«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ПАЙДА ОЙЛАМА, АР ОЙЛА”

Нұргүл Оқашева

 nurgul.okasheva@mail.ru

– Анашым, сіздің ақша туралы тү­сінігіңіз мүлдем қате. Мынау дөңге­ленген Жер шарында ақша бәрімізге де жетеді. Тек күн сайын 100 рет “мен баймын, менің ақшам көп, та­бысым молаюда” деген сөз тіркес­терін сеніммен айтып жүріңізші. Сол кезде сіздің миыңыз осы ақпаратты қабылдап, түпсанаңызға жеткізеді. Бұл – 100 пайыз дәлелденген дүние. Кеше мен қатысқан семинар-тре­нингте психолог осылай айтты, – деп бұйрық бере сөйлеген қызы Ай­нұрды Айғаным: “Маған, қалай бай болудың жолын үйретпе! Ғұмы­рымда ақшаға құл болған адам емес­пін”, – деп тыйып тастады. Ай­нұр анасының ашулы жүзіне қарады да ренжігендей кейіппен: “Туу, ана­шым, сіздер кеңес заманының ада­мысыздар, барға қанағат ету, жоқты іздемеу саналарыңызға сіңіп қалған, ақша шақыру жолын білмейсіздер”, – деп әңгімесін жалғай жөнеліп еді шешесі оны соңына дейін тыңдаған жоқ. Түк шықпайтынын білді ме, қар­сы да келмеді. Тек ішінен “Осы ал­тауын пәленбай жыл ақылы негізде оқытып келеміз. Ақшаның аспаннан түсе қалғанын көрмеппін. Бір тиын­ды болсын маңдай терімізбен тап­тық. Адам пешенесіне жазылған не­сі­бесінің ғана игілігін көреді ғой”, – деп күбірлей берді.

Анасы мен қызының арасында­ғы үнсіздікке ұласқан диалогты көр­ші әйел Ұлбаланың да құлағы шалды. Ол Ай­ғаным екеуі – бала кезден бірге өскен құрбылар. Екеуі де бір ауылда дү­ниеге келген, қалаға көшіп келген­деріне де көп уақыт өте қойған жоқ. Бауыр еттерінің бақыты үшін бәріне төзіп келеді, қиындықты да көрді, жоқшылықты да жеңді. “Дәрі сатып ал­ғанмен, денсаулық сатып ала ал­майсың” дегендей, ақшаның барлық мәселені түп-тамырымен шешіп тастайды дегеніне иланған емес. Қызының қатқылдау сөйлеп, ақыл айта бастағанына ренжіген Айға­нымды Ұлбала жақсы түсінеді. Оның жан жарасын жазбақ болып әңгімеге тартты.

– Олар жаңа заманның өкілдері ғой, біздің ескіше ойлайтынымызға ренжитін шығар. Салыңды суға ке­тірме.

– Оларды ақшаға құмартыңдар, ақшаның соңына түсіңдер деп тәрбиелемеген едім. Соңғы жылдары байқап жүрмін, алтауының да есіл-дерті ақшада. Қайтсем табысым кө­бейеді деген ойдың жетегінде жүр.

– Балаларымыздың олай еткені бір жағынан дұрыс та шығар…

– Ұлбала, ақшаның соңына түсу­дің жақсылық емес екенін өзің де білесің ғой. Балаларым ғана емес, ке­ліндерім де сондай әдет шығарып­ты. Үлкен келінімнің жасы отыздан асып барады. Бір ғана сәбилері бар. Оған оңашада әйел адамның жасы келген сайын бала сүю бақытынан ажырай бастайтынын айтып қала­мын. Ол болса “жағдайымызды жа­сап алайық, сосын көрерміз”, – дейді. Үй десе үйлері, көлік десе көліктері, қызмет десе қызметтері бар. Бала­дан ақша қымбат болып тұр. Қызым­ның жағдайын өзің де көрдің.

