«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Арақтан бас тартқан ауыл

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғабит Мүсірепов атында­ғы ауданның Ковыльное елді мекені көпке үлгі. Мұн­дағы тұрғындар осыдан 10 жыл бұ­рын спирттік ішім­діктерден бас тартқан болатын.

Облыстық полиция депар­та­менті баспасөз қызметінің мәлі­метінше, 405 тұрғыны бар ауыл­да соңғы жылдары бір де бір қыл­мыс тіркелмепті. Полицияның есе­бін­де тұрғандар да жоқ. Бір­неше жыл бұрын елді мекендегі ақса­қал­дар жастарға ішімдік ішу­ден бас тартуды ұсынады. Ха­лық бұл бастаманы бірауыздан қолдап­­ты. Қазір Ковыльное дү­кендерінде спирттік ішімдіктер са­тыл­майды, өйткені сұраныс жоқ. Ойын-тойлар да арақсыз өтетін болған.

“Бұл ауылда тұру қауіпсіз. Түнде тып-тыныш, балаларды да еш қорықпай ойнауға жібере ала­мыз. Басқа елді мекенде тұр­ған­да есік алдына су толы ыдысты қалдыра алмайтынбыз. Өйткені ұрлап кететін. Қазір үйді де еш қорықпастан ашық тастап жүре береміз”, – дейді Ковыльное елді мекеніне өзге ауылдардан көшіп келген тұрғындар.

Елді мекеннің қауіпсіз болуы­ның тағы бір себебі – мұндағы көшелерге 130 бейнекамера ор­натылған, бұл – қоғамдық тәртіпті сақтауда учаскелік полиция инспекторына үлкен көмек.

“Құқық бұзушылықтардың, ин­тернет алаяқтықтың алдын алу үшін біраз жұмыс атқарылуда. Мектептегі оқушылармен жиі кез­десеміз. Абаттандыру ережеле­рінің сақталуын, тұрғындардың малды бос жібермеуін бақылауда ұстау керек. Ал қылмыс негізінен мастықтан жасалады. Елді ме­кенде мұндай заң бұзушылық­тар­дың тіркелмегені қуантады”, – дей­ді Тахтаброд ауылдық округі­нің учаскелік полиция инспек­торы Дәулет Молдахметов.

Жергілікті кәсіпкер Серік Ма­лаев бейнекамераларды орнату­дан бөлек, елді мекеннің әлеу­меттік жағдайына да баса назар ау­дарып келеді. “Ақселеу” жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі есебінен балалар мектепте тегін тамақтанады. Жолды да өз қа­ражатына жөндейді, спорттың да дамуына үлес қосуда.

“Спирттік ішімдіктен бас тарт­қалы бері кәсіпорында да тәртіп бұзу сап тыйылды. Түсініспеу­ші­ліктер, жұмысқа келмей қалу де­гендер болмайды. Барлық азғын­дықтың бастауы – арақ қой. Тұр­ғындардың саламатты өмір сал­тына ден қойғандары, жарқын болашаққа адал еңбекпен жетуге талпынып отырғандары жаны­мыз­ды жадыратады”, – дейді кәсіпкер Серік Малаев.

Ауылдағы 405 тұрғынның 120-сы жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестікте жұмыс іс­тейді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp