Өңірдегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің саны былтыр 540 адамға өскен. Сондай-ақ сотталғандардың өздеріне дене жарақатын салу деректерінің саны да артқан. Бұл туралы қылмыстық-атқару жүйесі облыстық департаментінің мамандары өткізген алқа отырысында айтылды.
Жиынға облыстық прокуратураның өкілдері де қатысып, сотталғандар құқығының қорғалуы қадағалаушы органның назарында екенін атап өтті.
Түрмеге тоғытылғандар санының өскеніне қарамастан, қылмыстық-атқару жүйесі органдары тұрақты, жедел-режім жағдайын қамтамасыз еткен.
“Сотталғандар тарапынан өздеріне дене жарақатын салу деректері көбейіп барады. Қадағалаушы орган осындай әрбір жағдайды бүге-шігесіне дейін анықтауды және нақты себептерін білуді талап етеді. Мекемелердегі тұрақты жағдайға қол жеткізу үшін сотталғандардың құқықтарын таптап, оларды кемсітуге жол берілмеуі тиіс. Мұндайдың кез келген түріне тыйым салынады”, – деді облыс прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұлов.
Биылдан бастап азаптау туралы істерді тергеумен заң бойынша тек прокуратура ғана айналыса алады. Сондықтан түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың конституциялық құқығын сақтау және азаптау туралы түскен барлық арыз-шағымдарға дер кезінде ден қою – қадағалаушы органның басты міндеті.
Осыған орай облыстың барлық колонияларында бейнебақылау жүйесі іске қосылған. Арыз-өтініштер үшін терминалдар орнатылған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.