ұзаққа созылып кетеді. Мәселен, қыс түсіп кеткендіктен, өз мұ­ңын арқалай келген бір сайлаушының үйінің шатыры жөнделмей қалғаны жаныма қатты батты. Мәселе жеке бақылауымда тұр. Мәслихат депутаттарына қаражат төлеу жағы қарастырыл­маса да, жекелеген демеушілер есебінен көмек шараларын қал-қадерімше ұйымдастырып жүрмін. Аманатқа қиянат жасамау мақ­са­тымен қолымнан келген мүмкіндіктерді қалт жібермеуге тырыса­мын. Сол үшін қолында биілігі бар шенеуніктерден сөз естісем де, қысым көрсем де, “көрпе асты” қудалауға түссем де, алған бе­тімнен, қойған мақсатымнан айныған емеспін”.

Өзгеше стильмен, әрі пессимис­тік, әрі оптимистік сарынмен ақ қағаз бетіне түскен тізбекті ойлар бізді бей-жай қалдырмай, әрі-сәрі күйге түсір­гені рас. Өтініш пен өкініш қатар өріл­ген хат мазмұнын неге жорырымыз­ды білмей тығырыққа тірелгендей болдық. Өйткені қатардағы шенеу­нік­тердің жазу мәнеріне де, ой тол­ғамына да ұқсай бермейтін қолтаңба бір жағынан қызықтырғаны, бір жа­ғынан таңғалдырғаны анық. Ауданға іссапармен барып, елдің бірлігі мен елдің білігі сынға түскен шақта парыз бен жауапкершілікті бірінші орынға қойып, оны күнделікті өмір сүру мұ­ратына айналдырған болашақ кейіп­керімізбен сыр-сұхбат, бүкпесіз әңгі­ме ұйымдастыру ниетіне оқталып жүр­генімізде “құланның қасуына мыл­тықтың басуы” дегендей өңір бойынша Парламент Сенатына де­путат сайлау жиынында кездестіре қалдым. Қасы, көзі мойылдай қара, бойы сұңғақ, қараған жанды еріксіз мойын бұрғызатын әдемі, иманжүзді қарындасымыз бір қарағанда тұйық­тау, сөзге сараңдау көрінгенімен, әң­гімелесе келе ісіне мығым, алдында тау тұрса да, тайсалмайтын мінезді екенін бірден аңғартты. Сұрақта­ры­мызға тап-тұйнақтай жауап беріп, кір­шіксіз адами және кәсіби қарым-қабілетінің жұмбақ сыры өзіне жете­лей жөнелді.

– Депутат міндетін қалай түсі­несіз, оның тұлғалық болмысын қалай анықтауға болады?

– Сөзімді ана жылдары “Нұр-Отан” (қазір “Amanat”) республика­лық ұйымының партияішілік сайлау­ды демократиялық бағытта дамыту бағытымен қолға алған жаңа жобасы – праймеризден бастағым келіп отыр. Бұл термин алғаш АҚШ-та 1842 жылдары қолданысқа енген кө­рінеді. Мақсаты – ел басқару ісіне бі­лікті, белсенді және бастамашыл аза­маттарды іріктеу, таңдау, тарту. Қа­зақстанда депутат ретінде халыққа қызмет етуге белін бекем буған үміт­керлердің саяси сынақ алаңы қалай жүргізілді десек, шыны керек, көңілім тола қоймады. Көбіне сыртқы фор­ма­сын қызықтауға басымдық беріліп, ішкі мазмұнымен үйлеспей жатты. Баяғы ұраншылдыққа, даңғазашыл­дыққа толы болды. Алдымен сай­ланбалы органға не лауазымдық қыз­метке лайықтылардың шынайы бет-бейнесі, жеке басының сипаты, билік пен халық арасындағы ықпалдастық рөлі, көпшілік сайлайтын өкіл ретін­дегі беделі, кәсіби тәжірибесі, мем­ле­кетшіл парасаты мен мінезі сарап­қа салынуы керек еді. Осындайда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ха­лық мүддесін алдыңғы орынға қо­йып, соның жолында арыстанша алы­сып, жолбарысша жұлқысқан ерлік тәуекелі ойға оралады. Ол Мемлекеттік Думаның бірінші шақырылы­мында депутат болды. Екінші шақы­ры­лымда сайлауға түсуден бас тарт­ты. Өйткені патшалық үкімет қазақ өкілдерінің Мемлекеттік Думаға ба­руы­на барынша кедергі жасап бақты. Ал Міржақып Дулатұлы “Ресей Ду­масына қазақтан депутат сайлау мүм­кіндігі болса, біз қазаққа шын пай­да­лы депутат таңдауымыз керек”, – деді. “Ақжүрек, таза, жұртты сатып я алдап кетпейтін, халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екіталай жерде жа­н қиярлық ержүректігі, өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін, саясат ісіне жетік, білімді, шешен, оқыған көсем болса”, – деп, кім лайықты де­ген сұрақтарға нақпа-нақ жауап берді.

