Өзге өңірлерді қайдам, қызылжарлықтардың көбі жаңа жылда үйіне табиғи шырша орнатқанды жақсы көретінін аңғару қиын емес. Мереке қарсаңында кей дүкендердің алды қылқан жапырақты ағашқа лық толады. Сол шыршаларды сатып алған тұрғындар бір-екі апта өткен соң оларды қайда жіберерлерін білмей дал болады. Өйткені қурай бастайды, яғни ағаштың қылқандары судырап жерге түседі. Бұған дейін қоқысқа тастап үйреніп қалған жұрт енді аяқтарын тартатын сыңайлы. Өйткені тәртіп сақшылары қылқан жапырақтыларды қоқысқа тастауға тыйым салып, тәртіпті елемегендерге айыппұл арқалатпақшы.
Петропавл қаласының тұрғыны Қадыр Дәулетхан бұл талап тұрғындарды тәртіпке бағынуға итермелейді деген ойда. “Қурап қалған шыршаны амал жоқтықтан қоқысқа тастайды. Осы орайда неге жасанды шырша орнатып, межелі уақыттан кейін жинап қоймасқа деген сауал туындайды. Келесі жылы да шырша іздеп шаршамайды. Жас ұрпақ та табиғатқа жанашырлық танытудың маңызын түсініп, обал мен сауапты біліп өсер еді. Жергілікті биліктің оталған шыршаларды аулалардағы қоқыс жәшігіне тастауға тыйым салғанын құптаймын”, – дейді ол.
Полиция тәртіпке бағынбағандарға жаза қарастырып, табиғи шыршаларды қоқыс жәшігіне тастағандарға 70 мың теңге көлемінде айыппұл салатынын хабарлады. Жергілікті полиция қызметі бөлім бастығының орынбасары Сейілбек Елжасов бұл тұрмыстық қалдықты шығаратын мекеме қызметіне кірмейтіндігін айтады. Ал қураған ағашты аулаға тастап, абаттандыру ережесін бұзғандарға қатысты Әкімшілік кодекстің 505-бабы бойынша жаза қарастырылған.
Елімізде қылқан жапырақтыларды кесуге тыйым салынғаны белгілі. Саудагерлер оларды өзге елдерден таситындарын айтады. Әсіресе орманы қалың солтүстік көршіміз – Ресейден жеткізетіндер көп. Алайда шыршаның көрші елден заңды жолмен әкелінгені, не өзімізде заңсыз жолмен кесіліп жатқанын ажырату қиын. Елімізге сырттан жыл сайын шамамен он мың дана шырша ағашы кіргізіледі деген дерек бар.
Мамандардың пікірінше, кесілген шыршаның Қазақстанда немесе Ресейде өскенін түрінен ажырата алмайсыз. Тек тиісті құжаттары арқылы анықтауға болады. Ең бастысы, сатушының сатуға рұқсат қағазы, оның қайда кесілгенін растайтын орман билеті болуы керек. Жер – адамзаттың ортақ мекені. Сондықтан басқа елдің ағаштары ғой деп сатып ала беруге де болмайды.
Біздің елде шырша кесуге тыйым салынған. Соған қарамастан бір айда 8 заңсыз шырша кесу дерегі анықталыпты. Үшеуінде кінәлілер белгілі болса, қалғандары бойынша полиция тергеу жүргізуде. Кінәлілер анықталса, әрқайсысына 46 мың теңгеден айыппұл салынады. Ал шығын көлемі жүз айлық есептік көрсеткіштен асса, қыллыстық жауапкершілікке тартылады.