Өткен жылы Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің мамандары 43 құқық бұзушылықты тіркеді. Олардың 25-і – қылмыс санатына жатқызылды.
Пойыздарда жиі орын алатын қылмыстардың кең тараған түрі – есірткі тасымалы. Былтыр мамандар мұндай 10 фактіні анықтап, заңсыз айналымнан 71 грамм синтетикалық затты тәркіледі. Сондай-ақ вокзал аумағында ұрлық фактілері де тыйылар емес. 2022 жылы осындай қылмысқа барған 16 азамат құрықталды.
– Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Қарақоға” станциясында 3-4 жыл бойы ұрлықты кәсіп қылған теріскейліктер ұсталды. Олар жүк пойыздарына тиелгелі тұрған құнды заттарды қолды қылумен айналысқан. Қазіргі таңда қылмыстық іс сотта қаралуда.
Әкімшілік жауапкершілікке 1604 адам тартылып, оларға хаттама толтырылды. 149 адамға 1 млн. 685 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, – дейді Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы Сәкен Рақымов.
Әсет ҚАНАФИН.