Петропавлдағы №4 орта мектепте балтамен қаруланған оқушы үш жасөсіпірімді жарақаттағаны туралы газетіміздің өткен санында жазғанбыз. Зардап шеккендердің екеуіне ота жасалып, біреуі жарақаты жеңіл болған соң үйіне жіберілген. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров ауруханаға арнайы барып, оқушылардың хал-жағдайын сұрады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, жарақат алған екі оқушы жансақтау бөлімінен травмотология бөлімшесіне ауыстырылды.
– Қазіргі уақытта балалардың жағдайы қалыпты. Жүйке жүйесіне зақым келген жоқ. Ем-дом хаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Балалар травматолог, невропатолог және нейрохирургтың бақылауында, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Сәлімхан Сәбитов.
Оқыс оқиғаға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері 9-шы сынып оқушысының мұндай іс-әрекетке бару себебін анықтаумен айналысып жатыр, ал тағы бір топ облыстағы мектептердің қауіпсіздік құралдарымен қаншалықты қамтылғанын тексермек. Өңірде 465 мектеп бар, оның дені бейнебақылау қондырғылармен қамтылған. Өкініштісі, орта білім беру орындарында турникеттер жоқ.
– №4 орта білім ордасында күндіз вахтер кезекшілік етсе, түнгі уақытта күзетші келеді. Бұл мектепте дабыл түймесі бар. Оқыс оқиға орын алғанда дереу полиция шақыртылды. “Жедел жәрдем” де уақытында келді. 3 минут ішінде күзет агенттігінің кезекші тобы жеткенін айта кеткен жөн, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
Мектептегі оқыс оқиға бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Тергеп-тексеру жұмыстары аяқталғанша, сот жасөспірімді 2 айға қамауда ұстамақ.
– Ақпанның 15-сі Петропавл қаласының мамандандырылған тергеу соты кәмелетке толмаған “Д”-ны 2 ай қамауда ұстау жөнінде санкция берді. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайды, – делінген облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.