Қысқаметражды фильм түсіруден өңірімізге белгілі әуесқой режиссер Дамир Мәкімкенов балаларға арналған актерлік шеберлік мектебін ашпақшы. Дәрістерді Петропавлдағы орыс және қазақ драма театрларының кәсіби әртістері жүргізбек. Бұл игі бастаманы Қызылжар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сара Алдаева да қолдады.
Мектеп ашу идеясы жақында пайда болған. Өйткені оның фильмдеріне кастинг жүргізу барысында көптеген мектеп оқушылары театр мен кино өнерін игеруге ықылас танытыпты. Қазір тәжірибелері болмағанымен болашақта кәсіби мамандардың көмегімен қабілеттері ашылып, шешендік өнер, сахналық сөйлеу тілі, қимыл-қозғалыстары жетіле түсетін болады.
– Барлық актерлер балалармен жұмыс істеуге келісімдерін беріп отыр. Сабақтар қазақ және орыс топтарына бір жарым сағаттан аптасына 2-3 рет өтетін болады. Әр топта орта есеппен 10 адамнан болады, – дейді Дамир Мәкімкенов.
Көрермен залы және дайындық өткізетін жеке кабинет те жасақталыпты. Сонымен қатар Дамир Мәкімкенов өз тарапынан мерекелік іс-шараларды жастардың қатысуымен өтетін театрлық қойылымдармен толықтырмақшы. Қазір актерлік шеберлік мектебіне 2-11 сынып оқушыларын қабылдау жүріп жатыр.
Дина МҰРАТ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті.