Қазақтың қасиетті қара домбырасы талай ғасырлар түкпірінен сыр шертіп, халық санасында өрнегін қалдырып келеді. Дүлдүл даулескерлер өз замандарындағы оқиғаларды домбыра үнімен айшықтап, біздерге аманат етіп кетті. Солардың бірі – халық ақыны Тілеуке (Шал ақын) Құлекеұлы. Биыл ақынның туғанына 275 жыл толады. Тарихи тұлғаның есімін жаңғырту, қазақтың асыл қазынасы – домбыраға деген қызығушылықты арттыру, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, күй мұрасын халыққа кеңінен насихаттау мақсатында Шал ақын ауданының орталығында “Күмбірлеген күміс күй” атты облыстық күйшілер байқауы өтті.
Бұл сайыстың өз деңгейінде ұйымдастырылуына аудандық Мәдениет үйіндегі “Ақбидай” домбыра оркестрінің жетекшісі Дархан Жарасов ұйытқы болды. Осындай игі істі қолға алған оған жергілікті жұртшылықтың айтар алғысы шексіз. Себебі күй сайысы жасөспірімдер арасында облыстық деңгейде бірінші рет өткізіліп отыр.
Аталған сайыста облысымыздың түкпір-түкпірінен келген жас өнерпаздар сынға түсті. 9 бен 14 жас аралығындағы жеткіншектер бақ сынасты. Әрбір орындаушының күйі көрермендердің жүректеріне нұр ұялатып, ерекше сезімге бөледі.
Күй – қазақтың елдігін, көңілінің кеңдігін білдіреді емес пе? Халқымыздың қуанышы мен қайғысы, күйініші мен сүйініші, мұң-шері мен шаттығы толқып-тасып, тек домбыра шанағынан төгіледі. Ұлтымыздың мінезі, ерлігі мен өрлігі де қазақтың күйлерінде жатыр. Сайысқа қатысушылардың бойында да осы қасиеттер байқалып тұрды. Жас өнерпаздар Құрманғазы, Қазанғап, Д.Нұрпейісова, Н.Тлендиев, Ә.Желдібаев, тағы да басқа күйшілеріміздің туындыларын нақышына келтіріп, шеберлікпен орындап шықты.
Шал ақын ауданының құрметті азаматы, “Ақбидай” домбыра ансамблінің бұрынғы қатысушысы, күйші, қобызшы Самат Ғабдуллин, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі Еркебұлан Қарыпов, Сергеевка қаласындағы “Өркен” өнер мектебінің түлегі Нариман Жолдасбеков жас орындаушылардың шеберлігін сынап, әділ бағаларын берді.
Сайыстың қорытындысы бойынша Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген Айғаным Ерден күй тарту шеберлігімен, сахна әдебімен ерекшеленіп “Гран-при” иегері атанды. Бірінші орын Шал ақын ауданының намысын қорғаған Арнұр Сүттеновке бұйырса, екінші орынды Есіл ауданынан келген Асанәлі Сапарғали қанжығасына байлады. Үшінші орынға екі қатысушы – Тимирязев ауданынан Ақтари Серік пен Шал ақын ауданынан Анель Амангелдиева ие болды. Есіл ауданынан келген ең жас қатысушы – 9 жасар Жазира Мұстафина көрерменнің көңілінен шығып, “Ең жас орындаушы” аталымына ие болды. Сондай-ақ барлық қатысушыларға дипломдар мен кәдесыйлар табысталды.
Маржан ТАУШАРОВА.
Шал ақын ауданы.