Мамлют ауданында 143 литр заңсыз алкоголь тәркіленді. Мамлюттік полицейлер ауылдың бір тұрғынының ащы суды лицензиясыз дүкенде емін-еркін сатып келгенін анықтады. Кәсіпкерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша іс қозғалды.
Аудандық полиция бөлімі мамандарының айтуынша, Мамлют ауданындағы көптеген қылмыс мас күйде жасалады. Ащы суға бөгіп алған олар ойына келгенін істейтін көрінеді. Сол себепті, заңсыз сатылып жатқан алкогольдік ішімдіктерді тәркілеп, жолын кесу отбасылық жанжалдардың санын азайтуға да ықпал етеді деген болжам бар. Мәселен, 2021 жылы 144 отбасылық жанжал дерегі тіркелсе, былтыр ол 115-ке дейін азайған. Жалпы облыста былтыр тәртіп сақшылары барлығы 9600 литр заңсыз алкоголь өнімін тәркілеген.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.