Бұл пікірлерге алып-қосарым жоқ. Барлық деңгейдегі депутаттар арасында қордаланып қалған мәселелерді шешуге ұмтылып жүрген шы­найы белсенділерімен қоса, өкінішке қарай, жеке басының қамын бизнес­ке айналдырғандар да, тұрмысын жақ­сартуды ғана ойлайтындар да, атақ пен мансаптың құлына айна­лып, шыбық басын сындырмайтын­дар да бар. Депутат (латынша “depu­tatus”– “өкіл”) мемлекеттік немесе жер­гілікті өзін-өзі басқарудың заң шығарушы болмаса басқа да өкілетті органға сайланған тұлға деген мағы­наны білдіреді. Ата Заңымызда, арнаулы заңдарда Қазақстан Республи­касының заң шығару қызметін жү­зеге асыратын жоғары органы – Пар­ламент палаталарына (Мәжіліс, Се­нат), сондай-ақ жергілікті өкілетті би­лік органдарына (мәслихаттар) депу­тат сайлау тәртібі, олардың құқықта­ры мен міндеттері көрсетілген. Де­путаттар арасында өзі сайланған пар­тия мүддесін ғана қорғаумен шекте­ліп, қоғамда болып жатқан түрлі қо­ғамдық өзгерістер мен проблемалар­ға селсоқ, жүрдім-бардым қарай­тындары, сайлаушылармен кездесу­дің орнына түрлі сылтаулар айтып, қаш-қақтайтындары жоқ емес. Сон­дықтан “Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру” Жолдауында Прези­дент атап өткен императивті мандат­қа көшу депутаттардың сайлаушы­лармен өзара байланысын нығайта түсері анық. Енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін нығайтып, өзара жауап­кершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптасты­рары даусыз.

– Екі қоғамдық жұмыс атқарып жүрсіз, кедергі келтірмей ме? Айт­пақшы, қандай қызметтесіз?

– Білімім – жоғары, педагогикалық және заңгерлік. Жалпы еңбек өті­лім – 15 жыл, оның ішінде басшылық лауа­зымда – 5 жыл. “Айгөлек” бөбекжай-бақшасы” мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры­мын. Мекеменің жобалық қуаты 320 орынға шақталған, тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің саны – 250. 34 педагогтың 25-і – жоғары білімді, оның ішінде педагог-зерттеуші – 3, педагог-сарапшы – 1, педагог-моде­ра­тор – 4, жоғары санатты – 4, бірінші санатты – 15. Барлығы 77 адам тұ­рақты жұмыспен қамтылған. Тәрбие-білім беру үрдісі мектепке дейінгі тәр­бие мен оқытудың мемлекеттік жал­пыға міндетті стандартына және мек­тепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес жүргізі­леді.

– 2199,9 шаршы метр аумақты алып жатқан типтік екіқабатты ғимарат 1984 жылы салыныпты. Нысан күрделі жөндеуді қажет ет­пей ме?

– 1998 жылы балабақша есебін­де қолданысқа берілген. Жылыту, су­мен жабдықтау, кәріз жүйесі орта­лықтандырылған. Балабақшаның жыл­дық қоры – 199684000 теңге. Ата-аналардың айлық төлем мөлше­рі – 13400-13800 теңге мөлшерінде. Ше­шімін таппай келе жатқан мәселелер – шатырын жөндеу және жаңа жиhаз сатып алу.

Басты қызметім қанша қауырт бол­са да, сайлаушылар үшін уақыт табу, олардың құқығын қорғау, мақ­сат-мүддесіне қол жеткізуге ықпал жасау – міндетіміз. 2020 жылы ау­дандық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде Кладбинка ауылына барған кездесу есімде қалыпты. Он­дағы тұрғындардың бірі – Роза Анд­рееваны елді мекендердегі кітапха­на жайы толғандыратын болып шық­ты. Білім мен мәдениетке қатысты басқа да түйткілді проблемалар, бұ­дан бөлек, жарық, ауызсу, жол мәсе­лелері көтерілді. Аудандық мәсли­хат­та 11 депутат болса, 9-ы, яғни ама­наттықтар депутаттық фракцияға біріге отырып әрі “Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!” сайлау­алды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатымен бірталай қоғамдық жұ­мыстардың басы қайрылды. Мәсе­лен, Казанка ауылына кіреберіс автожол (12,5 шақырым) қалпына кел­тірілді. Петровка – Жаңажол ав­тожол бөлігі (11 шақырым) аяқталды. Пресновка, Благовещенка, Кладбин­ка, Қайранкөл, Троицкіде ауылішілік жолдар жөнделді. Сөз арасында төр­тінші деңгейлі бюджеттің мол әсері тигенін айта кеткен жөн.

