– Анашым, сіздің ақша туралы түсінігіңіз мүлдем қате. Мынау дөңгеленген Жер шарында ақша бәрімізге де жетеді. Тек күн сайын 100 рет “мен баймын, менің ақшам көп, табысым молаюда” деген сөз тіркестерін сеніммен айтып жүріңізші. Сол кезде сіздің миыңыз осы ақпаратты қабылдап, түпсанаңызға жеткізеді. Бұл – 100 пайыз дәлелденген дүние. Кеше мен қатысқан семинар-тренингте психолог осылай айтты, – деп бұйрық бере сөйлеген қызы Айнұрды Айғаным: “Маған, қалай бай болудың жолын үйретпе! Ғұмырымда ақшаға құл болған адам емеспін”, – деп тыйып тастады. Айнұр анасының ашулы жүзіне қарады да ренжігендей кейіппен: “Туу, анашым, сіздер кеңес заманының адамысыздар, барға қанағат ету, жоқты іздемеу саналарыңызға сіңіп қалған, ақша шақыру жолын білмейсіздер”, – деп әңгімесін жалғай жөнеліп еді шешесі оны соңына дейін тыңдаған жоқ. Түк шықпайтынын білді ме, қарсы да келмеді. Тек ішінен “Осы алтауын пәленбай жыл ақылы негізде оқытып келеміз. Ақшаның аспаннан түсе қалғанын көрмеппін. Бір тиынды болсын маңдай терімізбен таптық. Адам пешенесіне жазылған несібесінің ғана игілігін көреді ғой”, – деп күбірлей берді.
Анасы мен қызының арасындағы үнсіздікке ұласқан диалогты көрші әйел Ұлбаланың да құлағы шалды. Ол Айғаным екеуі – бала кезден бірге өскен құрбылар. Екеуі де бір ауылда дүниеге келген, қалаға көшіп келгендеріне де көп уақыт өте қойған жоқ. Бауыр еттерінің бақыты үшін бәріне төзіп келеді, қиындықты да көрді, жоқшылықты да жеңді. “Дәрі сатып алғанмен, денсаулық сатып ала алмайсың” дегендей, ақшаның барлық мәселені түп-тамырымен шешіп тастайды дегеніне иланған емес. Қызының қатқылдау сөйлеп, ақыл айта бастағанына ренжіген Айғанымды Ұлбала жақсы түсінеді. Оның жан жарасын жазбақ болып әңгімеге тартты.
– Олар жаңа заманның өкілдері ғой, біздің ескіше ойлайтынымызға ренжитін шығар. Салыңды суға кетірме.
– Оларды ақшаға құмартыңдар, ақшаның соңына түсіңдер деп тәрбиелемеген едім. Соңғы жылдары байқап жүрмін, алтауының да есіл-дерті ақшада. Қайтсем табысым көбейеді деген ойдың жетегінде жүр.
– Балаларымыздың олай еткені бір жағынан дұрыс та шығар…
– Ұлбала, ақшаның соңына түсудің жақсылық емес екенін өзің де білесің ғой. Балаларым ғана емес, келіндерім де сондай әдет шығарыпты. Үлкен келінімнің жасы отыздан асып барады. Бір ғана сәбилері бар. Оған оңашада әйел адамның жасы келген сайын бала сүю бақытынан ажырай бастайтынын айтып қаламын. Ол болса “жағдайымызды жасап алайық, сосын көрерміз”, – дейді. Үй десе үйлері, көлік десе көліктері, қызмет десе қызметтері бар. Баладан ақша қымбат болып тұр. Қызымның жағдайын өзің де көрдің.
Иә, бұл бір ғана Айғанымның басындағы жағдай емес. Қазіргі қоғамымызда кешегі өткен бабаларымыз ағын суға, қолдың кіріне теңеген дүниеге, байлыққа, ақшаға құмартушылардың қатары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп барады. Бірінші орынға адами қасиеттерді емес, ақшаны қоятындардан жақсылық күтуге болмайды. Әрине, кез келген адам молшылықта, жақсы өмір сүргісі келеді. Оған ешкімнің таласы жоқ. Алайда ақшаға деген шексіз құмарлық адамды адастырып жіберетініне, адал жолдан тайдыратынына талай мәрте куә болып жүрміз. “Түбіне ақша жетті ғой” деген өкінішті сөздерді естіп қалатынымыз да жасырын емес.
“Баланы “ақшаны жүрегіңде емес, қолыңда ұста” деп тәрбиелеу керек. Сол кезде олар барына қанағат ететін, ең бастысы, жығылғанға жәрдем беруді, қоғамға, ұлтыма қайтсем пайдам тиеді деген сауалдың төңірегінде ойлануды мұрат ететін ұл-қыздардан болады. Ардақты пайғамбарымызды ата-анаға жақсылық жасаудың, көршіге қайырымды болудың, садақа берудің маңызы туралы айтылған хадистері жетіп артылады. Алаштың ардақтыларының ғұмырбаянына зер салсақ, олардың қазаққа қызмет етуді олжа, бақыт, байлық көргенін аңғарамыз. Бір өкініштісі, қанша жерден тәрбиелесек те, қазіргі жастардың көбі біздің ырқымызға көнер емес. Өкініштісі де сол, ақша көп адамдардың өмірдегі басты мұраттарына айналып отыр”, – дейді Қызылжар аудандық “Кәусар” мешітінің бас имамы Азамат Сәрсенов.
Жоғарыда ана мен баланың екеуара әңгімесін бекер мысалға келтіріп отырған жоқпын. Мұндай жағдай кез келген отбасында кездесіп отыр. Жуырда кітапханада әңгімелескен бір еңбек ардагері: “Жеті жасар немереме “Біздің әулетімізде ақ халат киген бірде-бір адам жоқ. Балам, сен болашақта дәрігер болшы. Ауырып жүрген әжеңді өзің емдейсің”, – дедім. Сөзімнің соңын айтып үлгермеген маған ол жұлып алғандай: “Дәрігерлердің айлығы көп пе, аз ба?”– деп қарсы сұрақ қойды. Не дерімді білмей, абдырап қалдым. Сосын “Дәрігерлердің бойында мейірімділік, қайырымдылық сияқты ерекше қасиеттер бар”, – дедім. Немеремді менің бұл сөзім қызықтырмаған секілді, теледидардан көз алмады. Бесіктен белі шықпаған баланың ақша санауға құмартқаны трагедия емей немене?” – деп отбасында орын алған бір оқиғасымен бөліскен еді.
Ақшаға құнығу күннен-күнге өршіп барады. Қазір айналамыздағы дүниенің бәрі ақшамен өлшенетін болды ғой. Алғашқы қоятын сауалымыз да осы: “қанша ақша береді?”. Ақшасы болса – дос, ақшасы бар – құрбы, тіпті аялап өсірген перзенттеріміздің өзін адамгершілігінен бұрын, ақшасы барларға ұзатқымыз келеді. Қалтасы қалың құдамызды төрімізге шығарып, төбемізге көтереміз. Әйтеуір, таң атып, күн батқанша “ақша, ақша” деп соның қамымен жүрміз. Осыдан руханиятымыздың ақсап, ұрпағымыздың ұсақталып бара жатқанында жұмысымыз жоқ. “Ниетіне қарай амалы” дегендей, “жеңіл”, “арам” ақша табудың мың сан жолын үйрететін алаяқтар қаптап кетті. Бейтаныс адамға телефон нөмірімізді, аты-жөнімізді айтпас бұрын, бір “саусағымызды бүгіп тұратын” халге жеттік.
Облыстық полиция департаментінің мамандары, алаяқтардың бас қосып, аста-төк қаржыға кенелетін орындары әлеуметтік желі екендерін айтады. Былтырғы көрсеткішті былай қойғанда, биылғы жарты айдың өзінде өңірде 15 адам арам алаяқтардың құрбанына айналыпты. Таяқтың екі ұшы болатынындай, желінің де пайдалы әрі зиянды жақтары жетіп артылады. Ондағы түрлі конкурстар, семинарлар, ақылы тренингтер, вебинарлар, ұтыстар бәрі жастарды ақшаға деген құмарлық идеясында тәрбиелеуде. Осыларды ұйымдастырып отырғандар аңғал, көп нәрсенің байыбына бара бермейтін жастардың арқасында баюдың үстіне байып отыр. Бұрнағы күні ауылда тұратын бір апамыз Петропавлдағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде оқитын қызы жайлы: “Апта сайын тренингке бес мың теңге беруім керек. Тауып бере алмасам үйде жанжал”, – деп еді. Соның кері көп жастарды айналып өткен жоқ.
Енді қоғамда орын алып отырған осынау келеңсіздіктің негізгі себебін іздеп көрелікші. Бұл сауалды еңбек ардагері Қымбат Исмановаға қойған едік. Ол былай деп жауап берді: “Біз жас күнімізде ақша іздеген жоқпыз. Ата-анамыздың көңіліне қарайтынбыз. Олар жұмыстан шаршап келгенде ас-ауқаттарын дайындап отыратынбыз. Ақшада жұмысымыз болған жоқ. Әке-шешеміз де аттаған сайын ақша жайын сөз етпейтін. Той-домалақта тілек айтқанда көп ақша тап, бай бол, қалталы бол демейтін, керісінше, адам бол, оқу оқып, білім алып, халқыңа пайдаңды тигіз дейтін. Біз олардың ақылын екі етпедік. Қиын заманның өзінде бір-бірімізге жәрдемдесуге тырыстық, перзенттеріміздің бауырмал болуларына баса назар аудардық. Өз басым перзенттерімді қалай асыраймын, оларды қай ақшамен киіндіремін деп уайымға салынбаппын. Халқымыздың “Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі” деген қанатты тәмсілін ұстанымға айналдырдық. Жасым сексенге жақындады. Осы жасқа келгенше, егемен еліміздің тілеуін тілеуден асқан бақыт таппадым”.
Үлкендердің “бақыттың кілті – білімде” деген сөзі жайдан-жай айтылмаған. Ақшақұмарлық – түбі жақсылыққа апарып соқтырмайтыны ақиқат. Ақша біз үшін басты құндылық бола алмайды. Ақшақұмарлардың әрекетін қоғамда күн сайын көріп жүрміз. Туған анасын үйінен бездіріп, әкесімен араздасқандар, бауырын әділетсіздікке жығып бергендер, әйелін сот залына сүйреп, баласынан безгендердің көбі – ақшаның құлына айналғандар. Олар ақша үшін бәріне даяр. Ақша үшін ар-абыройдан аттап, туған жері мен Отанына опасыздық жасап жатқандарды естіп жүрміз ғой.
“Достық деген ізгіліктің алаңы,
Оған куə ғасырлар мен замандар.
Отанын да сатып кете алады,
Қиын сəтте досын сатқан адамдар”, – деп жырлаған ақынның өзі ақша жүрген жерде шынайы достық ниет шетте қалатынын, “ақшамен албасты бірге жүретінін” ескертіп отыр емес пе? Сондықтан да, ағайын, ұрпағымыздың ертеңін ойласақ, жарқын болашағы үшін уайым жесек, бүгін қам жасауға тиіспіз. Ертең кеш болуы мүмкін.