№2 түзету мектеп-интернатында есімі республика жұртшылығына жақсы таныс қоғам қайраткері, жерлесіміз Ніл Болатбаевты еске алуға арналған шара өтті. Құрметті қонақ ретінде шақырылған марқұмның ұлы Қадырбек Нілұлы әкесі жайлы естеліктерімен бөлісті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерінің өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін слайдтар мен фильмдер көрсетілді.
Ніл Адғамұлының туған жері – Қарағанды облысы. 1941 жылы армия қатарына алынып, неміс фашистеріне қарсы соғысқа қатысқан. Қанды шайқастардың бірінде ауыр жараланады. Ерліктері үшін бірнеше орден, медальмен марапатталған. Соғыстан оралғаннан кейін еңбек жолын Петропавл қаласында партия комитетінің нұсқаушылығынан бастап, аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарады. Соңғы жұмыс орны облыстық атқару комитетінің төрағасы лауазымы болды.
– Әкем қай салада жүрсе де, сенім төрінен көріне білді. Оның тікелей басшылығымен Қазақстан кинотеатры, басқа да көптеген мәдени-әлеуметтік нысандар салынды. Өмірінің соңына дейін қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Ардагерлер кеңесіне, ақсақалдар алқасына жетекшілік етті, – деген баласы оның есімімен көше аталатынын, ескерткіш тақта орнатылғанын мақтаныш сезіммен жеткізді.
Қайырбек Нілұлы әке ісін лайықты жалғастырып келеді. Ол – облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты. Денсаулық сақтау жүйесіндегі көп жылғы еңбегі үшін “Денсаулық сақтау үздігі” төсбелгісімен марапатталған.
Ирина АГЕЕВА,
география пәнінің мұғалімі.