Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Ковыльное елді мекені көпке үлгі. Мұндағы тұрғындар осыдан 10 жыл бұрын спирттік ішімдіктерден бас тартқан болатын.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 405 тұрғыны бар ауылда соңғы жылдары бір де бір қылмыс тіркелмепті. Полицияның есебінде тұрғандар да жоқ. Бірнеше жыл бұрын елді мекендегі ақсақалдар жастарға ішімдік ішуден бас тартуды ұсынады. Халық бұл бастаманы бірауыздан қолдапты. Қазір Ковыльное дүкендерінде спирттік ішімдіктер сатылмайды, өйткені сұраныс жоқ. Ойын-тойлар да арақсыз өтетін болған.
“Бұл ауылда тұру қауіпсіз. Түнде тып-тыныш, балаларды да еш қорықпай ойнауға жібере аламыз. Басқа елді мекенде тұрғанда есік алдына су толы ыдысты қалдыра алмайтынбыз. Өйткені ұрлап кететін. Қазір үйді де еш қорықпастан ашық тастап жүре береміз”, – дейді Ковыльное елді мекеніне өзге ауылдардан көшіп келген тұрғындар.
Елді мекеннің қауіпсіз болуының тағы бір себебі – мұндағы көшелерге 130 бейнекамера орнатылған, бұл – қоғамдық тәртіпті сақтауда учаскелік полиция инспекторына үлкен көмек.
“Құқық бұзушылықтардың, интернет алаяқтықтың алдын алу үшін біраз жұмыс атқарылуда. Мектептегі оқушылармен жиі кездесеміз. Абаттандыру ережелерінің сақталуын, тұрғындардың малды бос жібермеуін бақылауда ұстау керек. Ал қылмыс негізінен мастықтан жасалады. Елді мекенде мұндай заң бұзушылықтардың тіркелмегені қуантады”, – дейді Тахтаброд ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Дәулет Молдахметов.
Жергілікті кәсіпкер Серік Малаев бейнекамераларды орнатудан бөлек, елді мекеннің әлеуметтік жағдайына да баса назар аударып келеді. “Ақселеу” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен балалар мектепте тегін тамақтанады. Жолды да өз қаражатына жөндейді, спорттың да дамуына үлес қосуда.
“Спирттік ішімдіктен бас тартқалы бері кәсіпорында да тәртіп бұзу сап тыйылды. Түсініспеушіліктер, жұмысқа келмей қалу дегендер болмайды. Барлық азғындықтың бастауы – арақ қой. Тұрғындардың саламатты өмір салтына ден қойғандары, жарқын болашаққа адал еңбекпен жетуге талпынып отырғандары жанымызды жадыратады”, – дейді кәсіпкер Серік Малаев.
Ауылдағы 405 тұрғынның 120-сы жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестікте жұмыс істейді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.