Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін құрылымдар мемлекет қазынасынан бөлінетін субсидияны майшелпекке балап, қалтаға тоғытқан құлқынқұмарлардың талайын әшкерелеп, жегендерін желкесінен шығарып жатыр. Сонда да қылмыстың азаятын түрі байқалмайды. Осы себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында субсидиялау мәселесіне арнайы тоқталды. “Соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға 2 трлн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр”, – деген Мемлекет басшысы субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, рәсімдеу тәртібінің түсінікті әрі толығымен ашық болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Санамалай берсең, қылмыстық құйтырқылықтың қаншама түрі сопаң етіп шыға келеді. Мысалы, “жоқ малға” субсидия рәсімдеп, күдікке ілінгендердің арасында солтүстікқазақстандықтар да бар. “Субсидиялау” ақпараттық жүйесінің мәліметі бойынша 2021 жылы қарастырылған 98 млрд. 701 млн. теңгенің ең көбі Алматы (15,4 млрд.) және Солтүстік Қазақстан (8,8 млрд.) облыстарына берілген. Оның қаншалықты әділ бөлінгенін тиісті орындар анықтай жатар. Біздің айтпағымыз, заңды белінен баса отырып, өте қомақты қаражатты ірі шаруашылықтармен қатар шенеуніктердің де шүлен таратқандай бөліске салатыны, қарпып қалатыны, пара ретінде әртүрлі сыйақы алып отыратыны жасырын емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау көрсеткендей, мемлекеттік субсидияға шын мұқтаждардың бәрінің бірдей қолы жете бермейді. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы Қызылжар ауданында асылтұқымды ірі қара алып, фермерлік шаруашылық ашу үшін субсидия рәсімдеуге келген бір кәсіпкердің өтінішін қанағаттандырмаған. Ондағы себеп – ветеринарлық бақылау қызметі беретін есептік нөмірдің болмауы. Бизнес өкілі шешіммен келіспей, кәсіпкерлер палатасына шағымданған. Ондағылар мәселені зерделей келіп, асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау талаптарында есептік нөмірдің болуы міндетті емес екенін, тек екі жағдайда ғана, атап айтқанда, ұсынған деректер дұрыс толтырылмаса және белгіленген шарттарға сәйкес келмесе ғана субсидиядан бас тартылатынын анықтаған. Соған қарағанда құжаттар дайындаудағы қағазбастылықтың көптігі әкімшілік кедергілер ретінде әдейі жасалған жоқ па деген ой туады.
Мемлекеттің қаржысын “бармақ басты, көз қыстылықпен” жымқырып, алаяқтық айла-шарғылар арқылы бас пайдасына жаратып жатқандарды табаға салғандай қуырып, көзіне көк шыбын үймелетіп жатса, “бәрекелдіден” басқа айтарымыз жоқ. Десек те, кей тергеушілердің кәсіби біліксіздігі, адам тағдырына салғырт қарау, фактілерді жете тексермеу, әйтеуір қараласам деген оймен, рапорт қуалаушылық салдарынан “қосақ” арасында еш жазықсыз кетіп қалатындар жоқ емес. Солардың бірі – Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты Олег Адам ел арасында білікті де тәжірибелі басшы, қайырымды меценат ретінде кеңінен танымал. Адал ниетімен, шын пейілімен еліміздің өркендеуіне үлес қосуды басты мақсат еткен Олег Эрихович мысқалдап жинаған абырой-беделін шөміштеп төгіп ала жаздаған, уайым-қайғысын ішке бүгіп, қан жұтқандай жүрген күндерін еске алса, ішкі жан дүниесін ащы өксік қысқандай, ауыр мұңға бөленеді. Жамбыл ауданында орналасқан, өңірдегі ірі әрі жұмысшыларына барлық әлеуметтік жағдайды жасап отырған мақтаулы шаруашылық 37 мың гектардан астам алқапқа дәнді, майлы, бұршақты дақылдар егіп, бұдан бөлек, асылтұқымды ірі қара өсірумен айналысады. Астықтың орташа өнімділігі 20-25 центнерден кеміген емес. 2019 жылы күздік бидайдың әр гектарынан 71,4 центнерден өнім алынып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Тек былтырдың өзінде ғана 31 млн. теңгенің қайырымдылық шаралары көрсетілген.
Субсидияға қатысты заңнамалар мен ережелерді, қойылатын талаптарды бес саусағындай жетік білетін басшының ауқымды бағдарламаларға қатысуы бірінші рет емес. Соңғы рет 767,3 млн. теңгеге субсидия рәсімдеп, өндіріс орындарын кеңейтуге, жаңа техникалар мен құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсаған. Түскен табыстың едәуір бөлігі елді мекендерді дамытуға, әлеуметтік мұқтаждықтарды шешуге жұмсалған. 2020 жылы наурыз айында селекциялық және тұқымды асылдандыру жұмыстарын жүргізу мақсатымен үкіметтік бағдарламаға тағы да жүгінуге бекінген. Серіктестіктің ақпараттық-талдамалық жүйесі арқылы жіберілген электрондық өтінім мақұлданып, есепшотына 35 млн. теңге қаражат аударылған. Кейін бұл қаржының 1,1 мың бас малға деп алынғаны, сатылып кеткен 246 бас сиырдың есептен шығарылмағаны белгілі болған. Ветеринар Гүлнәр Хасенова тарапынан жіберілген техникалық қателіктер дереу түзетіліп, тиісті сома қайтарылған.
Алайда тергеу орындары Олег Адамның қаржыны қайтарғанына қарамастан қылмыстық қудалау ісіне жедел кірісіп кетеді. Айыптау бабы бірнеше рет өзгертіліп, экономикалық тергеу департаменті серіктестік басшысы мен ветеринарға алдау жолымен сөз байласты деген ауыр айып тағады. Бұл жерде топтық келісімнің жоқтығы айдан анық екені, өтінімдер электрондық база арқылы ғана қабылданатыны, 21 млн. теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражат сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілгенге дейін қайтарылғаны, басқа мақсатқа жұмсалмағаны ескерілмегенін, сондай-ақ аудандық ветеринарлық бөлімнің ауыл шаруашылығы малдарын сәйкестендіру базасында орын алған қарама-қайшылықты да айта кеткен жөн. “Артық сиырлар” жайлы ақпарат бола тұра, субсидияға қатысты өтінімнің қабылдануы, электрондық жүйедегі кемшіліктер жайлы тіс жармауы түсініксіз.
Казанка, Мирное, Миролюбово, Пресновка ауылдарының үш жүзге жуық тұрғыны қолдау хат жолдап, Олег Адамға араша сұрайды. Мұндай азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылса, еліміздің аграрлық секторында адал басшылар қалмайды. Ол туған жерінің нағыз патриоты, оны арам пиғылды жандармен қатар қою еш ақылға сыймайды, деген жанашыр жандар ойларын ашық жеткізеді.
“Шатило және К” ЖШС-ның басшылығына өздерінің кінәсіздігін алдымен Петропавл қалалық, сосын облыстық сотта дәлелдеуіне тура келді. Адвокат Ирина Кошекова субсидияларды рәсімдеу үрдісін электрондық өтінім қалыптастыратынына, “адам факторы” ешқандай рөл атқармайтынына, алаяқтыққа жол берілмейтініне, көрінеу жалған мәліметтер енгізу мүмкін еместігіне нақты фактілер келтірді. Сот Олег Адам мен Гүлнәр Хасенованы кінәсіз, іс-әрекеттерінде алаяқтық, ымыраласу жоқ деген үкім шығарды.
Сергелдеңге салған субсидия оқиғасына соттың бірінші сатысында-ақ нүкте қойылуы керек еді. Алайда үкіммен келіспеген прокуратура аппеляциялық талап жазып, үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрайды. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы қалалық соттың үкімін өзгеріссіз қалдырып, жақында ол заңды күшіне енді. Мемлекеттік айыптаушының фермер заңсыз субсидия алды, қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген аппеляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.