Облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің 2022 жылғы 20 желтоқсандағы нөмірінде шыққан “Тұрғындар пошта қызметіне наразы” атты көлемді мақаланы оқып отырып, бұл салада шешімін күткен біраз мәселе барын аңғардым. Ауыл тұрғыны үшін “Soltüstık Qazaqstan” газетіне алты айға жазылу ақысы 3328 теңге болса, соның 1489 теңгесі ғана редакцияда қалады екен. Ал қалған 1839 теңгесін пошта алады, демек, “пошташылар жұмысын мұқият атқаруға тиіс қой” деген ой келді. Шынымен де, халық мерзімді басылымға көп жазылса, “Қазпошта” мекемесіне де пайдалы емес пе? Өйткені бір ауылға бір газет апарсаң да, он газет апарсаң да жол шығыны бірдей, ал түсетін пайда қомақты. Бұдан бөлек, редакция басшылығының жазылым бағасын бір теңгеге де көтермегеніне риза болдым.
Жамбыл ауданындағы Баян ауылында 110 отбасы, 500-дей адам тұрады. Тұрғындардың ынтымағы берік, көңілдері жарасымды. Бір-біріне көмек қолын созудан еш аянып қалған емес. Әсіресе, біз сияқты қарттар үнемі көмекке зәру болып жатады ғой. Бірде азық-түлік сатып алу үшін дүкенге бара алмай, бірде мемлекеттен ай сайын берілетін өзімізге тиесілі зейнетақымыз қолымызға тимей жатамыз. Сондай кезде ауылдағы пошташы Гүлия Сүлейменова алып-ұшып жетеді. Газет-журнал, хат-хабарымызды күнде демей-ақ қояйын, екі-үш күнде бір рет үйімізге әкеліп тұрады. Зейнетақымызды қолымызға ұстатқанда балаша қуанып қаламыз. Бәзбіреулер сияқты үйді-үйді аралап жүргенін міндетсінбейді, керісінше, халімізді сұрап, көңілімізді көтеріп тастайды. Кемпір екеуіміздің төбеміз көкке жеткендей әсерде боламыз. Гүлияның да біз сияқты жасы тоқсаннан асқан кәрі әкесі бар. Қазір қалада баласының қолында тұрып жатқан көрінеді. Сол кісі қызына үнемі: “Үлкенді сыйлаңдар, одан еш жерлерің кеміп қалмайды, ертең өздерің де сол жасқа келесіңдер, қария да – бір бала, көңілшек болады”, – деп ақылын айтады екен. Тәрбие деген атадан балаға осылай жалғасады емес пе? Мұны көрген бала жаман болмасы анық.
Мен Гүлияны “Баянның ерінбейтін пошташысы” деп атап кеткенмін. Ол сегіз жылдан бері осы жұмысты атқарып келеді. Тек газет-журнал мен хат-хабар тарату жұмысымен айналысып қана қоймайды, тұрғындарды мерзімді басылымға жазылуға насихаттап, оқудың пайдалы жақтарын үнемі айтып жүреді. Адал қызмет атқару осындай болмашы істерден басталады ғой. Жалпы пошташының жұмысы, әсіресе ауылдық жерлерде өте қиын. Оның үстіне жалақылары да мардымсыз. Сондықтан мен Гүлия сияқты жандардың қызметіне құрметпен қараймын. Ол қыстың боранында да, жаздың жаңбырында да үйінде қол қусырып отырмайды. Басылымдарды келген күні-ақ таратуға тырысады. Әсіресе алдымен қарт адамдарға жеткізіп беруге асық. Жолдасы Біржан жеке шаруашылықта жұмыс істейді. Екеуі де – елгезек жандар.
Қолыма түскен газеттерді қарап отырып, кейбір мәселелер ашық, нақты, тұшымды жазылып жүргенін байқаймын. Көтерер тақырыптардың ауқымы да кең, салмағы да ауыр. Журналистердің де қалам кідіртпей жазатыны қуантады. Бұл – ашық қоғамның жарқын бейнесі.
Соңғы жылдары қоғамда белең алып бара жатқан газет-журнал, кітап оқуға деген енжарлық мені де алаңдатады. Білімнің бұлағы – кітапта. Ал сол кітапты оқуға апарар жол газет пен журнал емес пе? Қазір ата-аналар мен мұғалімдер балаларға кітап оқыта алмай әлек. Бала ересектер не істесе соны қайталайтынын қалайша ұмыт қалдырдық? Егер үлкендердің өздері күніне бір мәрте газет оқу әдетін қалыптастырса, мәселе оп-оңай шешімін тапқалы тұр. Үлкендер басылымдағы кейбір қызықты тақырыптарды талқылап, өздері бастап үлгі көрсетулері тиіс. Өйтпесе, құр сөзден ештеңе өнбейді. Осылай кете берсек, кітап бетін ашпайтын, сауатсыз ұрпақ көбейеді. Осы кемшілікті жоюды қоғам болып қолға алатын кез келген сияқты.
Тілеу БАЙТҰРҒАНОВ,
зейнеткер.
Жамбыл ауданы.