Мен жасым тоқсаннан асқан ардагермін. Жас кезімізде қызмет атқардық, елде орын алып жатқан саяси, мәдени, әлеуметтік оқиғаларға бір кісідей өз үнімізді қостық деп ойлаймын. Денсаулық сыр берген соң, соңғы жаңалықтармен теледидар арқылы, мерзімді баспасөз құралдары арқылы танысуға мәжбүрмін. Бала кезімнен сырласыма, мұңдасыма айналған сүйікті басылымым облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің әр нөмірін асыға күтемін. Ондағы жарияланған мақалалаларға өз үнімді қосу үшін кейде қолыма қалам алып көкейімдегі ойларымды қағаз бетіне түсіруді -әдетке айналдырғанмын.
Биылғы жыл көптеген саяси оқиғаларға толы болмақ. Былтырғы қарашада дүйім қазақ елі кезектен тыс өткізілген Президент сайлауына қатысып, дауыс берді. Сол науқанға мен де таңалакеуімнен жетіп, өзімнің таңдауымды жасадым. Алдағы наурыз айында Мәжіліс сайлауы өткізілмек. Бұл шаралардың барлығы еліміздің орнықты дамуы үшін жасалынып жатқан бетбұрыстар деп есептеймін. Президентіміз елордада өткен ұлықтау салтанатында біраз әңгімелердің басын қайырып, Қазақстанды гүлдендіру үшін қандай қадамдарға бару қажеттігін айтты. “Қазір біз осы қиын-қыстау жолдың басында тұрмыз. Алдымызда атқаратын жұмыс көп. Әрбір азамат елдің болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінуге тиіс. Мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты – білім беру ісінен бастап индустрияландыруға дейін қоғамның барлық саласын жаңғырту. Еліміздің ұзақмерзімді экономикалық өсімінің негізін жаңа технологиялар, жоғары еңбек өнімділігі, азаматтардың шығармашылық бастамалары құрайды”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, қай халықты болмасын алға жетелейтін екі дүние бар. Ол – білімі мен ғылымы. Өркениетті елдердің қай-қайсысын алып қарамайық, оларды биік деңгейге жеткізген де – осы ілім-білім. Бір ғана Жапонияны мысалға келтірейікші, жерінің астында бір литр мұнайы, бір шелек көмірі жоқ ел әлемнің алғы шебіндегі елдердің сапында тұр. Олар бұл деңгейге оқумен, ізденумен жетті. Президентіміз де осы бағдарды негізге алудың маңызын айтып отыр. Қазір елімізде жастарды білім нәрімен сусындату үшін түрлі жобалар жүзеге асырылуда, “Жайлы мектеп” деп аталатын бастама қолға алынды, жемқорлардың тамағынан өтпей қалған қаржы мектеп, спорт кешендерін салуға жұмсалмақ. Бар ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жан ретінде мұның барлығын құптаймын. Осы ретте, менің айтатыным, бізге біліммен қатар тәрбие беру жағын да батыл қарастырған жөн секілді. Өйткені тәрбиесіз берілген білім халыққа ешқандай пайда әкелмейді. Ал жастайынан қазақтың дала заңынан нәр алған берік тәрбиесін орнықтырған адам қазаққа, ұлтқа қызмет етпей қоймайды. Тәрбиенің бастауы – ақылына ақы сұрамайтын кітапта жатыр. Бізге кітап оқу, газет-журнал ақтару мәдениетін қайтару керек. Біз газетімізден, кітабымыздан айырылып қалсақ, көп жетістіктерден құр алақан қаламыз.
