«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Баянның ерінбейтін пошташысы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің 2022 жылғы 20 желтоқсан­дағы нөмірінде шыққан “Тұрғындар пошта қызметіне наразы” атты кө­лемді мақаланы оқып отырып, бұл салада шешімін күткен біраз мәселе барын аңғардым. Ауыл тұрғыны үшін “Soltüstık Qazaqstan” газетіне алты айға жазылу ақысы 3328 теңге болса, соның 1489 теңгесі ғана ре­дак­цияда қалады екен. Ал қалған 1839 теңгесін пошта алады, демек, “пошташылар жұмысын мұқият атқа­руға тиіс қой” деген ой келді. Шыны­мен де, халық мерзімді басылымға көп жазылса, “Қазпошта” мекемесіне де пайдалы емес пе? Өйткені бір ауылға бір газет апарсаң да, он газет апарсаң да жол шығыны бірдей, ал түсетін пайда қомақты. Бұдан бөлек, редакция басшылығының жазылым бағасын бір теңгеге де көтермеге­ніне риза болдым.

Жамбыл ауданындағы Баян ауылында 110 отбасы, 500-дей адам тұрады. Тұрғындардың ынты­мағы берік, көңілдері жарасымды. Бір-біріне көмек қолын созудан еш аянып қалған емес. Әсіресе, біз сияқты қарттар үнемі көмекке зәру болып жатады ғой. Бірде азық-түлік сатып алу үшін дүкенге бара алмай, бірде мемлекеттен ай сайын бері­летін өзімізге тиесілі зейнетақымыз қолымызға тимей жатамыз. Сондай кезде ауылдағы пошташы Гүлия Сү­лейменова алып-ұшып жетеді. Газет-журнал, хат-хабарымызды күнде демей-ақ қояйын, екі-үш күнде бір рет үйімізге әкеліп тұрады. Зейнетақымызды қолымызға ұстатқанда балаша қуанып қаламыз. Бәзбі­реулер сияқты үйді-үйді аралап жүр­генін міндетсінбейді, керісінше, халімізді сұрап, көңілімізді көтеріп тастайды. Кемпір екеуіміздің төбеміз көкке жеткендей әсерде бо­ламыз. Гүлияның да біз сияқты жасы тоқсаннан асқан кәрі әкесі бар. Қазір қалада баласының қолында тұрып жатқан көрінеді. Сол кісі қы­зына үне­мі: “Үлкенді сыйлаңдар, одан еш жерлерің кеміп қалмайды, ертең өздерің де сол жасқа келе­сіңдер, қария да – бір бала, көңілшек болады”, – деп ақылын айтады екен. Тәрбие деген атадан балаға осылай жалғасады емес пе? Мұны көрген бала жаман болмасы анық.

Мен Гүлияны “Баянның ерінбей­тін пошташысы” деп атап кеткенмін. Ол сегіз жылдан бері осы жұмысты атқарып келеді. Тек газет-журнал мен хат-хабар тарату жұмысымен айналысып қана қоймайды, тұрғындарды мерзімді басылымға жазылу­ға насихаттап, оқудың пайдалы жақтарын үнемі айтып жүреді. Адал қызмет атқару осындай болмашы істерден басталады ғой. Жалпы пошташының жұмысы, әсіресе ауылдық жерлерде өте қиын. Оның үстіне жалақылары да мардымсыз. Сондықтан мен Гүлия сияқты жандардың қызметіне құрметпен қараймын. Ол қыстың боранында да, жаздың жаңбырында да үйінде қол қусырып отырмайды. Басылымдар­ды келген күні-ақ таратуға тырыса­ды. Әсіресе алдымен қарт адамдар­ға жеткізіп беруге асық. Жолдасы Біржан жеке шаруашылықта жұмыс істейді. Екеуі де – елгезек жандар.

Қолыма түскен газеттерді қарап отырып, кейбір мәселелер ашық, нақ­ты, тұшымды жазылып жүргенін байқаймын. Көтерер тақырыптар­дың ауқымы да кең, салмағы да ауыр. Журналистердің де қалам кі­діртпей жазатыны қуантады. Бұл – ашық қоғамның жарқын бейнесі.

Соңғы жылдары қоғамда белең алып бара жатқан газет-журнал, кі­тап оқуға деген енжарлық мені де алаңдатады. Білімнің бұлағы – кі­тапта. Ал сол кітапты оқуға апарар жол газет пен журнал емес пе? Қазір ата-аналар мен мұғалімдер балалар­ға кітап оқыта алмай әлек. Бала ересектер не істесе соны қайталай­тынын қалайша ұмыт қалдырдық? Егер үлкендердің өздері күніне бір мәрте газет оқу әдетін қалыптастыр­са, мәселе оп-оңай шешімін тапқа­лы тұр. Үлкендер басылымдағы кей­бір қызықты тақырыптарды талқы­лап, өздері бастап үлгі көрсетулері тиіс. Өйтпесе, құр сөзден ештеңе өнбейді. Осылай кете берсек, кітап бетін ашпайтын, сауатсыз ұрпақ көбейеді. Осы кемшілікті жоюды қо­ғам болып қолға алатын кез келген сияқты.

Тілеу БАЙТҰРҒАНОВ,

зейнеткер.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp