Астана қаласындағы “Qazaqstan” спорт сарайында өткен жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионатында қазақстандық жеңілатлеттер 6 алтын, 5 күміс, 4 қола медальға қол жеткізіп, командалық есепте екінші орынды иеленген болатын. Жүлдегерлердің арасында жерлесіміз Михаил Литвин де бар. Ол 400 метрлік жекелей сында күміс медаль алса, ерлер арасындағы командалық эстафетада чемпион атанды.
Михаил Литвин 1996 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Кішкентай кезінен спортты жанына серік еткен ол алғашында футбол үйірмесіне барған екен. Допты ала жүгіргенде қатарластарын жеткізбей кететін. Бірақ футболға қызығушылығы бәсеңдей бастайды. Айтуынша, басқа спортқа ден қойсам деген ой көп мазалапты. Жерлесіміз бағын жеңіл атлетикада сынап көруді ұйғарады. Бірден жаттықтырушылардың көзіне түсті. Санаулы уақыт ішінде қалалық жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінеді.
– Алғашқы қатысқан жарысым – қала біріншілігі. Онда мен 200 метр қашықтықта жеңімпаз атанып, алғашқы бапкерім Ринат Аминов қатты разы болды. Арада көп уақыт өтпей үлкен жеңістер де келе бастады. Тәжірибелі жаттықтырушымның арқасында төрт айдың ішінде облыс және ел біріншіліктерінде топ жарып, тіпті спорт шеберіне үміткер нормативін орындадым, – деп еске алады Михаил Литвин.
Облыс орталығындағы №32 орта мектепті бітіргеннен кейін алдағы өмірін тек спортпен байланыстыруды ұйғарып, 2013 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Жоғары оқу орнында бұл спорттың қыр-сырын тереңірек меңгеріп, білікті бапкерлер – ерлі-зайыпты Вера мен Александр Окованцевтердің қарамағында жаттыға бастады. Бір жылдың ішінде спорт шебері атанады.
Михаил Литвиннің айтуынша, жеңіл атлетика – денсаулыққа ең пайдалы спорт түрі. Егер жаттығуға дұрыс ден қойсаң, жарақат алу ықтималдығы да өте төмен. Дегенмен жарақаттан түбегейлі сақтандым деуге болмайды, аяқты қайырып алу, бұлшық еттің түйіліп қалу қаупі бар.
– Кәсіби спортта жарыстан кейін ағзаны қалпына келтіру процесіне барынша мұқият қарау керек. Бұлшық етті зақымдап алмау үшін күтіну қажет. Жеңіл атлетика жазғы спорт түрі болғандықтан, жарыстар көбіне ашық стадиондарда өтеді. Бірақ қыста да жаттығулар тоқтамайды. Бұл кезде жарыс жабық алаңдарда, манеждерде ұйымдастырылады. Әуесқойлар үшін жазда жаттыққан ыңғайлы. Қысқа қашықтыққа жүгіру жоғары қарқындылықпен орындалатын циклдік жаттығулар түріне жататынын айта кеткен жөн. Спринте жақсы нәтижеге жету үшін, спортшының бойы мен салмағы шешуші рөл атқармайды, – дейді Михаил Литвин.
Жерлесіміз республикалық және құрлықтық додаларда бірнеше рет жеңімпаз атанғанын айта кеткен жөн. Нақтырақ, 400 метрге жүгіруден бірнеше рет Қазақстанның рекордын жаңартқаны. 19 жасында Өскемен қаласында өткен ел чемпионатында рекорд жасады. 2016 жылы Қатардың Доха қаласында өткен Азия чемпионатында өнер көрсетіп, бұл жарыста қола жүлдегер атанды. Араға бір жыл салып, 2017 жылдың қыркүйек айында Түркіменстанның астанасы Ашхабадта 400 метрлік қашықтықты 46,51 секундта жүгіріп өтіп, тағы бір ел рекордын орнатып, кезекті қола медальға қол жеткізген болатын. Бұнымен тоқтап қалмай, жыл сайын шеберлігін шыңдаған жерлесіміз әлемдік додаларда да бақ сынап жүр.
Ол жақында елордада өткен жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы Азия чемпионатында жақсы өнер көрсетті. Бұл жарысқа жеңіл атлетиканың жүгіру, лақтыру, секіру және көпсайыс сияқты 26 түрінен 500-ден аса спортшы қатысты.
– Қазақстан құрамасында қырыққа жуық жеңіл атлет бар. Маған елорда төрінде ел намысын қорғау бақыты бұйырды. Жақын қашықтыққа жүгіретін құрама сапында Андрей Соколов, Эльнор Мұхитдинов, Вячеслав Земс өнер көрсетті. Сенім үдесінен шығу үшін барымды салу керек болды. Нәтижесінде 4х400 метр қашықтықты 3.09.15 уақытта еңсеріп, Азия чемпионы атандық. Ал ерлер арасында 400 метрлік жекелей сында қатарлық желаяқ Аммар Исмаил Яхия Ибрахимге ғана есе жіберіп, күміс жүлде иеленген едім. Алдағы уақытта жекелей сында чемпион атансам деген мақсатым бар, – дейді Михаил Литвин.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.