Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалық етуімен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе бойынша экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижановтың есебі тыңдалды.
Баяндамашы Солтүстік Қазақстан облысының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы айтты, макроэкономикадағы индикатор 107,7 пайызды құрағанын жеткізді. Ауыл шаруашылығында 1117,1 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Астық, басқа да дақылдардың есебінен өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемі 114,8 пайызға орындалды. Мал шаруашылығы бойынша да өнімнің өсуі қамтамасыз етіліп, оның ішінде ет өндірісі – 4,9 пайызға, сүт өндірісі – 2,0 пайызға, жұмыртқа өндірісі 1,2 есеге артқан. Ірі қара малы – 4,1, қой-ешкі – 3, шошқа – 2,9, жылқы – 6,3, құс 5,9 пайызға көбейген.
Өнеркәсіпте 489,7 млрд. теңгенің тауары өндіріліп, нақты көлем индексі 104 пайыз болды. Бұл сала бойынша да ілгерілеу бар. Өңдеу өнеркәсібінде 9,8, тау-кен өндірісінде 13,4 пайыз өсім байқалғанымен, электрмен жабдықтауда 21,5, сумен жабдықтауда 6,4 пайызға құлдырауға жол берілген. Өнеркәсіптің негізгі үлесі өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі (82 пайыз). Мұнда өндіріс көлемі 401,6 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,8 пайызға өскен. Мына салаларда өсім қамтамасыз етілген: автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндірісі (9 есе), тоқыма бұйымдарын өндіру (3 есе), сусындар өндірісі (2,5 есе), жеңіл өнеркәсіп (2,2 есе), тамақ өнімдерін өндіру (7 пайыз), электр жабдықтарын өндіру (1,7 есе), машиналар өндірісі және басқа топтамаларға енгізілмеген жабдықтар (1,5 есе), металлургия өндірісі (17 пайыз), машина жасау (3,3 пайыз). Қаңтарда 1,3 пайыз өсіммен 35,0 млрд. теңгенің өнімі шығарылмақ.
Былтыр жалпы ауданы 299,9 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Қаңтар айында 1677 шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. 2022 жылы экономикаға тартылған инвестицияның жалпы мөлшері – 366,6 млрд. теңге. Оның 60,6 пайызы – кәсіпорындардың жеке қаражаты. Ең көп қаржы ауыл, орман және балық шаруашылығына бағытталған. Жеке инвестиция көлемі – 304,6 млрд. теңге. Қаңтар айында негізгі капиталға құйылатын инвестиция 13,6 млрд. теңгеге жетпек.
Бір жыл мерзім ішінде 324,6 млрд. теңгенің тауарлары сатылып, сыртқы сауда айналымы 963,8 млн. долларды құрады. 25961 адам жұмысқа орналастырылып, 10596 жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының іс-шараларына 18,5 мың адам тартылды.
Қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант 2022 жылдың бюджетінің орындалу барысын баяндады. Жергілікті қазынаның кірісі 97390,8 млн. теңгеге жетіп, жоспардан тыс 11068,7 млн. теңге түсім алынған. Өкінішке қарай, 3259,6 млн. теңге қаражат игерілмей қалған, оның 30403,1 млн. теңгесі – республикалық бюджет және Ұлттық қордан бөлінген мақсатты трансферттер, 216,5 млн. теңгесі – жергілікті ресурстар.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жекелеген көрсеткіштердің төмендеп кеткенін, осыған орай аудан әкімдері мен басқарма басшыларының назарын игерілмей жатқан ішкі резервтердің ауқымдылығына аударып, республикалық, облыстық қаржыны тиімді жұмсау, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндіктерін атап көрсетті. Ұзақ мерзімге берілетін мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдікті субсидиялар рәсімдеуге қатысудың тиімділігіне тоқталды. Минералдық тыңайтқыш аз сіңірілетінін, тұқым қоры мен машина-трактор паркі жаңартыла бермейтінін, мердігерлермен келісімшарттар уақытылы жасалмайтынын, өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарайтын ұйымдардан қатаң жауапкершілік талап етілмейтінін айта келіп, міндеттемелер мен тапсырмалардың қысқа мерзімде уақтылы әрі сапалы орындалуын қадағалауды өз орынбасарлары, аудан әкімдері мен мекемелердің бірінші басшыларына жүктеді.