«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАН МЕН МАНДЕЛЬШТАМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Белгілі қаламгер, жазушы-тарихшы Амантай Сатаевтың артында біраз әдеби мұра қалған. Оның ішінде Мағжан Жұмабаевқа қатысты эссесі назар аударарлық. Оған Мағжан Жұмабаев пен орыс ақыны Осип Мандельштамның жақын та­ныс болғаны жөнінде өткен ғасыр­дың елуінші жылдарының аяғында жазушы Зейін Шашкин әңгімелеп берген. Осип Мандельштам – ХХ ға­сырдағы орыс поэзиясының ірі өкілі, 1938 жылы Қиыр Шығыста айдауда жүріп қайтыс болған. З.Шашкин 1934 жылы Мәскеудегі баспа-редакция инсти­тутына оқуға түседі. КСРО жа­зушы­ларының І съезіне қызу да­йын­дық жүріп жатқан кезде Мәскеу көше­лерінің бірінде әпенділеу бір адам­мен ойда-жоқта жолығысып қалады. Әлгі адамның сырт бейнесі біртүрлі көрінеді: шалқая біткен тәкаппарлау басын төмен қарамасын деп әдейі орната салған секілді, екі көзі бұлт­тардан әрі асып, ғарыш әлемінен бір­деңе іздеп жүргендей сонау шырқау көкке тігілген… Әлгіге жай ғана көз тастап, әрі қарай жүре берген Зейінді “Ай, казах!” – деген дауыс еріксіз тоқ­татады. Оның орыстарға тән әдет­пен “ей” деп емес, “ай” деп тіл қатқа­ны селт еткізеді. Қазақтар өздеріне етене таныс адамдарға ғана осылай дейтін. Зейін аялдап, мойын бұрады.

– Сен қазақсың ба? Өзім де солай ойлағам, сен қазақ шығарсың деп… және біздің Магаға аздап ұқ­сайды екенсің

– Қандай Магаға? – дейді түкке түсінбеген Зейін.

– Сен не, Мағжан Жұмабаевты білмейсің бе? – деп сұрайды “әпен­ді” кісі енді бұған сәл қабақ түйе қа­рап.

– Мағ… Мағжан… Әрине, білем, бірақ кездеспеп едік…

– Таңғалам! – деді әлгі адам, – Оны бәрі біледі, бірақ тек аты-жөнін ғана. Солай ма?! “Басы аспанға қараған” әлгінің даусы бұрынғыдан да қатқылдау шығады.

– Сіз өзіңіз кім боласыз? – дейді Зейін қарсы сұрақ қойып.

– Мен? Мандельштаммын. Бай­қаймын, сен біздің Маганың атын атауға да қорқатын сияқтысың… сау бол, қазақ, – деген “әпенді” өз жөніне кете барады.

Зейін осыдан кейін бұл адамды Мәскеуде қайтып кездестіре алмайды. Бірақ Мандельштам деген сирек кездесетін фамилия есінде біржола қалып қояды. Оны таңғалдырған фамилиясы емес, сол кезде екінің бірі айтуға батылы бара бермейтін қазақ ақынының атын қорықпай атауы еді. Осылай күтпеген жерден Мағжан есімін алғаш рет Мәскеудегі орыс ақынының аузынан естиді.

Зейін аға Амантай Сатаевқа сәл ойлана қарап, арасында жөтел қы­сып алқынып, ұзақтау үзіліс жасап, әңгімесін әрі қарай жалғастырады.

– Қазір нақты есімде жоқ, Ле­нин­градтан ба, әлде, Одессадан ба екен, бір әдебиетші өте құпия түрде Ман­дельштамның бір қазақ ақыны­мен дос болғанын және оның Мағ­жанға арнаған екі жол экспромтын айтып берген еді. Соның бір жолы ға­на есімде қалыпты, былай баста­ла­ды: “Ну что, Магазин Дукенович, на ули­це темно?”. Мен дереу әлгіні тү­зет­­тім: “Магазин Дукенович емес, Мағ­­жан Бекенович. Иә, бізде ондай ақын болған фамилиясы – Жұма­баев”. Шамам келгенше мен оған Мағ­­жан туралы, ол маған Ман­дельш­тамның кім болғанын тү­сіндірді.

Жетпісінші жылдардың басында А.Сатаев белгілі қаламгер Қайнекей Жармағамбетовпен кездесіп қала­ды. Ол кісі тағы бір проза шебері Ғабдол Слановпен досжар екен. Қай­некей екеуін үйіне шақырып, ертеректе Семейде шыққан “Абай” журналын көрсетпекші болады. Бұ­лар бүгінгі Абылай хан мен Абай кө­шелерінің қиылысындағы пәтерге барады. Бойдақ адам тұратын үйдің жайы белгілі, бірақ кітаптың көптігі қайран қалдырады. Араларында оқуға тыйым салынған еңбектер де бар. Қайнекей революцияға дейін шыққан “Айқап”, “Абай” “Шура” жур­налдарын көрсетеді. Кенет кітап сө­ресінің ең түкпіріне қолын сұғып, жұ­қалау бір кітапты алып, Ғабдолға ұсынады. Кітаптың сыртындағы “Шолпан”, 1912, Қазан” деген жазу көздеріне оттай басыла кетеді.

– Апырмай, Қайнекей, кітапха­наң айтарлықтай-ақ екен, – дейді Ғабдол сүйінішін жасыра алмай. Со­сын Амантайға сынай қарап: – Мағ­жан деген ақынды естіп пе едің? – деп сұрайды.

Амантай ақын есімі бала күнінен таныс екенін, әкесінің ағасы Абақан Қызылжарда Мағжан директор боп тұрған мұғалімдердің қысқамерзімді курсында тыңдаушы болғаны үшін зардап шеккенін айтады. Мағжан 1936 жылы айдаудан босап, туыста­рын аралап елге келгенде Степняк­тағы мұғалімдер дастарқан жайып, Абақан да бірге болған.

Екі қаламгер ағасымен кездесіп, небір құпия әңгімелерге қаныққан жас Амантай Мағжан ақынның тұң­ғыш өлеңдер жинағын, “Абай” жур­налын көзімен көріп, қолымен ұстап, төбесі көкке жеткендей болады. Олардың сөзін үнсіз тыңдап отырған Қайнекей Мағжанның кітабын қо­лына алып:

– Мәскеу оның қадірін біліп еді, түбіне жеткен – өзіміздің қазақтар. Арынды ақынның жалынды жыр­лары қазақ автономиясындағы көп адамдарға ұнай қоймады. Ол Ва­лерий Брюсовпен, Сергей Есенин­мен, Осип Мандельштаммен, Все­волод Рождественскиймен, Михаил Светловпен етене сыйласты. Орыс классиктерінен Мамин-Сибирякты, Максим Горькийді, Ертіс бойынан шыққан жерлесіміз Всеволод Ива­нов­ты аударды, – деп ауыр күрсінді.

Мәскеуде комсомолдың жоғарғы мектебінде оқыған Қайнекей бос уа­қытының көбін КСРО Жазушылар ода­ғының ғимаратында өткізген. Сол жердегі газет-журнал редакция­ла­ры­­на барып тұрған. Кез келген кісі­мен тіл тапқыш Қайнекең көпте­ген орыс ақындарымен тонның ішкі ба­уындай араласқан. Олар да оны ба­уырына тартып, “Казах Кано” деп атап кеткен. М.Светловтың сол кезде аттарын атау­ға болмайтын біраз қа­зақ ақын­дарын танитыны тәнті ет­кен. Әңгіме орыс поэзия­сын­да “күміс ғасыр” атан­ған жиырма­сын­шы жыл­дардың ор­тасындағы әде­биет тари­хына ауыс­қанда Ми­хаил Ар­кадьевич Мағ­жан туралы біраз оқи­ғаларды еске алған.

– Қазақтың Мағжан Жұмабаев деген үлкен ақынын Брюсовтың өзі мақтайтын. Небір атағы бар, қыңыр мінезді орыс ақындарының өзі Мағжаннан ығысып, жол беретін, мысы басып тұратын. Осип Ман­дельштам: “Осы бір дала ақынының Пегасы әрқашан ерттеулі. Қараң­даршы, ол адам емес, кентавр се­кілді. Оның астында поэзияның ар­ғымағы ойнақ салады”, – дейтін. Мағ­жанды Мандельштам “Маг”, ал мен “Жан” деп атадым. Ол бізге қаржы­лай көмек те жасап жүрді. Кафелер мен трактирлердегі шығынның бәрін ол өзі көтеретін. Мағжанның мына­дай бір әдеті есімнен кетпейді. Осип Эмильевичті көргенде дереу оның:

“Я больше не ревную,

Но я тебя хочу.

И сам себя несу я,

Как жертву палачу.

Тебе не назову я

Ни радость, ни любовь.

На дикую, чужую,

Мне подменили кровь”, – деген өлеңін оқи жөнелетін. Мандельш­там: “Как наш Маг магически читает мои стихи!” – деп, балаша мәз бо­латын.

Шынында да, Мағжан кез келген ақынның өлеңдерін асқан шеберлікпен оқитын. Тағы бірде Ман­дельш­тамды құшағына алып, бір өлеңін сыбырлай оқыды:

“Поедем в Царское село!

Там улыбаются мещанки,

Когда гусары после пьянки,

Садятся в крепкое седло…

Поедем в Царское село!”

Одноэтажные дома,

Где однодумы-генералы,

Свой коротают век усталый,

Читая “Ниву” и Дюма…

Особняки – а не дома!”.

– Маг, Құдай біледі, осы өлеңді жазған мен емес, сен секілдісің, – деген Мандельштам бізді жақын маңдағы кафелердің біріне бастай жөнелетін.

Атақты “Гренада” мен “Каховка­ның” авторы Михаил Светлов бірде Қайнекейге:

– Сендердің үлкен ақындарыңа арнаған Осип Эмильевичтің алты жол экспромты туралы айтсам, қа­лай қарайсың? – деп сұрайды. Бұған Қайнекейдің балаша қуанғаны сон­шалық, даяшыны шақырып, грузин­ның “Телиани” шарабына тапсырыс береді. Михаил Аркадьевич сәл ой­ланып: – Былай келісейік, қалам мен блокнотты қолыңа алма. Алты жол өлеңді өзбектер айтқандай “кәл­ләңә” сыйғыза алмайсың ба? Менің курстасым Мағжан мен Мандельш­тамның шығармаларын жариялауға рұқсат жоқ. Сондықтан естігеніңді миыңа жазуға тырыс, – деп сөзін жалғастырады.

– Мандельштамның туысқан рес­публикалардан шыққан әдебиет­ші­лерге жоғарыдан қарайтын өркөкі­рек­тігі бар еді. Алайда Мағжаннан екі жас үлкен бола тұра, оны ұстазы секілді құрметтейтін. Екеуі “Стойло Пегаса”, “Домино” деген ақындар кө­біне бас қосатын кафелерде жиі жо­лы­ғысатын. Бірде бір топ адам ка­феде ұзақ отырып, түн ортасы ауа шы­ғады. Көшелер тастай қараңғы. Бә­­ке­не бойлы, әлжуаздау Ман­дельш­там қазақ ақынын қолтығынан алып:

“Ну что, Магжан Бекенович,

На улице темно?.. – дейді.

Мағжан басын әнтек көтеріп, жұлдызды аспанға қарап, әрі қарай жалғап әкетеді:

“Чудовищна, – как броненосец в доке,

Россия отдыхает тяжело”.

– Керемет өлеңдер жазады осы Осип – Хлестаковтың қызметшісі, ә? – деп әзілдеп қояды.

Мандельштам кілт тоқтап:

“Стоп, Магжан Кукенович,

Под ногами дерьмо…”.

Мағжаннан бастап, барлығы аяқ­тарының астына қарайды. Ештеңе байқалмайды.

Мәз болған Мандельштам әрі қарай жалғайды:

“Пойдем, Магжан Мукенович,

Нам-то все равно”..”.

Мандельштам Құдайдың өзі жа­рат­қан экспромттың хас шебері бол­ған. Кейде шабытқа мінгенде қазақ­тың ақыны секілді босаған шишаны көлденең ұстап, ұйқасын келтіріп, әндете жөнелетін. Не керек, “қалам­дас достары” оның да түбіне жетіп тынды. Әдебиеттегі оңбағандар мен рухани құбыжықтардың жүрмейтін жері жоқ қой, олар әлі де тынышта­лар емес… Осы “рухани құбыжықтар” (духовные мутанты) деген тіркесті Мағжан жиі қайталауды ұна­татын. Біз оның өмірдегі кейбір құбылыстарды бірауыз сөзбен дәл бейнелейтініне таңғалатынбыз.

…Барлығы осы Мандельштамның Мағжанға арнаған алты жол экспромтынан басталған сияқты. Уақыт өте келе осы экспромттың не­гізінде өзінің белгілі “Жил Александр Герцович, еврейский музыкант” ат­ты өлеңін жазады. Оның астындағы датасы – 1931 жыл, 27 наурыз. Бұл уақытта Мағжанның аты-жөні кеңес әдебиетінен біржола өшіріліп, өзі айдаудың қамытын киіп, түрмеден-түрмеге көшіп жүрген. Қос ақынның тағдыры бір-біріне ұқсас, екі реттен сотталған, кеңес билігінің қуғын-сүргінін аяусыз көрген. Екі ұлттың шығармашылық тұлғасы ретінде көрмеген азабы жоқ десе де болады.

Иә, ұзақ жылдар бойы Мағжан­ның атын атауға, ол туралы жазуға бол­­мады. Осыдан шығар, Ман­дельштамның әйелі Надежда Яков­левна өзінің естеліктерінің бірінде Лубянканың (түрменің) дәлізінде үс­ті-басы қанға боянған бір “қытайлық­ты” көргенін сипаттайды. Мүмкін, ол осы бір ғана штрихпен күйеуінің до­сы, қазақтың ұлы ақынының бей­несін жадында қайтадан оятқысы келген шығар? Лубянкада көрген “қы­тай­лық” туралы жазғанда осыны ой­лады ма екен, кім білсін? Себебі “қы­тайлық” деген сөз тырнақшаға алынған.

Сайлау БАЙБОСЫН,

ақын, журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp