Петропавлда ұлттық спорт түрі – жекпе-жектен ашық біріншілік өтті. Жарысқа облыс орталығы мен аудандардан 60-қа тарта үміткер қатысты.
Алдымен ортаға жарыстың ең жас әрі ең жеңіл салмақ дәрежесіндегі спортшылары Әділет Кәрімжан мен Кирилл Бузмаков шықты. Жеребе алғашқы кездесуде бір залда жаттығатын қос спортшыны жұптастырды. Жалынды жастар бір-бірінің қарым-қабілеттерін жақсы біледі екен. Осал тұстары мен оң жамбасына келетін қырларымен де жақсы таныс. Бұл тартысты кездесудің тағдыры 2-ші кезеңде шешілді. Әділет Кәрімжан қарсыласын қылқындыру әдісімен тізе бүктірді.
– Жекпе-жекпен айналысып жүргеніме 1 жыл болды. Оған дейін бокспен айналысқанмын. Жекпе-жектен өз бағымды екінші рет сынап көрдім, – дейді Әділет Кәрімжан.
Жарыста Есіл ауданының спортшылары да жақсы өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. Асанәлі Жұматайдың жекпе-жекке бет бұрғанына 1 айдан астам уақыт болыпты. Соған қарамастан жас жігіт бірінші кездесуде өз қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.
Бұл жарыста бақтарын сынаған жастардың деңгейі жоғары. Осы додада жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, оза шапқандар облыс құрамасы сапына алынады.
– Аталған сайыс ел чемпионатына іріктеу болып табылады. Ақпанның 15-19-ы аралығында ересектер арасында жекпе-жектен ел біріншілігі өтеді. Одан кейін Атырау қаласында 2003-2004, 2005-2006 жылдары туған балалар арасында ел чемпионаты ұйымдастырылады. Сол жарыстарға осы ашық біріншіліктен мықтыларды іріктеп алмақшымыз, – дейді жекпе-жектен облыстық федерацияның президенті Жалғас Тортулов.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.