«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызыл жалын құрық салдырар емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан өңірде 62 өрт оқиғасы тіркелді. Қызыл жалын 8 адамның өмірін қиып, 3 тұрғын түрлі дене жарақатын алды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Биыл облыста көміртегі тотығына улану фактілері де жиіледі. Бір жарым айдың ішінде зардап шеккендердің жалпы саны 18-ге дейін жетті, сондай-ақ 1 адам көз жұмды. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжановтың сөзінше, оқыс оқиғалардың бірі – Айыртау ауданында тіркелді.

– Ақпанның 8-і күні Айыртау ауданының Карсаковка ауылында жеке тұрғын үйде оқыс оқиға болды. Тілсіз жау тұрғын үй мен жанында тұрған қора-қопсыны толығымен жалмады. 1957 жылы туған баспана иесін күйік шалып, аудандық ауруханаға жатқызылды. Өкінішке қарай, ол ақпанның 11-і күні көз жұмды, – дейді Аслан Ахметжанов.

Баспассөз мәслихатына қатысқан Есіл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жұлдыз Есенғазиннің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда ауданда өрт оқиғалары 30 пайызға артқан.

– Ауданымызда 13 өрт оқиғасы тіркелді. Қызыл жалын келтірген материалдық шығын мөлшері – 6 млн. 700 мың теңге. Тілсіз жау 3 адамның өмірін қиып, 1 адам жарақат алды. Төтенше жағдайлардың негізгі себебі – тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауы. Есіл ауданында тіркелген соңғы оқыс оқиғалардың бірі – газ құю бекетінде болды. Ақпанның 11-і күні 1981 жылы туған жігіт 5 литрлік газ баллонын алып, оператор отырған кеңсеге кіріп келген, беті ашық тұрған құрылғыдан от шыққан. Салдарынан жұмысшының денесінің 90 пайызын күйік шалды. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімшесінде жатыр. Жағдайы ауыр, – деді Жұлдыз Есенғазин.

Төтенше оқиғалардың алдын алудың бірден-бір жолы – үгіт-насихат жұмыстары. Департамент басшылығы ақпанның 14-нен бастап өңірде өрт қауіпсіздігі айлығын жариялады. Оның аясында құтқарушылар 17462 үйді аралап, 46 мыңға жуық тұрғынға жадынамалар таратып үлгерген. Бұдан бөлек, мамандар 69 елді мекенде 1800-ден астам адам қатысқан жиын өткізді. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшылығы.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp