С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана қоры тағы мың кітаппен толықты. Руханият ордасында арнайы көрме ұйымдастырылып, жаңа жинақтар оқырманға таныстырылды.
Кітаптар қорға мемелекетаралық гуманитарлық әріптестік қоры аясында әкелініпті. Олардың көбі “Орта білім беру ұйымдарына”, “Кәсіби техникалық білім”, “ЖОО-ларға арналған оқулықтар” жобаларының аясында жарық көрген. “100 жаңа оқулық” аясында ғылымға құмар оқырмандар гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік еңбектерді ана тілімізде оқи алады. Сонымен қатар тіл үйренушілерге араб, қытай, түрік, ағылшын тілдерін түсінуге мүмкіндік беретін топтамалар да бар. Үлкен көрменің бір бөлігін қазақ қаламгерлерінің туындылары алып жатыр. Олардың ішінде тәуелсіздік жылдарындағы әдебиеттің үлесі басым. Балаларға арналған түрлі ертегі, комикстер де аз емес.
Жаңа туындылардың біраз бөлігі кәсіп бастаушыларға, өз бизнесін дамытушыларға арналған. Тұлғалық даму жолын таңдағандарға арналып, түрлі бағыттағы психологиялық әдебиеттер де көптеп жеткізіліпті.
Мұндай көрмелер кітапхана қабырғасында әр тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Кітапхана қызметкерлері: “Оқырман назарына ұсынылған мың кітаптың әрқайсысы туралы айтып жату мүмкін емес, ең дұрысы тұрғындар жаңа әдебиеттерді өздері келіп тамашалағаны жөн”, – дейді.