Бүгінгі күні жастар арасында ең өзекті проблема саналатын есірткі жайлы статистикалық мәліметтер жан түршіктіреді. Ол туралы облыстық полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Иван Терзиди өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Облыс бойынша жарты мыңға жуық нашақор тіркеуге алынған. Олардың арасында кәмелет жасына толмағандар да бар.
“Былтыр 139 адам есірткі саудасы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың 8-і – шетел азаматы. Сондай-ақ синтетикалық есірткіні Алматы мен Петропавл арасында тасымалдап жүрген қылмыскерлер тобы, бір есірткі зертханасы әшкереленді”, – деді басқарма жетекшісі.
Өткен жылы есірткіге қатысты 242 қылмыс тіркеліп, оны сатудың 90 фактісі анықталған. Заңсыз айналымнан 425 килограмм есірткі тәркіленген. Жиі кездесетін психотроптық заттардың ішінде 3,4 килограмм синтетикалық есірткі бар. Жедел іс-шараларды жүргізу барысында “спайс” синтетикалық есірткісін тарататын интернет-дүкеннің 22 жастағы әкімшісі ұсталған.
Басқарма бастығы есірткі таратумен айналысқан жандарға қолданылатын заң қатаң екенін ескертті. 10 жылдан 20 жылға дейін темір торға қамалуы мүмкін.
Дина МҰРАТ,
М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.