«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Желаяқ жерлесіміздің жеңісті жолы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астана қаласындағы “Qazaqstan” спорт сарайында өткен жеңіл ат­летикадан жабық кешендегі Азия чемпионатында қазақстандық жеңілатлеттер 6 алтын, 5 күміс, 4 қола медальға қол жеткізіп, командалық есепте екінші орынды иеленген болатын. Жүлдегерлердің арасында жерлесіміз Михаил Литвин де бар. Ол 400 метрлік жекелей сында күміс медаль алса, ерлер арасындағы командалық эстафетада чемпион атанды.

Михаил Литвин 1996 жылы Пет­ропавл қаласында дүниеге келген. Кішкентай кезінен спортты жанына серік еткен ол алғашында футбол үйірмесіне барған екен. Допты ала жүгіргенде қатарластарын жеткізбей кететін. Бірақ футболға қызығушы­лығы бәсеңдей бастайды. Айтуын­ша, басқа спортқа ден қойсам деген ой көп мазалапты. Жерлесіміз бағын жеңіл атлетикада сынап көруді ұй­ғарады. Бірден жаттықтырушылар­дың көзіне түсті. Санаулы уақыт ішінде қалалық жарыстарға қаты­сып, жүлдегерлер қатарынан көрі­неді.

– Алғашқы қатысқан жарысым – қала біріншілігі. Онда мен 200 метр қашықтықта жеңімпаз атанып, ал­ғашқы бапкерім Ринат Аминов қатты разы болды. Арада көп уақыт өтпей үлкен жеңістер де келе бастады. Тәжірибелі жаттықтырушымның ар­қасында төрт айдың ішінде облыс және ел біріншіліктерінде топ жа­рып, тіпті спорт шеберіне үміткер нор­мативін орындадым, – деп еске алады Михаил Литвин.

Облыс орталығындағы №32 орта мектепті бітіргеннен кейін ал­дағы өмірін тек спортпен байланыстыруды ұйғарып, 2013 жылы М.Қо­зыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне дене шынық­тыру пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Жоғары оқу орнында бұл спорттың қыр-сырын тереңірек меңгеріп, білікті бапкерлер – ерлі-зайыпты Вера мен Александр Око­ванцевтердің қарамағында жаттыға бастады. Бір жылдың ішінде спорт шебері атанады.

Михаил Литвиннің айтуынша, же­ңіл атлетика – денсаулыққа ең пай­далы спорт түрі. Егер жаттығуға дұ­рыс ден қойсаң, жарақат алу ықти­малдығы да өте төмен. Дегенмен жарақаттан түбегейлі сақтандым деуге болмайды, аяқты қайырып алу, бұл­шық еттің түйіліп қалу қаупі бар.

– Кәсіби спортта жарыстан кейін ағзаны қалпына келтіру процесіне барынша мұқият қарау керек. Бұл­шық етті зақымдап алмау үшін күтіну қажет. Жеңіл атлетика жазғы спорт түрі болғандықтан, жарыстар көбіне ашық стадиондарда өтеді. Бірақ қыс­та да жаттығулар тоқтамайды. Бұл кезде жарыс жабық алаңдарда, ма­неждерде ұйымдастырылады. Әуес­қойлар үшін жазда жаттыққан ыңғайлы. Қысқа қашықтыққа жүгіру жоғары қарқындылықпен орындала­тын циклдік жаттығулар түріне жата­тынын айта кеткен жөн. Спринте жақ­сы нәтижеге жету үшін, спортшының бойы мен салмағы шешуші рөл атқармайды, – дейді Михаил Литвин.

Жерлесіміз республикалық және құрлықтық додаларда бірнеше рет жеңімпаз атанғанын айта кеткен жөн. Нақтырақ, 400 метрге жүгіруден бірнеше рет Қазақстанның рекор­дын жаңартқаны. 19 жасында Өскемен қала­сын­да өткен ел чемпионатында рекорд жасады. 2016 жылы Қатардың Доха қаласын­да өткен Азия чемпиона­тын­да өнер көрсетіп, бұл жарыста қола жүлде­гер атанды. Араға бір жыл салып, 2017 жылдың қыркүйек айында Түркіменстанның астанасы Аш­хабадта 400 метрлік қашықтықты 46,51 секундта жүгіріп өтіп, тағы бір ел рекордын орнатып, кезекті қола медальға қол жеткізген болатын. Бұ­нымен тоқтап қалмай, жыл сайын шеберлігін шыңдаған жерлесіміз әлемдік додаларда да бақ сынап жүр.

Ол жақында елордада өткен жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы Азия чемпионатында жақсы өнер көрсетті. Бұл жарысқа жеңіл атлетиканың жүгіру, лақтыру, секіру және көпсайыс сияқ­ты 26 түрінен 500-ден аса спортшы қатысты.

– Қазақстан құрамасында қырық­қа жуық жеңіл атлет бар. Маған елорда төрінде ел намысын қорғау бақыты бұйырды. Жақын қашықтыққа жүгіретін құрама сапында Андрей Соколов, Эльнор Мұхитдинов, Вяче­слав Земс өнер көрсетті. Сенім үдесінен шығу үшін барымды салу керек болды. Нәтижесінде 4х400 метр қашықтықты 3.09.15 уа­қытта еңсеріп, Азия чемпионы атандық. Ал ерлер арасында 400 метрлік же­келей сында қатарлық желаяқ Ам­мар Исмаил Яхия Ибра­химге ғана есе жіберіп, күміс жүлде иеленген едім. Алдағы уақытта же­келей сында чемпион атансам деген мақсатым бар, – дейді Михаил Литвин.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp