«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Күмбірледі күміс күй

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың қасиетті қара домбырасы талай ғасырлар түкпірінен сыр шертіп, халық санасында өрнегін қалдырып келеді. Дүлдүл даулескерлер өз замандарындағы оқиғаларды домбыра үнімен айшықтап, біздерге аманат етіп кетті. Солардың бірі – халық ақыны Тілеуке (Шал ақын) Құлекеұлы. Биыл ақынның туғанына 275 жыл толады. Тарихи тұлғаның есімін жаңғырту, қазақтың асыл қазынасы – домбыраға деген қызығушылықты арттыру, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, күй мұрасын халыққа кеңінен насихаттау мақсатында Шал ақын ауданының орталығында “Күмбірлеген күміс күй” атты облыстық күйшілер байқауы өтті.

Бұл сайыстың өз деңгейінде ұйымдастырылуына аудандық Мә­дениет үйіндегі “Ақбидай” домбыра оркестрінің жетекшісі Дархан Жара­сов ұйытқы болды. Осындай игі істі қолға алған оған жергілікті жұртшылық­тың айтар алғысы шексіз. Себе­бі күй сайысы жас­өспірімдер арасында облыстық деңгейде бірінші рет өткізіліп отыр.

Аталған сайыста облысымыз­дың түкпір-түкпірінен келген жас өнер­паздар сынға түсті. 9 бен 14 жас аралығындағы жеткін­шек­тер бақ сынасты. Әрбір орындаушының күйі көрермендердің жүректеріне нұр ұялатып, ерекше сезімге бөледі.

Күй – қазақтың елдігін, көңілінің кеңдігін білдіреді емес пе? Халқы­мыздың қуанышы мен қайғысы, күйініші мен сүйініші, мұң-шері мен шаттығы толқып-тасып, тек домбыра шанағынан төгіледі. Ұлтымыздың мінезі, ерлігі мен өрлігі де қазақтың күйлерінде жа­тыр. Сайысқа қатысушылардың бо­йында да осы қасиеттер байқалып тұрды. Жас өнерпаздар Құрманғазы, Қазанғап, Д.Нұрпейісова, Н.Тлендиев, Ә.Желдібаев, тағы да басқа күйшілеріміздің туын­дыларын нақышына келтіріп, ше­берлікпен орындап шықты.

Шал ақын ауданының құрметті азаматы, “Ақбидай” домбыра ансамблінің бұрынғы қатысушысы, күйші, қобызшы Самат Ғабдуллин, Ақан сері атындағы облыстық фи­лармонияның әншісі Еркебұлан Қарыпов, Сергеевка қаласындағы “Өр­кен” өнер мектебінің түлегі Нариман Жолдасбеков жас орындаушылардың шеберлігін сынап, әділ бағаларын берді.

Сайыстың қорытындысы бойын­ша Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген Айғаным Ерден күй тарту шеберлігімен, сахна әдебімен ерекшеленіп “Гран-при” иегері атанды. Бірінші орын Шал ақын ау­данының намысын қорғаған Арнұр Сүттеновке бұйырса, екінші орынды Есіл ауданынан келген Асанәлі Са­парғали қанжығасына байлады. Үшінші орынға екі қатысушы – Ти­ми­рязев ауданынан Ақтари Серік пен Шал ақын ауданынан Анель Аман­гелдиева ие болды. Есіл ауданынан келген ең жас қатысушы – 9 жасар Жазира Мұстафина көрер­меннің көңілінен шығып, “Ең жас орындаушы” аталымына ие болды. Сондай-ақ барлық қатысушыларға дипломдар мен кәдесыйлар табыс­талды.

Маржан ТАУШАРОВА.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp