Ұлтты ұлт етіп, әлемдік деңгейге көтеретін бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты мақсаттардың бірі. Бала толыққанды білімге ие болып, көзқарасы қалыптасқан, қазіргі күрделі жағдайда өз бағытын бағдарлай алатын жеке тұлға болып қалыптасып, қоғамнан өз орнын таба білсе, ұстаз еңбегінің ақталғаны. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында: “Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс”, – дей келіп, “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы қолға алынғанын, 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатынын, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешілетінін айтты. Осы орайда, ұстаздар қауымымен қоса ата-аналар да оқушылардың алған білімнің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болу үшін белгілі бір деңгейде жауапты екендіктерін сезінуге тиіс. Сонда оқушының білім алуына мемлекет тарапынан инвестиция ретінде жұмсалатын мақсатты капиталдың ақталары анық. Біз осы бағытта жұмыла жұмыс жүргізудеміз.
Жаратылыстану-математикалық бағыттағы, барлық пәндер тереңдетіліп оқытылатын лицейдің мақтана айтарлық жетістіктері көп. Биыл өз алдына шаңырақ құрғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында оқушыларымыз халықаралық, республикалық, облыстық пән олимпиадалары мен ғылыми конкурстарда жарты мыңға жуық жүлделі орынды жеңіп алды. “Ең үздік олимпиадалық мектеп”, “Ең үздік олимпиадалық команда” атақтарын иеленді. Өскелең ұрпаққа сапалы тәрбие беріп, ғылым саласына қосқан үлкен үлесі үшін Халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылымдар академиясының рейтингі негізінде еліміздегі 100 үздік оқу орнының қатарына енді. Бірыңғай тестілеу нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай. Былтыр орташа 103,5 ұпай иеленіп, инновациялық үлгідегі ең үздік мектептер қатарынан көрінді. Пәндер бойынша білім сапасы – 86,2 пайыз. Түлектеріміздің 90 пайызы жылда грант иегері атанады. Осында білім алған Должниковтар әулетінің есімдері төрткүл дүниеге жақсы таныс. Дмитрий – химия ғылымдарының докторы, АҚШ-тың Чикаго университетіндегі ұлттық зертхана меңгерушісі, Алена – химия философиясының докторы, Голландия университетінің оқытушысы, Владимир Мәскеу мемлекеттік университетін өте жақсы аяқтады. 2014 жылы 7-сынып оқушысы Кәмила Зікіринаның Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен ХVІІ “Праздник детства” атты жас өнерпаздардың халықаралық фестивалінде бірінші орынды жеңіп алғанын жерлестері ұмыта қойған жоқ. Зарина Амантаева, Мәдина Ысқақ, Наргиз Алекберова, Диана Алиева, Рената Сатрдинова, Шыңғыс Аманбаев бастаған түлектеріміз лицейдің мерейін асырды.
Елдің қуаты, ең алдымен, азаматтарының білімімен өлшенетін заманауи әлемде, жаңа технологиялардың даму үрдісінде ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше. Олар егеменді Қазақстанның болашағын, оның әлемдік өркениеттегі орнын анықтайды десек, артық айтқандық емес. 374 оқушыға 49 мұғалім сабақ береді. Олардың 3-уі – педагог-шебер, 24-і – педагог-зертеуші, 6-уы – педагог-сарапшы, 9-ы – педагог-модератор, 18 пайызы – жас мамандар, магистр дәрежелі мұғалімдер – 16. Светлана Шәукерова, Ольга Степанова, Татьяна Мига, Салтанат Махмутова, Татьяна Коломиец, тағы басқа ұстаздар ұжымның мақтанышы саналады.
Білім беру жүйесін қолжетімді әрі инклюзивті ету Жолдауда басты міндеттің бірі ретінде айтылды. Өйткені қарапайым білімнің өзін меңгере алмайтын, тіпті білім алуды қажет деп таппайтын оқушылар санының көбейіп бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Бұл проблеманы Қасым-Жомарт Кемелұлы ашық айтып, дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету, конкурстан тыс гранттар беру, бірреттік ақшалай сыйақы төлеу, балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру, әсіресе тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
Президент “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында шетелде білімін жетілдіріп, Қазақстанның мүддесін қорғайтын жастарға үлкен үміт артты. “Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек”, – деген міндет қойды. Осы орайда шын отансүйгіштік жалаң ұран емес, еліңе, халқыңа қызмет істеу екенін баса айтқым келеді. Ешкім де патриот болып тумайды, ол білім мен тәрбие арқылы қалыптасады. Жеке мақсат-мүдде қоғам игілігімен үндесіп жатса, патриоттық рух мінез болып дариды.
Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы, білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбие құралы. Шығыс ойшылы Науаи: “Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына”, – десе, Абай атамыз “Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа”, – деген асыл ғибрат қалдырған. Осындай мағыналы пайымдардан кітап оқудың кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзі не екенін түсінесің. Адамзаттың ақыл-ойының жиынтығы – кітап, білім – оны сақтайтын қазыналы сандық десек, кітап әлеміне баланы қалай енгізуге болады деген сауал бәріміздің көкейімізде жүргені сөзсіз. Еліміздің ертеңгі тірегі мен сенімі – өскелең ұрпақ кітап бетін ашпайтын жағдайға қалай келді? Оның бір ғана жауабы бар: олардың ой-санасын түрлі гаджеттегі ойындар әбден улап, байлап-матап тастаған. Әрине, әлеуметтік желілердің, ғаламтордың жетістіктерін жоққа шығарудан аулақпыз. Дей тұрғанмен, біз – ұстаздар мен ата-аналар оның оң нәтижесін көріп жатқан жоқпыз. Керісінше, уақыт өткен сайын осы мәселені қалай шешеміз деген қатпарлы сауалдар туындап, беймаза көңіл күй тыншу берер емес. Жастарымыздың рухани байлығымыз бен мәдени құндылықтарымыздан қол үзіп бара жатқаны мемлекет тарапынан да дабыл ретінде қағылуы ойлантарлық жайт. Президенттің: “Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн”, – дей келіп, оқуға тиіс деп санайтын отыз таңдаулы кітаптың тізімін ұсынған болатын. Қазір осы бағытта маңызды бағдарламалардың қабылдануы көңіл қуантады.
“Оқуға құштар мектеп” жобасы білім алушылардың, педагогтардың, кітапханашылар мен ата-аналардың арасында оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруге, оқу мәдениетінің деңгейін арттыруға және кітап оқуды насихаттауға бағытталған. Жоба аясында отбасылық оқудың жарқын дәстүрлерін жаңғырту, оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру, кітапхана қорын көркем әдебиетпен толықтыру, мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру көзделген. Мектеп-лицей-интернатында “Оқуға құштар мектеп” жобасы 2020 жылдан бері өз жалғасын тауып келеді. Оның басты мақсаты – оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, өзі оқыған көркем шығарма жайлы ой бөлісу, оқырмандарды кітап оқу өнеріне, дүниетанымын кеңейтуге, оқыған кітаптарын дұрыс бағалай алуға, өмірде, еңбекте, оқуда кітапты дұрыс пайдалануға баулуды үйрету. Оқушылардың білімді де жан-жақты болып тәрбиеленуі мектептің тікелей мүддесі екенін жақсы түсінеміз. Соған орай, оқу жылының басында әр тоқсанда оқитын кітаптар мен оқу тілі және кестесі бекітіледі. Әр сейсенбі, бейсенбі күндері екі үлкен үзіліс оқу уақыты болып белгіленді.
2021-2022 оқу жылында осы жоба аясында Ыбырай Алтынсариннің 180-жылдығына орайластырылып әдебиет тізімі іріктеліп алынды. Ұлы ағартушының әңгімелерін шығармашылық тапсырмалар арқылы сурет салу, класстер, фото-коллаж және ребус, сөзжұмбақтар құрай отырып, оқып, жыл соңында оқыған әңгімелер желісі бойынша сахналық көрініс, мәнерлеп оқу сайысы, сурет көрмесі ұйымдастырылды. Осындай жолмен балалардың тек оқуға деген қызығушылығын ғана емес, сондай-ақ сахнада өзін-өзі көрсетуге де мүмкіндік туғызылды.
Биылғы оқу жылында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері бірігіп, әдеби шығармаларды оқытуды таңдады. Оның бірі Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналды. Оқушылар жерлес ақынның шығармашылығы, өмірі, басқа қырлары бойынша лицей радиосынан хабарламалар оқып, әндер тыңдады. Оқыған өлеңдері бойынша ұстаздар тарапынан сюжетті шығарма жазу ұсынылды. Үздік деп танылған жұмыстар облыстық байқауларға жолданады, әлеуметтік желілерде жарияланады. Патриоттық, азаматтық тәрбие бағытындағы өлеңдер оқылып, сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Кітап таңдап, талғап оқи білу, алған әсеріңді өмірлік қажетіңе жарата білу – әрбір оқушының білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. Өскелең ұрпаққа кітаптан асқан байлық, асыл қазына жоқ, дәл қазіргі уақыттан бастап кітап оқуға өздеріңізді бейімдеңіздер дегім келеді. “Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге”, – деп хакім Абай Құнанбайұлы жырлағандай, бар білімнің патшасы кітап екенін ұмытпайық.
Кітап – рухани азық беретін құдіретті құндылық, адамзатты тәрбиелеудің басты құралы, мәдениет пен руханиятты қорғауда теңдесі жоқ қару. “Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік”, – деген екен сырлы суреткер Ғабит Мүсірепов.
Гүлжан ЖАҚАНОВА,
ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының директоры.