Иә, бұл бір ғана Айғанымның ба­сындағы жағдай емес. Қазіргі қоғамымызда кешегі өткен бабала­рымыз ағын суға, қолдың кіріне теңеген дүниеге, байлыққа, ақшаға құ­мартушылардың қатары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп ба­рады. Бірінші орынға адами қасиет­терді емес, ақшаны қоятындардан жақсылық күтуге болмайды. Әрине, кез келген адам молшылықта, жақсы өмір сүргісі келеді. Оған ешкімнің таласы жоқ. Алайда ақшаға деген шексіз құмарлық адамды адастырып жіберетініне, адал жолдан тайдыратынына талай мәрте куә болып жүрміз. “Түбіне ақша жетті ғой” деген өкінішті сөздерді естіп қалатынымыз да жасырын емес.

“Баланы “ақшаны жүрегіңде емес, қолыңда ұста” деп тәрбиелеу керек. Сол кезде олар барына қана­ғат ететін, ең бастысы, жығылғанға жәрдем беруді, қоғамға, ұлтыма қайтсем пайдам тиеді деген сауалдың төңірегінде ойлануды мұрат ете­тін ұл-қыздардан болады. Ардақты пайғамбарымызды ата-анаға жақ­сылық жасаудың, көршіге қайырым­ды болудың, садақа берудің маңызы туралы айтылған хадистері жетіп ар­тылады. Алаштың ардақтыларының ғұмырбаянына зер салсақ, олардың қазаққа қызмет етуді олжа, бақыт, бай­лық көргенін аңғарамыз. Бір өкі­ніштісі, қанша жерден тәрбиелесек те, қазіргі жастардың көбі біздің ыр­қымызға көнер емес. Өкініштісі де сол, ақша көп адамдардың өмірдегі басты мұраттарына айналып отыр”, – дейді Қызылжар аудандық “Кәу­сар” мешітінің бас имамы Азамат Сәрсенов.

Жоғарыда ана мен баланың екеу­ара әңгімесін бекер мысалға келтіріп отырған жоқпын. Мұндай жағ­дай кез келген отбасында кездесіп отыр. Жуырда кітапханада әңгімелес­кен бір еңбек ардагері: “Жеті жа­сар немереме “Біздің әулетімізде ақ халат киген бірде-бір адам жоқ. Балам, сен болашақта дәрігер бо­лшы. Ауырып жүрген әжеңді өзің емдейсің”, – дедім. Сөзімнің соңын айтып үлгермеген маған ол жұлып алғандай: “Дәрігерлердің айлығы көп пе, аз ба?”– деп қарсы сұрақ қой­ды. Не дерімді білмей, абдырап қал­дым. Сосын “Дәрігерлердің бойында мейірімділік, қайырымдылық сияқты ерекше қасиеттер бар”, – дедім. Не­меремді менің бұл сөзім қызықтыр­маған секілді, теледидардан көз ал­мады. Бесіктен белі шықпаған бала­ның ақша санауға құмартқаны траге­дия емей немене?” – деп отбасында орын алған бір оқиғасымен бөліскен еді.

Ақшаға құнығу күннен-күнге өр­шіп барады. Қазір айналамыздағы дү­ниенің бәрі ақшамен өлшенетін болды ғой. Алғашқы қоятын сауалы­мыз да осы: “қанша ақша береді?”. Ақшасы болса – дос, ақшасы бар – құрбы, тіпті аялап өсірген перзент­теріміздің өзін адамгершілігінен бұ­рын, ақшасы барларға ұзатқымыз ке­леді. Қалтасы қалың құдамызды төрі­мізге шығарып, төбемізге көтере­міз. Әйтеуір, таң атып, күн бат­қанша “ақша, ақша” деп соның қа­мымен жүрміз. Осыдан рухания­ты­мыз­дың ақсап, ұрпағымыздың ұсақта­лып бара жатқанында жұмысымыз жоқ. “Ниетіне қарай амалы” деген­дей, “жеңіл”, “арам” ақша табудың мың сан жолын үйрететін алаяқтар қаптап кетті. Бейтаныс адамға те­лефон нөмірімізді, аты-жөнімізді айтпас бұрын, бір “саусағымызды бү­гіп тұратын” халге жеттік.