Сол ауқымды шарада Президентіміз еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілуі қажет екенін батыл айтты. “Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Әсіресе ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуіміз қажет. Олар еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек. Осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана, қоғамымыз шынымен жаңарды деп айта аламыз. Көпшілік қазіргі уақытта нағыз батырлардың жетіспейтінін айтады. Бірақ нағыз қаһармандар жұрттың назарынан тыс жерде. Олар біздің арамызда. Батырлар күн сайын зауыт станогында жұмыс істейді, қоғамдық көлік жүргізеді, ұшақ штурвалына отырады, құтқарушының қорғаныс киімін киеді, науқасқа жедел жәрдем беруге асығады, әскери техниканы меңгереді. Нағыз батырлар балаларымыз бен қарт ата-аналарымыздың дастарқаны ас-ауқатқа толы болуы үшін ауылда таңмен таласа оянады. Біздің батырлар – өзінің жеке кәсібін бастайтын, жұмыс орындарын ашатын, қызметкерлері мен олардың отбасыларына жаңа мүмкіндіктер тудыратын кәсіпкерлер”, – деді Мемлекет басшысы.
Біз, аға буын өкілдері, түрлі қоғамды бастан өткердік. Кешегі кеңес заманында еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілгенін замандастарым жақсы біледі. Қоғам байлығы қарапайым құрыш қолды адамдардың маңдай терімен жиналды. Уақытпен санаспай, ерен еңбектің көрігін қыздырған дала ерлері, әсіресе науқандық жұмыс кезінде күнді түнге, түнді күнге ұластырып, кірпік ілмей қарекет ететін. Озаттардың еселі еңбегі өзгелерге үлгі етілетін. Олардың суреттері Құрмет тақтасына ілініп, әрқилы жарыстарда жеңімпаз атанып, мақтау, марапаттауға ие болды. Осының өзі еңбек адамдарын топтастыра түсті, жігерлерін жаныды, көкіректеріне өлшеусіз күш-қуат құйды. Қазір бәрі басқаша! Қоғам қалтасы қалың адамға құрметпен қарайтын заман туды. Содан болар, біз “аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін” деген сөздің қоғамда әлі де болсын өзектілігін жоймауына мүдделіміз.
Баспасөз беттерінен ақтарып, көріп, біліп отырмын, қазіргі таңда ірі құрылымдар мен серіктестіктерде тракторшы, комбайншы, механизатор сынды мамандар жетіспейді. Ауылдар құрдымға кетті. Ондағы жұрт қаланы бетке алды. Осының барлығы – соңғы жылдары қарапайым еңбек адамын қадірлемегендіктен орын алып отыр. Өркениетті елдерде өз ісін өте шебер, махаббатпен орындайтын, тіпті көше тазалаушылардың өзі ерекше құрметке бөленеді. Ал біздің қоғам әлі “пара алмағаны үшін марапатталды” деңгейінен аса алмауда. Осы бір түйінді мәселені Мемлекет басшысы өте дұрыс аңғарып, қоғамды олқылықтың орнын толтыруға шақырды. Түптеп келгенде, бұл – елдің өте ауқымды, маңызды шаруасы. Жалпақ жұртты іргелі істерге бағыттап, кең ауқымды жұмыстар тындыру үшін қоғамға пайдалы кез келген мамандық иесі құрметтелуі керек.
Мемлекет басшысының: “Қолынан іс келетін және елге беріле қызмет жасайтын азаматтарға ғана ортамызда орын бар. Оларға қолдау көрсетеміз, ал қоғам құрметін білдіреді. Халқымыздың нақыл сөзін сәл түрлендіріп айтсақ: “Байлық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан-ұрпаққа жетеді”. Осыны әр азамат түсінуі керек”, – деген сөзін жылы қабылдадым.
Алдыңғы толқын өкілі ретінде жастарға айтарым, адал еңбек етіңдер. Өздеріңнің мамандықтарыңды жақсы көріңдер, сол кезде ғана міндетті түрде табысқа кенелесіңдер. Ал қара бастың қамын ойлап, қай жерде ақша бар сол жерден табылатын адам өспейді де, өнбейді.
Жұмаш СЕЙІТБЕКОВ,
еңбек ардагері.