Диас Аяған
Биыл мерейтойлары аталып өтілетін ақын-жазушылардың ең биік шоғырында қазақ өлеңін жаңа деңгейге көтерген қаламгер, Алаштың ардақты перзенті Мағжан Жұмабаев тұрғаны ақиқат дүние. Ақынның 130 жылдығына арналған шаралар легі оның туған жері Қызылжар өңірінде басталып кетті. Сондай жиындардың бірі Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өтті.
“Біздің Мағжан” атты ауқымды көрменің ашылуына жырсүйер қауым мен жастар жиналды. Кітапхананың кең залының бір қабырғасын алып жатқан көрмеге ақынның шығармашылығы мен өмірінен сыр шертетін жыр жинақтары, зерттеулер мен энциклопедиялар қойылған. Көрмедегі тарихи суреттер мен құжаттардың да алар орны ерекше. Олардың әрқайсысы туралы тың мағлұматтарға кітапхана қызметкері Қайыржан Мәлікова қанықтырды.
– Мағжан Жұмабаевтың өмірі ақиқат пен аңызға толы. Бұл көрме арқылы оқырмандар мол деректермен таныса алады. Ақын жайлы жазылған зерттеулерге де орын берілген. Мұндағы әдебиеттерді төрт тілде оқуға болады. Кітапхана қорындағы Мағжанға қатысты кей кітаптар өте құнды саналады, – дейді ол.
Сонымен қатар көрмеде ақынға қатысты құжаттардың көшірмелері, оның алғаш рет жарық көрген жыр жинағының көшірмесі, ол ақталғаннан кейін алғаш жарық көрген кітабы, әдеби зерттеулер мен газет-журнал мақалалары қойылған екен. Жиналғандар Амангелді Жүсіпов таныстырған суретке ерекше назар салды.
– Бұл суретті маған ақынның жары Зылиха анамыз табыстаған болатын. Оны көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Суретті Мағжанға қатысты шараларға апарып, жастарға ол жайында айтып жүрмін, – дейді Амангелді Жүсіпов.
Мерейтойға арнап рухани орын ұжымы мобильді кітапхана дайындапты. Осылайша жастар ақпараттық технологиялардың көмегімен Мағжан жырларынан сусындай алады. Бұдан бөлек, көрмеде ақынның өлеңдері оқылып, Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің шәкірттері өз өнерлерін көрсетті.