Облыстық полиция департамен­тінің мамандары, алаяқтардың бас қосып, аста-төк қаржыға кенелетін орындары әлеуметтік желі екенде­рін айтады. Былтырғы көрсеткішті былай қойғанда, биылғы жарты ай­дың өзінде өңірде 15 адам арам алаяқтардың құрбанына айналыпты. Таяқтың екі ұшы болатынындай, же­лінің де пайдалы әрі зиянды жақ­тары жетіп артылады. Ондағы түрлі конкурстар, семинарлар, ақылы тре­нингтер, вебинарлар, ұтыстар бәрі жастарды ақшаға деген құмарлық идеясында тәрбиелеуде. Осыларды ұйым­дастырып отырғандар аңғал, көп нәрсенің байыбына бара бер­мейтін жастардың арқасында баю­дың үстіне байып отыр. Бұрнағы күні ауылда тұратын бір апамыз Петро­павлдағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін­де оқитын қызы жайлы: “Апта сайын тренингке бес мың теңге беруім ке­рек. Тауып бере алмасам үйде жан­жал”, – деп еді. Соның кері көп жастарды айналып өткен жоқ.

Енді қоғамда орын алып отырған осынау келеңсіздіктің негізгі себебін іздеп көрелікші. Бұл сауалды еңбек ардагері Қымбат Исмановаға қойған едік. Ол былай деп жауап берді: “Біз жас күнімізде ақша іздеген жоқпыз. Ата-анамыздың көңіліне қарайтын­быз. Олар жұмыстан шаршап келгенде ас-ауқаттарын дайындап оты­ратынбыз. Ақшада жұмысымыз бол­ған жоқ. Әке-шешеміз де аттаған сайын ақша жайын сөз етпейтін. Той-домалақта тілек айтқанда көп ақша тап, бай бол, қалталы бол де­мейтін, керісінше, адам бол, оқу оқып, білім алып, халқыңа пайдаңды тигіз дейтін. Біз олардың ақылын екі етпедік. Қиын заманның өзінде бір-бірімізге жәрдемдесуге тырыстық, перзенттеріміздің бауырмал болула­рына баса назар аудардық. Өз басым перзенттерімді қалай асы­раймын, оларды қай ақшамен киіндіремін деп уайымға салынбаппын. Халқымыздың “Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі” деген қанатты тәмсілін ұстанымға айналдырдық. Жасым сексенге жақындады. Осы жа­сқ­а келгенше, егемен еліміздің тілеуін тілеуден асқан бақыт таппа­дым”.

Үлкендердің “бақыттың кілті – бі­лімде” деген сөзі жайдан-жай ай­тылмаған. Ақшақұмарлық – түбі жақ­сылыққа апарып соқтырмайтыны ақиқат. Ақша біз үшін басты құнды­лық бола алмайды. Ақшақұмарлардың әрекетін қоғамда күн сайын кө­ріп жүрміз. Туған анасын үйінен без­діріп, әкесімен араздасқандар, бауырын әділетсіздікке жығып бергендер, әйелін сот залына сүйреп, баласынан безгендердің көбі – ақшаның құлына айналғандар. Олар ақша үшін бәріне даяр. Ақша үшін ар-абыройдан аттап, туған жері мен Отанына опасыздық жасап жатқандарды естіп жүрміз ғой.

“Достық деген ізгіліктің алаңы,

Оған куə ғасырлар мен замандар.

Отанын да сатып кете алады,

Қиын сəтте досын сатқан адамдар”, – деп жырлаған ақынның өзі ақша жүрген жерде шынайы достық ниет шетте қалатынын, “ақшамен албасты бірге жүретінін” ескертіп отыр емес пе? Сондықтан да, ағайын, ұрпағымыздың ертеңін ойласақ, жарқын болашағы үшін уайым жесек, бүгін қам жасауға тиіспіз. Ертең кеш болуы мүмкін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp