Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда автокөлік жолы толыққанды жөнделмесе де, шенеуніктер бөлінген қаржыны жымқырып үлгерген. Аталған фактіні Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері анықтады.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда “Ауыл – ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасы бойынша автокөлік жолы жөнделуі тиіс болатын. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қомақты қаражат та бөлінген. Алайда өз пайдасын ойлаған шенеуніктер мемлекеттің қаржысын қалталарына салып алған.
– Жол жөндеу жұмыстары аяқталмай тұрып, пайдалануға беру туралы құжаттарға қол қойылған. Жоспарланған 53,5 шақырым жолдың 27 шақырымы әлі жөнделмеген. Келтірілген шығын көлемі шамамен 450 млн. теңгені құрады. Ауданда жол салу кезінде қаржы жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу нәтижесінде ұрлыққа қатысы бар бірнеше жауапты адам анықталды. Іс сотқа жіберілді, – деп жазылған Қаржылық мониторинг агенттінің мәлімдемесінде.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілдері жауапты мердігерге жөнделмей қалған жол учаскелерін қалпына келтіруді міндеттеді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.