Облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы құнды жәдігерлердің бірі – ақын, жерлесіміз Ерік Асқаровтың көзәйнегі.
Қазақ айтыс өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан талант иесі артына “Қарлығаш”, “Жетіген”, “Аққудың көгілдірі” сынды бірқатар жыр жинақтарын қалдырған.
Оның “Қаралы көш” әңгімесіне ақын, журналист Болат Қожахметов: “Шұғаның белгісіне” ұқсайды”, – деп хат жазса, қазақтың суреткер жазушысы, “Жұлдыз” журналының сол кездегі қызметкері Оралхан Бөкей: “Сен классик баласың. Бірақ журналға басуға әңгіменің көлемі қысқа”, – деп арқасынан қағыпты. Ақын көзі тірісінде жиі пайдаланған жәдігер туралы білмек болып әкесінің өнердегі жолын жалғастырып, Жүрсіннің жүйріктерімен сынға түсіп жүрген баласы, қазіргі уақытта Астанада тұрып жатқан Бекзат Асқаровпен тілдескен едім.
– Әкем бұл көзәйнекті 2000 жылдары жиі пайдаланды. Сол көзәйнекпен дүниені үлкейтіп, не кішірейтіп қарап отыратын сияқты еді маған. Әкемнің әлемге әйгілі классиктердің шығармашылығымен сусындауға, өндірте жыр жазуға көмегін тигізген көзәйнек мен үшін де қымбат, – деді ол.
Аталмыш жәдігерді музейдің қорына өлкетанушы, термеші “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері Дәстен Баймұқанов 2004 жылы тапсырыпты.
“Есілдің бойын,
Қызылжар төсін көмкерген.
Қайың де мені,
Көшпейтін туған өлкемнен.
Басыма менің ақ қайың ғана ек дер ем,
Жұлқысып жүріп жығылар болсам ертең мен”, –
деп жырлаған Ерік Асқаровқа тиесілі жәдігерді музей қабырғасына арнайы бас сұғып, тамашалайтындардың қатары қалың.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.