«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК АДАМДАРЫ ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТТЕЛСЕ ИГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен жасым тоқсаннан асқан ар­дагермін. Жас кезімізде қызмет ат­қар­дық, елде орын алып жатқан саяси, мәдени, әлеуметтік оқиға­лар­ға бір кісідей өз үнімізді қостық деп ойлаймын. Денсаулық сыр бер­ген соң, соңғы жаңалықтармен те­ледидар арқылы, мерзімді баспасөз құралдары арқылы танысуға мәж­бүр­мін. Бала кезімнен сырласыма, мұңдасыма айналған сүйікті басы­лымым облыстық “Soltüstık Qazaq­stan” газетінің әр нөмірін асыға кү­темін. Ондағы жарияланған мақа­лалаларға өз үнімді қосу үшін кей­де қолыма қалам алып көкейімдегі ойларымды қағаз бетіне түсіруді -әдетке айналдырғанмын.

Биылғы жыл көптеген саяси оқиғаларға толы болмақ. Былтырғы қарашада дүйім қазақ елі кезектен тыс өткізілген Президент сайлауы­на қатысып, дауыс берді. Сол нау­қанға мен де таңалакеуімнен жетіп, өзімнің таңдауымды жасадым. Ал­дағы наурыз айында Мәжіліс сай­лауы өткізілмек. Бұл шаралардың барлығы еліміздің орнықты дамуы үшін жасалынып жатқан бетбұрыс­тар деп есептеймін. Президентіміз елордада өткен ұлықтау салтана­тында біраз әңгімелердің басын қайырып, Қазақстанды гүлдендіру үшін қандай қадамдарға бару қа­жеттігін айтты. “Қазір біз осы қиын-қыстау жолдың басында тұрмыз. Алдымызда атқаратын жұмыс көп. Әрбір азамат елдің болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінуге тиіс. Мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты – білім беру ісінен бастап индустрияландыруға дейін қоғам­ның барлық саласын жаңғырту. Еліміздің ұзақмерзімді экономика­лық өсімінің негізін жаңа техноло­гия­лар, жоғары еңбек өнімділігі, азаматтардың шығармашылық бас­тамалары құрайды”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, қай халықты болмасын алға жетелейтін екі дүние бар. Ол – білімі мен ғылымы. Өркениетті елдердің қай-қайсысын алып қарамайық, олар­ды биік деңгейге жеткізген де – осы ілім-білім. Бір ғана Жапонияны мысалға келтірейікші, жерінің ас­тында бір литр мұнайы, бір шелек кө­мірі жоқ ел әлемнің алғы шебіндегі елдердің сапында тұр. Олар бұл деңгейге оқумен, ізденумен жетті. Президентіміз де осы бағдарды не­гізге алудың маңызын айтып отыр. Қазір елімізде жастарды білім нәрі­мен сусындату үшін түрлі жобалар жүзеге асырылуда, “Жайлы мектеп” деп аталатын бастама қолға алын­ды, жемқорлардың тамағынан өт­пей қалған қаржы мектеп, спорт кешендерін салуға жұмсалмақ. Бар ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жан ретінде мұның барлығын құп­таймын. Осы ретте, менің айтаты­ным, бізге біліммен қатар тәрбие бе­ру жағын да батыл қарастырған жөн секілді. Өйткені тәрбиесіз берілген білім халыққа ешқандай пайда әкел­мейді. Ал жастайынан қазақ­тың дала заңынан нәр алған берік тәр­биесін орнықтырған адам қазақ­қа, ұлтқа қызмет етпей қоймайды. Тәрбиенің бастауы – ақылына ақы сұрамайтын кітапта жатыр. Бізге кі­тап оқу, газет-журнал ақтару мәде­ниетін қайтару керек. Біз газеті­мізден, кітабымыздан айы­рылып қалсақ, көп жетістіктер­ден құр ала­қан қаламыз.

