Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы мамандардың әртүрлі қызметтік тапсырмаларды ұтымды орындауы үшін икемді жұмыс кестесін, қашықтан жұмыс істеу, тиімді жағдайларды кеңінен пайдалану тәжірибесін одан әрі жетілдіре түсуді ұсынып отыр. Республикалық ведомствоға қарасты департамент жүргізетін белсенді іс-қимыл жоспары алға қойылған міндеттерді орындаумен қатар мемлекет пен азаматтардың өзара жедел әрекет етуін де қамтамасыз етеді.
Икемді жұмыс кестесі – бұл қызметшінің өз қалауы бойынша жұмыс күнінің басталуы мен аяқталуының күнделікті уақытын немесе жұмыс берушімен келісім бойынша жұмыс күнінің күнделікті ұзақтығын таңдау мүмкіндігімен сипатталатын жұмыс уақытын бөлу, оған көшудің мақсаты әртүрлі жағдайларды ескеру арқылы және де мекеменің қалауымен мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жұмыс күнінің оңтайлы тәртібін құру тәсілі болып табылады. Ыңғайлы графиктер қызметкерлерге олардың келу және кету уақыттарын жұмысынан өзгертуге немесе жұмыс істейтін күндерді таңдауға мүмкіндік береді. Мұны дәстүрлі жұмыс аптасына балама ретінде де қарастыруға болады.
Қызметкерлердің икемді жұмыс кестесіне көшу тәртібі – мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметтеріне консультациялық және әдіснамалық қолдау көрсету бағыттардың бірі. Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы жүргізген талдауларға сәйкес, икемді жұмыс кестесіне көшуді қалайтын қызметкерлердің айтарлықтай өсуі байқалады. 2021 жылы 6 мемлекеттік орган осы режімде істесе, 2022 жылы олардың саны онға жетті. Демек, қызметкерлер өздеріне жасалған артықшылықтарды жұмыстан тыс жауапкершілікті теңестіру әдісі ретінде бағалайды деген сөз. Кейбіреулер әріптестермен байланыс жасаудың қиындығын алға тартады. Қалай десек те, пайдалы жағы басым екені даусыз. Конституцияның 21-бабын негізге ала отырып, жыл сайынғы демалыстың шекті ұзақтығын және төленетін ақысын, сондай-ақ демалуға құқықты жүзеге асырудың өзге де негізгі шарттарын мемлекет айқындайды.
Департаменттің бақылау басқармасының қызметкерлері үстеме жұмыстың алдын алу және оған жол бермеу шеңберінде қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, әдеп жөніндегі кеңес мүшелерімен және облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілімен бірлесіп, былтыр 960 қызметкер арасында заңсыз үстеме жұмыс және жұмыс уақытын ұтымсыз пайдалану фактілерінің жолын кесу бойынша түрлі шаралар ұйымдастырды. Алдын алу шараларына қарамастан Ғабит Мүсірепов атындағы, Тимирязев және Қызылжар аудандарында жұмыс берушілер тарапынан мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты режімін бұзу фактілері анықталып, бұзушылықтарды жою туралы шығарылған нұсқамаларға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтірілді.
Парламентке Еңбек кодексіне өзгермелі жұмыс кестесі туралы жеке бап енгізу ұсынылғаны белгілі. Ол бойынша жұмыс беруші жұмыс тәртібінің ережелерінде жұмыскерлерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып, жұмыс кестесінің күн сайынғы ұзақтығының 11 сағаттан аспайтын шектеулерін сақтай отырып, жұмыс кестесінің ұзақтығы әртүрлі аптаның әртүрлі күндеріндегі жұмыстың жылжымалы кестесін белгілеуге құқылы. Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін орташа белгіленген, бірақ бір тоқсаннан аспайтын жұмыс уақытының ұзақтығы сақталуы тиіс кезең жылжымалы жұмыс кестесі кезіндегі есепті кезең деп танылады. Сонымен бірге Еңбек кодексіне онлайн жұмыс істейтіндердің қызметін реттейтін жеке бап енгізілмек.
Департамент үстеме жұмысты жою және икемді жұмыс кестесін белгілеу мақсатында тоқсан сайын мемлекеттік органдардың басшыларына өз қызметкерлерімен түсіндіру әңгімелерін жүргізу қажеттілігі туралы талдамалық хаттар жолдап отырады. Оның оң нәтижесі жоқ емес. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыстағы тұрақты кідірістері ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық ахуал туғызатыны, әріптестеріне ғана емес, отбасы мүшелеріне де жайсыздық әкелетіні жете ескеріледі. Үстеме жұмыс фактісіне тап болған немесе икемді жұмыс кестесіне көшуді ниет еткен ұйымдар мен мемлекеттік қызметшілерге көмек қолын созуға әзірміз.
Абзал ОРАЗЫМБЕТОВ,
мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы.