«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аграрлық сала көрсеткіші көңілдегідей

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің төрағалығымен өткен жиында ауыл шаруашылығы саласының 2022 жылғы қорытындылары шығарылып, алда атқарылатын басым бағыттар белгіленді.

Алдымен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың баяндамасы тыңдалды. Ол былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1117,2 млрд. теңгені құрағанын, бұл көрсеткіш бойынша Тимирязев және Жамбыл аудандары жоғары жетістікке жеткенін, ал Ақжар мен Мағжан Жұмабаев аудандары көш соңында қалып қойғанын жеткізді. Өткен жылғыдай биыл да 4,4 млн. гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі, оның 3,1 млн. гектары дәнді, 1 млн. гектары майлы дақылдар. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жоғары сұранысқа ие, әлеуметтік маңызы зор картоп, көкөніс, қарақұмық алқаптары ұлғайтылады. Өткен жылы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, астықтың түсімі жаман болған жоқ. Гектар берекелігі 15,6 центнерден айналып, қамбаға 4,7 млн. тонна алтын дән жиналды.

Топырақ құнарлылығын арттыру үшін 2,7 млн. гектар алқапқа 171,6 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді, бұл өткен жылға қарағанда 11,6 мың тоннаға артық. Баяндамашы бұл бағыттағы кемшіліктерге де тоқталып өтті. Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, жұмыс істейтін агроқұрылымдардың 12,7 пайызы ғана минералдық тыңайтқыш сіңірумен айналысады. Олардың қатарында “Ратмир”, “Нұр Баско”, “Аман”, “Қызыл Ту-Нан”, “Қызыл ту-Астық” сияқты ірі шаруашылықтар бар. Биыл 3 млн. гектар жерге кемінде 200 мың тонна минералдық тыңайтқыш сіңіру міндеті тұр. Бүгінге дейін 70,4 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге уағдаластық жасалған. Өкінішке қарай, екітараптық келісімшарттар Айыртау ауданында – 3, Шал ақын ауданында – 5, Мағжан Жұмабаев ауданында 9 пайызға ғана орындалған. Арамшөптер мен зиянкестерге қарсы химиялық өңдеуді уақтылы атқару да аса маңызды.

Жыл өткен сайын элиталық тұқым мөлшері артып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 43,7 мың тоннаға жеткізілсе, биыл 9,2 пайызы жаңарады. Бұдан бөлек, алыс-жақын шетелдерден 20 мың тонна сапалы тұқым әкелінеді. Бұл жұмыс Жамбыл, Ақжар, аудандарында ақсап тұр.

Биыл қажетті тұқым көлемі – 488,5 мың тонна. Машина-трактор паркі 69,5 млрд. теңгенің 2370 техникасымен жаңаратын болады. Ақжар, Уәлиханов, Есіл, Шал ақын аудандарының қимылы сылбыр. Ауыл шаруашылығы паркіндегі техникалардың 73,4 пайызының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен. Тракторлардың – 75, ас­тық жинайтын комбайндардың 67 пайызы ескірген. 2841 техника есептен шығарылған.

Көктемгі дала жұмыстары көбі­не ауа райына тәуелді болғандық­тан, аса жауапты науқан найқа­лу­ды, жайбарақаттықты көтермей­ді. Сондықтан жергілікті шаруа­ларды жанар-жағармай өнімде­рімен уақ­тылы қамтамасыз етудің маңы­зы зор. Жеңілдетілген бағамен бе­рілетін дизель отыны­ның 18,6 мың тон­насын ақпанда, 17,5 мың тон­на­сын наурызда, 10,6 мың тонна­сын сәуірде, 26,9 мың тоннасын ма­мырда жеткізу көз­делген. Бекітілген кесте қатаң сақталуы тиіс.

Ведомство басшысы 2021 жылы мал шаруашылығы саласы бойынша қол жеткен жетістіктерді де баяндады. 110,7 мың тонна ет, 647,8 мың тонна сүт, 705,7 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, жоспар артығымен орындалған. Қазақ­станның өзге өңірлерінен және шетелден 6274 бас асылтұқымды ірі қара әкелінген. Бүгінде сүт өндірумен 100-ден астам агроқұ­рылым шұғылданады, олардың үш­тен бірінде заманауи сүт кешен­дері бар. Соңғы 5 жылда 30 сүт фермасы іске қосылды. Былтыр қолға алынған 17 жобаның 8-і пайдалануға берілді. Осылайша өндірілетін сүт мөлшері 24 мың тоннаға дейін молайды. Бұл бағ­дарламаларды жүзеге асыруға рес­публикалық қазынадан 35 млрд. теңге қарастырылды.

Баяндамашы ауыл шаруашы­лығы өнімдерін қалдықсыз өңдеу ісі жолға қойылғанын, соның ар­қасында 223 млрд. теңгенің азық-түлік өнімдері шығарылғанын жеткізді. Орташа есеппен жылына 360 мың тонна сүт өңдеуге жібе­ріледі. Бұл көрсеткіш жөнінен өңір республикада көшбасшы сана­ла­ды. Мемлекет тарапынан 69 млдр. теңге мөлшерінде субсидия бе­рілсе, биылғы көрсеткіш – 598 млрд. теңге.

Алқалы басқосуда облыстық ветеринария басқармасы басшы­сының міндетін атқарушы Олжас Болыспаевтың да есебі тыңдалды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары алда атқарылатын кешенді іс-шара­ларды нақтылап, белгіленген межелер мен міндеттемелерді орындау басты талап болып табылатынын атап көрсетті.

Әсем АЙТОЛЛА,

облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp