«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаңашылдың жолы ашық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына төрт жүзге жуық нәзікжан жүгінген. Мұнда ісін жаңа бастаған шағын бизнес өкілдеріне жеті бағыт бойынша 760 тегін қызмет көрсетіліпті. Бұдан бөлек, бизнес стратегиясын әзірлеу, оқыту (тренингтер, шеберлік сыныптары), қаржыландыру (краудфандинг, инвестиция, грант, лизинг), халықаралық жобаларға қатысу, тағы басқа мәселелер бойынша ақыл-кеңестер беріледі. Орталық тәлімгері Әсел Есжанова жыл бойы он қыз-келіншекті менторлық қызметтің қыр-сырын үйретіп шығарғанын да айта кеткен жөн.

– Кейбіреулер бизнесте түрлі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Ондай жағдайда тығырықтан шығу үшін бағыт-бағдар беріліп, “Бизнес­тегі желі” бағыты аясында онлайн оқулар ұйымдастырылады. Мұның байланыс желісін құруға, өндіріс­тегі бизнес-үрдістерді жетілдіруге, клиенттермен тиімді қарым-қаты­нас орнатуға, есеп беруге және дұ­рыс жүргізуге пайдасы мол, – дейді әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орта­лығының кеңесшісі Ирина Васи­льева.

Аталмыш тренингтен өткен­дер­дің бірі – сән үйінің негізін қалаушы және иесі Зарина Мавляни. Ол ұлттық киімдер мен аксессуарлар тігу саласында жұмыс істей жүріп, тәжірибесін әбден шыңдады. За­ринаның тігін өндірісі саласындағы жұмыс өтілі – 8 жыл. Өз кәсібін ұлт­тық киім тігуден бастаған. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының көмегімен менторинг және нет­воркинг курстарынан өтіп, білімін жетілдірген. Әріптестерімен бірге республика бойынша қыздар мен әйелдердің киімдерін тігумен ай­налысатын “Мир” фабрикасын ашты. Өнімдері үлкен сұранысқа ие.

Тайынша ауданының жас кә­сіпкері, “Баракят” жеке кәсіпкер­лігінің жетекшісі Зәуре Тұрлыбаева “Бастау бизнес” курстарынан өткеннен кейін шағын азық-түлік дү­кенін ашыпты. Ол да менторлық, нет­воркинг қызметтерін кеңінен пайдаланады. Өз бизнесін дамы­туда үлкен тәжірибе жинады. Жар­тылай фабрикаттар желісі іске қо­сылып, өндірістік цех пен қоғамдық тамақтану нысаны жұмыс істеп тұр.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында менторинг жобасын аяқтаған барлық қатысушыларға облыстық кәсіпкерлер палата­сының директоры Тимур Бекеев Лондондағы Халықаралық бизнес-мектептің Алғыс хаттарын табыс етіп, өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қосқан үлесі, белсенді өмірлік ұстанымы үшін рақметін айтты.

– Әйелдер отбасының тірегі, ба­ла-шағаның анасы болумен қатар, елінің игілігі үшін еңбек етеді. Се­нім, біліктілік, білімділік – бизнес­тегі ең маңызды қасиеттер, – деді Тимур Берікұлы.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы 2022 жылдың наурыз айы­нан бастап жұмыс істеп келеді. Жобалар БҰҰ-ның даму бағдарла­масы және Азия даму банкінің қол­дауымен жүзеге асырылады. Оның шеңберінде әйел кәсіпкерлер үшін қаржылық емес қызметтердің 7 түрі көрсетіледі.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp