Белгілі қаламгер, жазушы-тарихшы Амантай Сатаевтың артында біраз әдеби мұра қалған. Оның ішінде Мағжан Жұмабаевқа қатысты эссесі назар аударарлық. Оған Мағжан Жұмабаев пен орыс ақыны Осип Мандельштамның жақын таныс болғаны жөнінде өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында жазушы Зейін Шашкин әңгімелеп берген. Осип Мандельштам – ХХ ғасырдағы орыс поэзиясының ірі өкілі, 1938 жылы Қиыр Шығыста айдауда жүріп қайтыс болған. З.Шашкин 1934 жылы Мәскеудегі баспа-редакция институтына оқуға түседі. КСРО жазушыларының І съезіне қызу дайындық жүріп жатқан кезде Мәскеу көшелерінің бірінде әпенділеу бір адаммен ойда-жоқта жолығысып қалады. Әлгі адамның сырт бейнесі біртүрлі көрінеді: шалқая біткен тәкаппарлау басын төмен қарамасын деп әдейі орната салған секілді, екі көзі бұлттардан әрі асып, ғарыш әлемінен бірдеңе іздеп жүргендей сонау шырқау көкке тігілген… Әлгіге жай ғана көз тастап, әрі қарай жүре берген Зейінді “Ай, казах!” – деген дауыс еріксіз тоқтатады. Оның орыстарға тән әдетпен “ей” деп емес, “ай” деп тіл қатқаны селт еткізеді. Қазақтар өздеріне етене таныс адамдарға ғана осылай дейтін. Зейін аялдап, мойын бұрады.
– Сен қазақсың ба? Өзім де солай ойлағам, сен қазақ шығарсың деп… және біздің Магаға аздап ұқсайды екенсің
– Қандай Магаға? – дейді түкке түсінбеген Зейін.
– Сен не, Мағжан Жұмабаевты білмейсің бе? – деп сұрайды “әпенді” кісі енді бұған сәл қабақ түйе қарап.
– Мағ… Мағжан… Әрине, білем, бірақ кездеспеп едік…
– Таңғалам! – деді әлгі адам, – Оны бәрі біледі, бірақ тек аты-жөнін ғана. Солай ма?! “Басы аспанға қараған” әлгінің даусы бұрынғыдан да қатқылдау шығады.
– Сіз өзіңіз кім боласыз? – дейді Зейін қарсы сұрақ қойып.
– Мен? Мандельштаммын. Байқаймын, сен біздің Маганың атын атауға да қорқатын сияқтысың… сау бол, қазақ, – деген “әпенді” өз жөніне кете барады.
Зейін осыдан кейін бұл адамды Мәскеуде қайтып кездестіре алмайды. Бірақ Мандельштам деген сирек кездесетін фамилия есінде біржола қалып қояды. Оны таңғалдырған фамилиясы емес, сол кезде екінің бірі айтуға батылы бара бермейтін қазақ ақынының атын қорықпай атауы еді. Осылай күтпеген жерден Мағжан есімін алғаш рет Мәскеудегі орыс ақынының аузынан естиді.
Зейін аға Амантай Сатаевқа сәл ойлана қарап, арасында жөтел қысып алқынып, ұзақтау үзіліс жасап, әңгімесін әрі қарай жалғастырады.
– Қазір нақты есімде жоқ, Ленинградтан ба, әлде, Одессадан ба екен, бір әдебиетші өте құпия түрде Мандельштамның бір қазақ ақынымен дос болғанын және оның Мағжанға арнаған екі жол экспромтын айтып берген еді. Соның бір жолы ғана есімде қалыпты, былай басталады: “Ну что, Магазин Дукенович, на улице темно?”. Мен дереу әлгіні түзеттім: “Магазин Дукенович емес, Мағжан Бекенович. Иә, бізде ондай ақын болған фамилиясы – Жұмабаев”. Шамам келгенше мен оған Мағжан туралы, ол маған Мандельштамның кім болғанын түсіндірді.
Жетпісінші жылдардың басында А.Сатаев белгілі қаламгер Қайнекей Жармағамбетовпен кездесіп қалады. Ол кісі тағы бір проза шебері Ғабдол Слановпен досжар екен. Қайнекей екеуін үйіне шақырып, ертеректе Семейде шыққан “Абай” журналын көрсетпекші болады. Бұлар бүгінгі Абылай хан мен Абай көшелерінің қиылысындағы пәтерге барады. Бойдақ адам тұратын үйдің жайы белгілі, бірақ кітаптың көптігі қайран қалдырады. Араларында оқуға тыйым салынған еңбектер де бар. Қайнекей революцияға дейін шыққан “Айқап”, “Абай” “Шура” журналдарын көрсетеді. Кенет кітап сөресінің ең түкпіріне қолын сұғып, жұқалау бір кітапты алып, Ғабдолға ұсынады. Кітаптың сыртындағы “Шолпан”, 1912, Қазан” деген жазу көздеріне оттай басыла кетеді.
– Апырмай, Қайнекей, кітапханаң айтарлықтай-ақ екен, – дейді Ғабдол сүйінішін жасыра алмай. Сосын Амантайға сынай қарап: – Мағжан деген ақынды естіп пе едің? – деп сұрайды.
Амантай ақын есімі бала күнінен таныс екенін, әкесінің ағасы Абақан Қызылжарда Мағжан директор боп тұрған мұғалімдердің қысқамерзімді курсында тыңдаушы болғаны үшін зардап шеккенін айтады. Мағжан 1936 жылы айдаудан босап, туыстарын аралап елге келгенде Степняктағы мұғалімдер дастарқан жайып, Абақан да бірге болған.
Екі қаламгер ағасымен кездесіп, небір құпия әңгімелерге қаныққан жас Амантай Мағжан ақынның тұңғыш өлеңдер жинағын, “Абай” журналын көзімен көріп, қолымен ұстап, төбесі көкке жеткендей болады. Олардың сөзін үнсіз тыңдап отырған Қайнекей Мағжанның кітабын қолына алып:
– Мәскеу оның қадірін біліп еді, түбіне жеткен – өзіміздің қазақтар. Арынды ақынның жалынды жырлары қазақ автономиясындағы көп адамдарға ұнай қоймады. Ол Валерий Брюсовпен, Сергей Есенинмен, Осип Мандельштаммен, Всеволод Рождественскиймен, Михаил Светловпен етене сыйласты. Орыс классиктерінен Мамин-Сибирякты, Максим Горькийді, Ертіс бойынан шыққан жерлесіміз Всеволод Ивановты аударды, – деп ауыр күрсінді.
Мәскеуде комсомолдың жоғарғы мектебінде оқыған Қайнекей бос уақытының көбін КСРО Жазушылар одағының ғимаратында өткізген. Сол жердегі газет-журнал редакцияларына барып тұрған. Кез келген кісімен тіл тапқыш Қайнекең көптеген орыс ақындарымен тонның ішкі бауындай араласқан. Олар да оны бауырына тартып, “Казах Кано” деп атап кеткен. М.Светловтың сол кезде аттарын атауға болмайтын біраз қазақ ақындарын танитыны тәнті еткен. Әңгіме орыс поэзиясында “күміс ғасыр” атанған жиырмасыншы жылдардың ортасындағы әдебиет тарихына ауысқанда Михаил Аркадьевич Мағжан туралы біраз оқиғаларды еске алған.
– Қазақтың Мағжан Жұмабаев деген үлкен ақынын Брюсовтың өзі мақтайтын. Небір атағы бар, қыңыр мінезді орыс ақындарының өзі Мағжаннан ығысып, жол беретін, мысы басып тұратын. Осип Мандельштам: “Осы бір дала ақынының Пегасы әрқашан ерттеулі. Қараңдаршы, ол адам емес, кентавр секілді. Оның астында поэзияның арғымағы ойнақ салады”, – дейтін. Мағжанды Мандельштам “Маг”, ал мен “Жан” деп атадым. Ол бізге қаржылай көмек те жасап жүрді. Кафелер мен трактирлердегі шығынның бәрін ол өзі көтеретін. Мағжанның мынадай бір әдеті есімнен кетпейді. Осип Эмильевичті көргенде дереу оның:
“Я больше не ревную,
Но я тебя хочу.
И сам себя несу я,
Как жертву палачу.
Тебе не назову я
Ни радость, ни любовь.
На дикую, чужую,
Мне подменили кровь”, – деген өлеңін оқи жөнелетін. Мандельштам: “Как наш Маг магически читает мои стихи!” – деп, балаша мәз болатын.
Шынында да, Мағжан кез келген ақынның өлеңдерін асқан шеберлікпен оқитын. Тағы бірде Мандельштамды құшағына алып, бір өлеңін сыбырлай оқыды:
“Поедем в Царское село!
Там улыбаются мещанки,
Когда гусары после пьянки,
Садятся в крепкое седло…
Поедем в Царское село!”
Одноэтажные дома,
Где однодумы-генералы,
Свой коротают век усталый,
Читая “Ниву” и Дюма…
Особняки – а не дома!”.
– Маг, Құдай біледі, осы өлеңді жазған мен емес, сен секілдісің, – деген Мандельштам бізді жақын маңдағы кафелердің біріне бастай жөнелетін.
Атақты “Гренада” мен “Каховканың” авторы Михаил Светлов бірде Қайнекейге:
– Сендердің үлкен ақындарыңа арнаған Осип Эмильевичтің алты жол экспромты туралы айтсам, қалай қарайсың? – деп сұрайды. Бұған Қайнекейдің балаша қуанғаны соншалық, даяшыны шақырып, грузинның “Телиани” шарабына тапсырыс береді. Михаил Аркадьевич сәл ойланып: – Былай келісейік, қалам мен блокнотты қолыңа алма. Алты жол өлеңді өзбектер айтқандай “кәлләңә” сыйғыза алмайсың ба? Менің курстасым Мағжан мен Мандельштамның шығармаларын жариялауға рұқсат жоқ. Сондықтан естігеніңді миыңа жазуға тырыс, – деп сөзін жалғастырады.
– Мандельштамның туысқан республикалардан шыққан әдебиетшілерге жоғарыдан қарайтын өркөкіректігі бар еді. Алайда Мағжаннан екі жас үлкен бола тұра, оны ұстазы секілді құрметтейтін. Екеуі “Стойло Пегаса”, “Домино” деген ақындар көбіне бас қосатын кафелерде жиі жолығысатын. Бірде бір топ адам кафеде ұзақ отырып, түн ортасы ауа шығады. Көшелер тастай қараңғы. Бәкене бойлы, әлжуаздау Мандельштам қазақ ақынын қолтығынан алып:
“Ну что, Магжан Бекенович,
На улице темно?.. – дейді.
Мағжан басын әнтек көтеріп, жұлдызды аспанға қарап, әрі қарай жалғап әкетеді:
“Чудовищна, – как броненосец в доке,
Россия отдыхает тяжело”.
– Керемет өлеңдер жазады осы Осип – Хлестаковтың қызметшісі, ә? – деп әзілдеп қояды.
Мандельштам кілт тоқтап:
“Стоп, Магжан Кукенович,
Под ногами дерьмо…”.
Мағжаннан бастап, барлығы аяқтарының астына қарайды. Ештеңе байқалмайды.
Мәз болған Мандельштам әрі қарай жалғайды:
“Пойдем, Магжан Мукенович,
Нам-то все равно”..”.
Мандельштам Құдайдың өзі жаратқан экспромттың хас шебері болған. Кейде шабытқа мінгенде қазақтың ақыны секілді босаған шишаны көлденең ұстап, ұйқасын келтіріп, әндете жөнелетін. Не керек, “қаламдас достары” оның да түбіне жетіп тынды. Әдебиеттегі оңбағандар мен рухани құбыжықтардың жүрмейтін жері жоқ қой, олар әлі де тынышталар емес… Осы “рухани құбыжықтар” (духовные мутанты) деген тіркесті Мағжан жиі қайталауды ұнататын. Біз оның өмірдегі кейбір құбылыстарды бірауыз сөзбен дәл бейнелейтініне таңғалатынбыз.
…Барлығы осы Мандельштамның Мағжанға арнаған алты жол экспромтынан басталған сияқты. Уақыт өте келе осы экспромттың негізінде өзінің белгілі “Жил Александр Герцович, еврейский музыкант” атты өлеңін жазады. Оның астындағы датасы – 1931 жыл, 27 наурыз. Бұл уақытта Мағжанның аты-жөні кеңес әдебиетінен біржола өшіріліп, өзі айдаудың қамытын киіп, түрмеден-түрмеге көшіп жүрген. Қос ақынның тағдыры бір-біріне ұқсас, екі реттен сотталған, кеңес билігінің қуғын-сүргінін аяусыз көрген. Екі ұлттың шығармашылық тұлғасы ретінде көрмеген азабы жоқ десе де болады.
Иә, ұзақ жылдар бойы Мағжанның атын атауға, ол туралы жазуға болмады. Осыдан шығар, Мандельштамның әйелі Надежда Яковлевна өзінің естеліктерінің бірінде Лубянканың (түрменің) дәлізінде үсті-басы қанға боянған бір “қытайлықты” көргенін сипаттайды. Мүмкін, ол осы бір ғана штрихпен күйеуінің досы, қазақтың ұлы ақынының бейнесін жадында қайтадан оятқысы келген шығар? Лубянкада көрген “қытайлық” туралы жазғанда осыны ойлады ма екен, кім білсін? Себебі “қытайлық” деген сөз тырнақшаға алынған.
Сайлау БАЙБОСЫН,
ақын, журналист.