Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 ақпан күні “101” нөміріне Тайынша ауданындағы Келлеровка елді мекенінің маңында IVECO жүк көлігінен өрт шыққандығы жөнінде хабар түскен.
Мамандар оқиға орнына 14 минут ішінде жетті. Олар келген кезде көліктің қозғалтқыш бөлігінен шыққан жалын тіркемесіне ауысып, барлық бөлігіне жайылып үлгерген екен. Машина толық жанып кетті.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі өрт кезінде ешкімнің зардап шекпегенін растады.
“Жүк көлігі Петропавлдан шығып, Тайыншаға бара жатқан. Қорабы бос болған. “Петропавл – Астана” автожолының 382 шақырымында фура жана бастаған. Алдын ала болжам бойынша, өрт сымдардың қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін. Рөлде отырған ер адам аман, зардап шеккен жоқ. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері сол жерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті”, – деді баспасөз қызметінің өкілдері.
Өңір құтқарушылары соңғы кезде автокөлікте болатын өрттердің көбейгенін айтады. Мәселен, былтыр осындай 5 өрт тіркелсе, биыл жыл басталғалы 10 автокөлік зақымданған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.