Сол ауқымды шарада Прези­ден­тіміз еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілуі қажет екенін ба­тыл айтты. “Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көр­сетілуге тиіс. Әсіресе ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұ­мыс­шы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуі­міз қажет. Олар еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек. Осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана, қоғамымыз шы­ны­мен жаңарды деп айта аламыз. Көпшілік қазіргі уақытта нағыз ба­тыр­лардың жетіспейтінін айтады. Бі­рақ нағыз қаһармандар жұрттың назарынан тыс жерде. Олар біздің арамызда. Батырлар күн сайын зауыт станогында жұмыс істейді, қо­ғамдық көлік жүргізеді, ұшақ штур­валына отырады, құтқарушы­ның қор­ғаныс киімін киеді, науқасқа жедел жәрдем беруге асығады, әс­кери техниканы меңгереді. Нағыз батырлар балаларымыз бен қарт ата-аналарымыздың дастарқаны ас-ауқатқа толы болуы үшін ауылда таңмен таласа оянады. Біздің ба­тырлар – өзінің жеке кәсібін бастай­тын, жұмыс орындарын ашатын, қызметкерлері мен олардың отба­сы­ларына жаңа мүмкіндіктер туды­ратын кәсіпкерлер”, – деді Мемле­кет басшысы.

Біз, аға буын өкілдері, түрлі қо­ғам­ды бастан өткердік. Кешегі кеңес заманында еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілгенін замандаста­рым жақсы біледі. Қоғам байлығы қарапайым құрыш қолды адамдар­дың маңдай терімен жиналды. Уа­қытпен санаспай, ерен еңбектің кө­рігін қыздырған дала ерлері, әсіресе науқандық жұмыс кезінде күнді түнге, түнді күнге ұластырып, кірпік іл­мей қарекет ететін. Озаттардың есе­лі еңбегі өзгелерге үлгі етілетін. Олардың суреттері Құрмет тақта­сына ілініп, әрқилы жарыстарда жеңімпаз атанып, мақтау, марапат­тауға ие болды. Осының өзі еңбек адамдарын топтастыра түсті, жігер­лерін жаныды, көкіректеріне өлшеу­сіз күш-қуат құйды. Қазір бәрі бас­қаша! Қоғам қалтасы қалың адамға құрметпен қарайтын заман туды. Содан болар, біз “аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін” деген сөз­дің қоғамда әлі де болсын өзектілігін жоймауына мүдделіміз.

Баспасөз беттерінен ақтарып, көріп, біліп отырмын, қазіргі таңда ірі құрылымдар мен серіктестік­тер­де тракторшы, комбайншы, механи­затор сынды мамандар жетіспейді. Ауылдар құрдымға кетті. Ондағы жұрт қаланы бетке алды. Осының барлығы – соңғы жылдары қарапа­йым еңбек адамын қадірлемеген­діктен орын алып отыр. Өркениетті елдерде өз ісін өте шебер, махаб­батпен орындайтын, тіпті көше та­за­лаушылардың өзі ерекше құр­мет­ке бөленеді. Ал біздің қоғам әлі “па­ра алмағаны үшін марапатталды” деңгейінен аса алмауда. Осы бір түйінді мәселені Мемлекет басшы­сы өте дұрыс аңғарып, қоғамды ол­қылықтың орнын толтыруға шақырды. Түптеп келгенде, бұл – ел­дің өте ауқымды, маңызды шаруа­сы. Жалпақ жұртты іргелі істерге ба­ғыттап, кең ауқымды жұмыстар тындыру үшін қоғамға пайдалы кез келген маман­дық иесі құрметтелуі керек.

Мемлекет басшысының: “Қолы­нан іс келетін және елге беріле қыз­мет жасайтын азаматтарға ғана ор­тамызда орын бар. Оларға қолдау көрсетеміз, ал қоғам құрметін білді­реді. Халқымыздың нақыл сөзін сәл түрлендіріп айтсақ: “Байлық пен ман­­сап – қолға ұстаған мұз, ериді де ке­теді. Ал елге жасаған қызмет – арт­та қал­ған із, ол ұрпақтан-ұрпаққа же­те­ді”. Осыны әр азамат түсінуі ке­рек”, – деген сөзін жылы қабылда­дым.

Алдыңғы толқын өкілі ретінде жастарға айтарым, адал еңбек етің­дер. Өздеріңнің мамандық­тарыңды жақсы көріңдер, сол кезде ғана міндетті түрде табысқа кенелесің­дер. Ал қара бастың қамын ойлап, қай жерде ақша бар сол жерден табылатын адам өспейді де, өн­бейді.

Жұмаш СЕЙІТБЕКОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp