Учаскелік инспекторлар Айыртау ауданында орын алған заңсыз аң ату фактісін анықтады. Жұмыс бабымен ауылдардың біріне бара жатқан полицейлер орманнан шаңғы іздерін байқаған. Жолдың бойын тексеру кезінде екі сібір елігінің еті табылды. Сол маңда жүрген екі адам полицейлерді көре сала орманға жасырынған. Алайда олардың біреуін учаскелік полиция инспекторы танып қалған. Келесі күні жедел-іздестіру іс-шаралары барысында заңсыз аң аулады деген күдікпен ауданның 22 және 28 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Олардан аңшы мылтықтары мен оқ-дәрілер тәркіленді.
Бұл іс сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес адамдар тобымен жасалған қылмыс үшін 6 мың айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлдан бастап 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.