«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қалдан да қауіп көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыста былтыр тері меланомасынан 3 адам қайтыс болды. Терінің қатерлі ісігі – қауіпті дерттердің бірі. Мамандардың айтуынша, ол сирек кездескенімен, өлім-жітім деңгейі жоғары. Тері обыры жайында онкологиялық орталықтың емхана меңгерушісі Марат Тұрғынов айтып берді.

– Марат Әнуарбекұлы, меланома қандай дерт?

– Меланома – қауіпті онколо­гиялық ауру, тері обырының бір түрі. Ол терінің пигментті жасушалары­нан пайда болады. Меланоциттер теріге түс беретін меланин деген пигментті өндіреді. Яғни терінің күнге күйіп, қараюына осы мелано­циттер жауапты. Кей жағдайда ме­ланоциттер қатерсіз ісік – қалды, невусты түзеді. Ал ол қатерсізден қатерліге айналған кезде меланома пайда болады. Меланома негізінен теріде, кейде көз алмасында, мидың қабығы мен жұлында, мұрын-жұтқыншақ қуысында, көмекейде, асқа­занда және ішектің шырышты қаба­тында кездеседі. Көп жағдайда ме­ланома адамның туабіткен меңқал­дарында пайда болады. Бастап­қы­да теріде диаметрі 2-5 милли­метрдей ісік білінеді, бірақ адам оны ауырсынбайды. Кей жағдайда теріге “сүйел” сияқты бөртпе шығып, бірте-бірте қара-қоңыр немесе қара түсті даққа айналады. Егер адам жарақат алса, ісіктің мөлшері тез ұлғайып, тығыздалып, жақын жатқан лимфа түйіндері ісіне бастайды. Қолмен ұстап көргенде бұдыр байқалады. Жалпы тері меланомасы сирек кездеседі. Ол тері обырының небәрі 4-10 пайызын ғана құрайды. Бірақ қатерлі ісіктің бұл түрінен болатын өлім-жітім жоғары.

– Тері меланомасына қатысты тәуекел тобына кімдер кіреді?

– Тері меланомасымен ауырған­дардың басым бөлігі – 30-35 жаста­ғы­­лар. Әйелдерде көбінесе аяғының төменгі бөліктерінде, жіліншік-си­рақта орналасады. Ер адамдарда кеуде бөлігінде, иығынан бастап жамбасқа дейінгі аралықта, көбінесе арқада немесе мойын-баста жиі орналасады. 6 жастан асқан бала­ларда меланома бетте болады. Көп жағдайда тері обыры невусқалдың орнында, тек 28-30 пайызы ғана таза тері орнында пайда болады.

Сондай-ақ қатер тобына уақы­ты­ның көп бөлігін шақырайған күн астында өткізетін адамдар кіреді. Олар ультракүлгін радиация алады.

Күнге күюді әдетке айналдыр­ғандарда да тері обырының пайда болу қаупі жоғары. Әсіресе демалы­сын Жерорта теңізі жағалауында, Түркия, Мысыр елдерінде өткізуді ұнататындар абай болуы керек.

Қараторы адамнан гөрі, ақсары келген, терісі күн көзіне тез зақым­данатын адамдарда меланома жиі кездеседі.

Қатер тобына дененің пигмента­циясы бұзылған, жүре пайда болған иммун тапшылығы бар адамдар, тері меланомасы бар науқастардың туыстары да кіреді. Сондай-ақ гормоналды препараттарды ұзақ уақыт қолдану, қалдың орнын жара­қат­тау, теріде көлемі 1,5 см қара немесе қою қоңыр түсті туабітті белгілерінің және денеде кез келген мөлшердегі 50-ден астам қалдың болуы да меланомаға әкелуі мүмкін.

Тағы бір айта кетерлігі, мела­номамен ауырып, емделген адамда аурудың қайталану қаупі жоғары.

– Қалдан меланоманы қалай ажыратуға болады?

– Меңнің, не қалдың меланомаға айналуына нақты не себеп болаты­ны әлі күнге белгісіз. Әдетте, қал өз­гермейді, ал егер ол ұлғая бастаса немесе ісіп, қандай да бір өзгерістер пайда болса, қышыса, ауырса, шан­шыса, басқа да жағымсыз әсерлер тудырса, міндетті түрде дәрігерге көріну керек. Невустың қатерлі ісікке айналуының бір белгісі – оның бе­тіндегі түк түсіп, жарылуы, қанауы мүм­кін. Бұл – қатерлі ісік өршігенде пайда болатын белгілер. Сондай-ақ теріде меңге ұқсас қоңыр-қара дақтар пайда болса да дерматологқа немесе онкологқа барып көрінген дұрыс. Денедегі мең-қалдың түсі қою болған сайын, оның меланома болу қауіптілігі соғұрлым жоғары. Жалпы терінің бетіне шығатын қара пигменттік дақтардан сақтану керек. Меланоманың қатерлі обыр санатына жатқызылуының бір се­бебі – оның тез күшейіп, алдын ала болжанбайтындығында. Меланома дер кезінде, яғни теріге терең ен­беген кезінде анықталса – емделеді. Ал егер тері обырын дер кезінде байқап, алып тастамаса, оның жасушалары тереңге кетіп, дененің басқа мүшелеріне таралып, зақым­дауы мүмкін.

– Облыста тері меланомасына шалдыққан науқастардың саны қанша?

– Өңірде 138 адам диспансерлік есепке алынған. Оның 95-і – әйел, яғни бұл дертке қыз-келіншектер жиі шалдығады. Былтыр тері обыры жаңадан 13 адамда анықталды. 2021 жылы осы қауіпті дерттен 3 адам қайтса, өткен жылы да мелано­мадан осын­ша науқас көз жұмды.

– Меланоманың алдын алу үшін не істеу керек?

– Ең бастысы сағат күндізгі 11:00-ден 15:00-ге дейінгі аралықта күн сәулесінің астында жүруден бас тартыңыз. Егер далаға шығу керек болған жағдайда теріні қорғау үшін жеңіл, жабық киім киіңіз. Жалпақ жиекті, күнқағары бар бас киім, күннен қорғайтын арнайы кремдерді пайдалану қажет. Қандай дерт бол­масын оны асқындырмай, ерте анық­таған жөн. Сол себепті душ не ванна қабылдағаннан кейін жарықта айна алдында тұрып денеңізді мұқият қарап, тексеріп шыққан жөн. Мең-қалдар саусақтардың да ара­сына шығуы мүмкін. Онкологиялық тері аурулары әртүрлі болады. Сон­дықтан терідегі қышыған, суланған, қанаған, қабыршықтанған нәрсенің барлығын дәрігерге көрсетіңіз. Ауру неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым оны емдеу жеңіл.

– Әңгімеңізге рақмет!

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp