Петропавлда полиция қызметкерлері тұрғылықты мекенжайы жоқ жандарды анықтауға және тексеруге бағытталған рейдтік іс-шараларды жалғастыруда. Жылу құбырлары, кәріздік құдықтар, жертөлелер. Қабылдау-тарату орнының қаңғыбастарды жинау тобы үй-күйсіз жүрген адамдар болуы мүмкін осындай орындарды күн сайын тексереді. Полиция қызметкерлеріне қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды, оқыс оқиғалардың алдын алу міндеті жүктелген.
Қаңғыбастарды жинау тобы баспанасыз жүргендерді ең алдымен қабылдау-тарату орнына жеткізеді. Бұл жерде олар барлық есептер мен бағдарлар бойынша тексеріледі, қажетті көмек көрсетіледі. Бұдан кейін олар Жұмысшы кентінің шет жағында орналасқан түнгі түнеу орнына апарылады. Мұнда олар жылы бөлмеде түнеп шыға алады.
Жыл басынан қабылдау-тарату орнына алпыстан астам адам жеткізілді. Соттың санкциясымен 15 адам орналастырылған. Қолда бар есептердің көмегімен бұрын сотталған 5 адам анықталды.
Болат БАЙМАҚАНОВ,
Петропавл қалалық полиция басқармасы құрамындағы қабылдау-тарату орнының бастығы, полиция майоры.