Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 “а” сынып оқушысы Айсана Құсайынова “Горизонт – 2100” халықаралық ғылыми, ғылыми-практикалық және ғылыми-фантастикалық жұмыстар байқауының жүлдегері атанды. Ол өзінің ғылыми-фантастикалық шығармасын жарқын болашақ туралы эссе түрінде ұсынған. Осы тақырыптағы шығармаларды құмарта оқитын Айсана жастар арасында ұйымдастырылған конкурсқа қатты қызыққан. Сондықтан бірден сайтта тіркеліп, қатысуға өтініш жолдаған.
– Мен бұл байқауды әлеуметтік желілерден тауып, қатысуға бел будым. Негізі эссені пандемия кезінде жазған болатынмын. Себебі коронавирус індеті төрткүл дүниені үлкен әбігерге салып, ғаламдық проблемаға айналды. Мен аталған мәселеге барша адамзат, ғалымдар назарын аударып, мұндай жағдайларда бірліктің қаншалықты маңызды екенін жеткізгім келді. Эссені дәрігердің күнделік жазбасы түрінде ұсындым. Онда ақ халатты абзал жандардың жанкешті жұмысы, науқастардың күрт көбеюі, тәжірибелі кадрлардың жетіспеушілігі жайлы баяндалады. Нәтижесінде түрлі елдердің 9 дәрігері вакцина ойлап тауып, вирусты жеңіп шығады. Байқаудың алғашқы кезеңінде өзекті тақырыпқа арналған және де менің қиялымнан туған жазба жұмысым оң бағаланып, ақтық сайысқа жолдама алдым. Сірә, қазылар алқасына мамандардың вирусты жоятын препарат тауып, әлем тажалын еңсерген оптимистік түйін ұнаған болу керек, – дейді өз ойымен бөліскен халықаралық байқаудың жүлдегері.
“Горизонт – 2100” халықаралық сайысы 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл жолы 53 елден 16 мен 26 жас аралығындағы мыңнан астам үміткер бақ сынаған. Байқау жүлдегерлері 5-9 ақпан аралығында Мәскеуде өтетін “Әлем 2100: жаhандық трендтер және болашақ жастар көзімен” атты халықаралық форумға қатысады.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА.