“Қарты бар үйдің – қазынасы бар” деген рас. Менің әжем отбасымыздың ғана емес, әулетіміздің ұйытқысы. Ақыл-парасатымен ауылдастары арасында “Әйшә апай” атанған ардақтымды мақтан етемін.
Әжем Нұрғайша Халыққызы Ресейдің Омбы өңірінде дүниеге келген. Атамыз Асқар Шайдин екеуі 1961 жылы отбасын құрып, жарты ғасыр бірге тату-тәтті өмір сүрді. Ата-әжеміз сегіз бала өсіріп, ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырды. Екеуі ұрпақ тәрбиелей жүріп, еңбектен де қол үзген емес.
Нұрғайша әжем бүгінде ұл-қыздарынан тараған 23 немере мен 20 шөбере сүйіп, кіші ұлы, менің әкем Қамбардың қолында тұрып жатыр. Мен әжемнің тәрбиесінде, қамқорлығында өсіп келемін. Есейген сайын әжемнің айтқан әр сөзін, ақылын санама түюге тырысамын. Көпті көрген жан тағылымды әңгімелерді жиі айтады. тәуелсіздіктің талбесігінде өмір сүріп жатқан біз аға буын өкілдерінің көрген қилы қиындықтарын ертегі сияқты қабылдайтынымыз рас. Кейде, тіпті іштей қабылдамай жатамыз. Әке-шешеден ерте айырылған әжем өмірдің ауыр соқпағын көрген. Елдегі ауыр тұрмыс, Ұлы Отан соғысы мен одан кейінгі жылдардағы қиындықтар әжемнің балдаурен шағының бақытты сәттерін талай ұрлады. Қанша қиындық көрсе де, ол тағдырына өкпе айту дегенді білмеді. Аузынан шүкіршілігі түспейтін әжемнің қайраттылығына таңғаламын.
Әжем 13 жастан бастап той-томалақтарда ән айтыпты. Облыстың энциклопедиялық зерттеуінде “Нұрғайша Халыққызы – қазақтың отбасылық әдеп-ғұрпына байланысты айтылатын жоқтау, сыңсу әндерін және халық ауыз әдебиетінің дидактикалық қысқа жанрлары жұмбақ, жаңылтпаш, тақпақ айту дәстүрін жалғастырушы”, – деген анықтама бар.
Ұстазым Айман Атымтайқызы әжемнің жастау кезінде пісірген тағамдарының дәміне әлі күнге дейін тамсанады. Әжемнің жасаған наурыз көжесін ерекше мақтайды, оның ұлттық өнер туралы айтқан әңгімесін жалықпай тыңдайтындарын да еске алады.
Мектепте, сыныптастарымның ортасында әжем туралы жылы сөздер естіген кезде, төбем көкке бір елі жетпей қалғандай күй кешемін. Бүгінде ауылдың ең үлкені менің әжем. Оны жұрт ерекше сыйлайды. Мектепте қандай да бір шаралар ұйымдастырылса, әжем төрден табылады.
Әжемнің немере-шөбереге деген махаббаты ерекше ыстық. Әр сөзін елжірей айтқан кезде бала жүрегіңді шаттыққа бөлейді. Ол махаббатын әр баласына, әр немересіне, әр шөбересіне үлкен сүйіспеншілікпен жеткізеді. Өзімнің осындай адамнан тәрбие алып, ержетіп жатқанымды бақыт санаймын.
Бір күні әжем жанына шақырып алып менің маңдайымнан құшырлана сүйді. Содан кейін оң жақ тұсына отырғызып: “Сен де бойжеттің. Бірер жылдан соң тұрмыс құрасың. Қазақ қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Етек-жеңіңді жинап жүр. Тәрбиең сөйлеген сөзіңнен, әр басқан қадамыңнан көрініп тұрсын. Қазақтың қызы деген атқа лайық болу үшін инабатты, кішіпейіл, биязы болу жеткілікті”, – деп ақылын айтты. Мен әжемнің осы сөздеріне ешқашан қиянат жасағым келмейді.
Мөлдір АСҚАР,
Жамбыл ауылының тұрғыны.
Уәлиханов ауданы.