– Партиялас әріптестеріңіздің белсенділігін қалай бағалайсыз?

– Фракция мүшелері жыл сайын “Мектепке жол” акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасы­ларға үнемі көмектеседі. Р.Асхабов көпбалалы отбасыға пәтер сыйлады. О.Адам Казанкаға су құбыры құры­лыстарын жүргізу үшін жобалық сме­талық құжаттарын рәсімдеді. Р.Асха­бов, Қ.Айтжанов үшеуіміз бірігіп, С.Мұқанов көшесі бойындағы жол­дарды жөндеуге, инертті материал­дар төсеуге ықпал еттік. Жамбыл мек­тебіне су сорғысын орнатуға атсалыс­тық. Қожаберген жырау атындағы мектепке жылыжай салынды. Ата-аналардың “Айнагүл” бөбекжай-бақ­шасы жанынан көлік тұрағын қою туралы өтініші қанағаттандырылды. Жеке қабылдауға Ғ.Смаилова, А.Рисс, А.Ергенбаева, тағы басқала­ры келіп, балабақшаға төлем, азық-түлікке қатысты тілектері орындалды. “Ардагерлерді ардақтайық!” пар­тиялық жобасы шеңберінде Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арнал­ған ескерткіш жөнделіп, қоныс аударушылардың баспаналарға тиісті құжаттары әзірленді. Баян ауылынан Б.Мұхамедқалиеваның сәбиіне сүт қоспасы жеткізілді. Көпбалалы отбасылар үшін “Тегін такси” акциясы ұйымдастырылды. “Дары соленого” дүкеніндегі қайырымдылық сөрелері­не тегін нан және нан-тоқаш, тағы бас­қа азық-түлік түрлері қойылды. Жол, су, жарық мәселелері де біртіндеп шешімін тауып келеді.

– Кей проблемалар дер кезінде шешілмей тұрғындардың орынды ренішін, тіпті ашу-ызасын туды­рып жатады деп айтып қалдыңыз. Оның себептерін айтып берсеңіз?

– Депутаттар мен фракция мүше­лері билікке көпшіліктің үнін жеткі­зетін ықпалды буын саналатындық­тан, шама келсе, осы талап деңгейінен көрінуге тырысып, өзекті мәселелер бо­йынша тиісті орындарға қоңыраула­тып, дабыл қағып жатады. Осындай сын сағатта кейбір шенеуніктердің беті бері бұрыла бермейді. Небір сыл­тауларды алға тартып, бюрократтық кедергілерді қолдан жасап жатады. Айтылған сын-ескертпелерді дұрыс қабылдап, тиісті қорытынды шығару­дың орнына нақты фактілермен дә­лелденіп тұрса да, мойындауды ар, намыс көретін сықылды. Соңыңа шам алып түсіп, қызметтік беделімен мысты басып тастаудан именбейді. Партияның кезектен тыс ХХІ cьезі тү­гелдей жаңғыруға, жаңаруға арнал­ды. Саяси ұйымның ең жоғары фору­мында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы депутаттардың азаматтар­мен тікелей кездесуінің маңыздылы­ғын ерекше атап көрсеткенін лауа­зымды тұлғалардың ескере бермей­тіні өкінішті. Бүгінде сайлаушылар­мен тікелей диалог құрудың, тұрақты түрде жүздесудің, нақты мәселелерді қамтып, жергілікті проблемаларды ашық көрсетудің мәні айрықша. Партия – жұртшылықты ортақ мақ­сатқа жұмылдыра білетін үлкен сая­си күш десек, оның мүшелері пай­далы бастамалар көтеріп жатса, бә­ріміз ұтамыз. Қоғам мен билік ара­сындағы тығыз әріптестік қарым-қатынас саяси, қоғамдық ұйымдар арқылы жалғасатынын, берген уәде­нің ойдағыдай орындалуы сөзбен емес, іспен айқындалатынын түсіне­тін мезгіл жетті. Бұрын жіберілген қа­теліктерді қайталамай, жаңа Қазақ­стан құрудың талабына үйлесетін бағыт жергілікті билік тарапынан да нақты қолдауға ие болуы тиіс.

Мені мына жайт қайран қалдыра­ды. Атқарылған жұмыстарымызды әлеуметтік желілерде көрсетсек, кейбіреулер “хайп”, “популизм” деп келемежге айналдырады. Бұл да – әр депутаттың халық алдындағы есебі­нің бір түрі емес пе?

– Қайсарлық, бірбеткейлік, кемші­лікке төзбеу, шындықты ашық айту қасиеті кімнен жұққан?

– Әкемнің “Қызым Әлияға” деген өлеңінде “Еркелікке салынып, Төбе­лес салдың сен, қызым. Қызбалаша киінбей, Шығардың айғай сен, қы­зым”, деген шумақтар бар. Соған қа­ра­ғанда, бетімнен қақпай өсірген тә­різді. “Оқуыңды жалғастыр, жаман­дық­тан аулақ жүр, шыншыл бол, халқыңа пайда келтір” деген ақылын жастайымнан санама сіңіріп өсірді. Әкем Темірболат Омбының “Совпарт­школасын” үздік аяқтаған соң елге оралды. “Сарыадыр” кеңшарын құрып, басшылық етті. Арғы атасы Айтжан Омбы қаласында тілмаштық қызмет атқарған. Бергі аталары Нұр­мағамбет ел ағасы атанса, Ешмұхам­бет дін жолын таңдаған. Қазақтың атын шығарған Батыр Баянның ұр­пағы болғандықтан, өр мінезділігім бабама тартқан болар.

– Әлде аудандық мәслихат пен Пресновка ауылдық округ әкіміне қарата айтқан сындарыңыз шенеу­ніктердің шымбайларына батып кетті ме?

– Ол да мүмкін. Бірақ облыстық мемлекеттік ішкі аудит департамен­тінің тексерісі нәтижесінде бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау факті­ле­рінің анықталғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Осы олқылықтар үшін қос бухгалтер жұмыстан шетте­тілді. Бірақ кінәлі басшылар жазасыз қалды. Бөлінген қаржының орынды жұмсалуы мен атқарылған жұмыстың сапасын қадағалауға аудандық мәс­лихат депутаттары да, фракция мү­шелері де толық мүдделі, құқылы. Оған ренжитін жөндері жоқ. Аудан әкімі де сынға алған болатын.

– 12 қаңтарда партияның ау­дан­дық филиалының ХХХVІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Қаулыда “аудандық мәслихаттағы партиялық фракцияның 2021-2022 жылдардағы есебі қанағаттанар­лық деп табылсын” деген жолдар бар. Сіз есеп бердіңіз бе?

– Қайдағы… Шақырған да жоқ. Ме­нен бөлек, Қ.Айтжанов пен А.Ома­рова да шақырудан тыс қалды.

– Неге?

– Ақиқатты ашық айтқанымызды жақтырмаған болу керек. Әлде, тағы бір нәрсені “бүлдіреді” деп қауіптен­ген шығар? Бұдан түйгенім, аудан бас­шылары жеке бастың өкпе-реніш­те­рін мемлекеттік мәселелерге ара­ластырып отыр деген сөз.

Президент еліміздің жаңа Қазақ­станды құру жөніндегі ауқымды мін­деттерді орындауға кіріскенін мәлім­дегені мәлім. Алдымызда мемле­кетіміздің болашақ тағдырын шеше­тін аса маңызды әрі ауқымды жұмыс­тар тұр. Ол үшін өзгерістерді алды­мен өзімізден бастауымыз керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы айқындап берген басым бағыттың бірі – бюро­кратия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту, мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандан­дыру, яғни диалог алаңдарын ұйым­дастыру міндетін өздеріне алып, олардың жұмыс қорытындысы бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу. За­ман, қоғам, адам, партия өзгеріп жатқанда жергілікті билік орында­рының да жаңалыққа бет бұруы – заң­дылық. Мемлекет басшысы “Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жү­зіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұр­ған азаматтар өз орындарын дарын­сыз функционерлерге беруге мәжбүр болды” деген талаптың бәрімізге қа­тысы бар.

– Шындықты шырылдатып ай­тып, шырайын келтірген әрекетте­ріңіз үшін ертең аяқтан шалып, негізгі қызметіңізге кедергі келтіреді деп қорықпайсыз ба?

– Не үшін? Оған ешқандай айғақ-дәлелдер көріп отырған жоқпын. Жал­пы болмысым сол, біреудің көлең­кесінде жүріп, өмір сүргенді қаламай­мын. Шындықты айту – қаныма сіңген қасиет.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp