«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Баяғының батырларындай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Басқа спортты білмеймін, біздің қазақ төбелестен есесін жібермейді” дегенді жиі естиміз. Әзіл болғанымен, осы сөздің астарында шындық бар сияқты. Әлем чемпионаттары мен Олимпиадаларда жұдырықтасудан жүлде алып жүргеніміз – сөзімізге дәлел. Ғасырдан-ғасырға тамыр жалғаған жауынгерлік өнеріміз бүгінгі жекпе-жек спортымен астарласып жатқаны жасырын емес. Білекті жігіттер облыс орталығындағы “Қызылжар” атауымен танымал спорт клубында жаттығып жүргенін айта кеткен жөн.

Өңірімізде аралас жекпе-жек шеберлерін даярлайтын, республикалық деңгейде өткізілетін түрлі жарыстарға қатысуға мүмкіндік беретін “Қызылжар” атты көпсалалы спорт клубының ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бұл клубта жаттығатын спортшылардың дені жасөспірімдер мен жастар. Олар білікті бапкерлердің жетекшілігімен бокс, жекпе-жек, “ММА” және кикбокстың қыр-сырын меңгеруде. Аралас жекпе-жектің ережесіне сай тебуге, ұруға, буындыруға болады.

– Ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын кең-байтақ жерімізді сыртқы жаудан қорғау үшін қаншама баһадүр бабаларымыз талай рет жекпе-жекке шықты емес пе?! Сол жауынгерлік рух біздің қанымызда да бар. Тек соны оята білу керек, жас ұрпақтың жігерін жани білу маңызды. Жасырары жоқ, әу баста жекпе-жекке тосырқай қарағандар да болды. Бірақ кейін бұл нағыз мықтылардың өнері екеніне көздері жеткен соң, жаттығуға келе бастады. Біздің негізгі мақсатымыз – жастарды саламатты өмір салтына шақырып, өз Отанының өр рухты, мықты азаматтары етіп тәрбиелеу, – дейді жергілікті жерде жауынгерлік спортты дамытуды қолға алған бапкер әрі “Қызылжар” спорт клубының жетекшісі Жалғас Тортулов.

“Қызылжар” клубы өзі аттас қонақүйдің жертөлесінде орналасқан. Залдың жалпы аумағы 210 шаршы метр. Жаттығуға қажетті құрал-саймандар мен спорттық жабдықтарды Алматы қаласынан әкеліпті. Мұнда спортшыларға барлық жағдай жасалғанын атап өткен жөн. Киім ауыстыратын, жуынатын орындар жасақталған. Бапкерлікке сегіз тәжірибелі маман тартылған. Жалғас Тортулов жастарды бокс пен “MMA” бойынша жаттықтырса, Рауан Смағұлов пен Аслан Шүкенов кикбоксқа баулиды. Жалпы спорт клубы ашылған күннен бастап екі спорт шеберін, он спорт шеберіне үміткер даярланған. Олардың арасында 61 килограмм салмақта өнер көрсететін Дулат Аяжановты ерекше атап өткен жөн. Өткен жылдың желтоқсан айында ол Атырауда өткен “Eagle Fighting Championship 51” аралас жекпе-жек турнирінде өзінің алғашқы кездесуін өткізген. Үш раундқа жоспарланған жекпе-жекте жерлесіміз қарсыласының қолына ауырту әдісін жасап, бірінші раундта мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

Бүгінгі таңда мұндағы жігіттердің көбі аралас жекпе-жектен республикалық жарыстарға қатысып, жүлдемен оралып жүр екен. Бір өкініштісі еліміздегі, сондай-ақ ТМД көлеміндегі ірі турнирлерге шақыртулар түскенімен, қаржы жағы қолбайлау болып, жарыстардан шет қалатын көрінеді. Cондай-ақ аталған спорттың дамуын тежеп отырған тағы бір мәселе – Қазақстандағы бас қалалардағыдай арнайы жекпе-жек сарайының жоқтығы.

– Бүгінгі таңда “Қызылжар” жауынгерлік орталығында 150-ден астам спортшы жаттығады. Кейде жүрегінде оты бар жігіттердің қолында қаражаты болмай, шет мемлекеттердегі дүбірлі додаларға қатыса алмайды. Меніңше, қазақтың даңқын асырып, мерейін тасытатын жауынгерлік өнерге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп, оны мейлінше дәріптегеніміз оң болар еді, – дейді бапкер.

Ежелгі көшпенділердің бекзат өнерін жаңаша сипатта дамытуды көздеген жігіттердің жетістіктері қуантады. Қиындықтарға мойымай, қазақ жігіттерінің мықтылығын өзгелерге танытуды мақсат тұтқан өр рухты азаматтардың алар асулары биік болатынына сенім мол.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp