“Tartyl Fest” республикалық турнирінің гранд-финалына біздің өңірден 10 адам аттанды. Солардың бірі – Петропавл тұрғыны Рафаил Қадыров. Ол облыстық турнирде белтемірге тартылудан ең үздік көрсеткішке қол жеткізген болатын. Полиатлоннан халықаралық дәрежедегі спорт шебері маңызды жарысқа дайындығы туралы айтып берді.
– Ауылда туып-өскен балалардың барлығы спортқа жақын болады деп ойлаймын. Өйткені күніміз негізінен далада, ойынмен, жүгірумен өтетін. Сондықтан кішкентайымнан спортқа жақынмын деп айта аламын. Ал спорттық мансабым 2010 жылы басталды. Сол жылы Петропавлдағы гуманитарлық-техникалық колледжге оқуға түстім. Маған бұған дейін бейтаныс спорт түрі – полиатлоннан жарысқа қатыс деген ұсыныс болды. Сол турнирде Александр Черников деген жаттықтырушының көзіне түсіп, содан бері осы спорт түрімен үзбей айналысып келемін.
– Алда “Tartyl Fest” республикалық турнирі. Дайынсыз ба?
– Дайындық қызу жүрді. Ол жерге мықтылардың мықтысы жиналатыны белгілі. Бізге шеберлікті одан әрі шыңдауға жарты жылға жуық уақыт берілді. Ол уақытты тиімді пайдалануға тырыстым. Менің жаттығуым 10 күндік циклге негізделген, 5 күн жаттығып, 5 күн дем-аламын, яғни жаттығу күнара өтеді. Соның 2,5 сағатын турникте тартылуға жұмсадым. Бұл өз нәтижесін беріп жатыр. Жеке көрсеткішімді жақсарттым. Республикалық турнирде жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін бар күшімді жұмсамақпын. Мақсатым – рекорд жаңарту.
– Петропавлда өткен турнирде белтемірге 45 рет тартылып, өңір спортшылары арасында ең үздік көрсеткішке қол жеткіздіңіз. Жалпы рекордтық көрсеткіш қандай?
– Мен 30 жастан асқандар арасында сайысамын. Қазір республика бойынша үздік көрсеткіштің иесі – қарағандылық Евгений Намдык. Ол 50 рет тартылды.
– Белтемірде тартылудың денсаулыққа қандай пайдасы бар?
– Белтемірде тартылу қолдың, иықтың буындарын бекітіп, адамның төзімділігін арттырады. Жүрекке, қан тамырларына пайдалы. Тыныс алу жүйесінің жұмысын жақсартады. Күнделікті кардиожүктемелердің жүрек бұлшық етін дамытып, қан қысымын дұрыстауға пайдасы зор. Дене бітімді әдемі ету үшін де белтемірге тартылуға кеңес беремін. Алайда теріс жақтары да бар, оны да ұмытпаған жөн. Әсіресе остеохондроз, остеоартроз аурулары бар адамдарға белтемірге тартылуға болмайды. Сондай-ақ өзіңді қинап, күнде тартылудың да қажеті жоқ, ол ағзаға зиян әкелмесе, пайдасы шамалы.
– Сіз айтқан полиатлон деген қандай спорт түрі?
– Полиатлон дегеніміз – президенттік көпсайыс. Оған пневматикалық винтовкадан нысана көздеу, белтемірде тартылу және шаңғы жарысы кіреді. Осы үшеуінің ішінде мен үшін белтемірге тартылу оңайырақ. Ең қиыны шаңғымен жүгіру. Полиатлонда үшеуінен де жақсы көрсеткіш болуы шарт, үшеуінің қосындысы бағаланады. Жалпы нәтижем жаман емес, халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Әлем чемпионы болдым, сондай-ақ Қазақстан чемпионымын.
– “Tartyl Fest” турнирі туралы айтып беріңізші.
– “Tartyl Fest” республикалық турнирінің гранд-финалы 18 ақпан күні басталады. Қарсыластарыма, ең алдымен, денсаулық тілеймін. Бұл – маңызды жарыстардың бірі. Білектің күші сыналар жарыста мықтылар жеңіске жетуі тиіс.
Сұхбаттасқан
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.