Ресейдің Кемерово қаласында кекушинкай каратэден “Азия балалары – 2023” халықаралық турнирі өтті. Дүбірлі жарыста жалпыкомандалық есепте ел құрамасы үшінші орынға ие болды.
“Азия балалары – 2023” турниріне 6 мен 17 жас аралығындағы 575 спортшы қатысты. Ұлттық құрама сапында ел намысын Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласының каратэшілері қорғады. Қоржынға 7 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль түсті.
– Біздің облыстың спортшылары “кумите” бағдарламасында қарсыластарынан мықты болды. Солтүстікқазақстандық каратэшілердің еншісінде 7 алтын, 5 күміс пен 2 қола медаль бар. Тағы 1 күміс пен 1 қола жүлдені алматылықтар қоржынға салды, – дейді “Бүкіл қазақстандық кекушинкай каратэ ұйымы” облыстық филиалының директоры Владимир Витченко.
Ұлдар арасында алтын жүлдені Эрик Данат, Иван Заика, Әмір Әнуаров, Богдан Митрофанов, Данияр Балтабаев қанжығасына байласа, күміс медальдарды Дарын Исин, Радмир Данилов, Алексей Ахатов пен Никита Усатенко иеленді.
Қыздар арасында алтын медальдарға Алина Сейтенова мен Тамила қол жеткізді. Ал күмісті Александра Заикина еншіледі. Сондай-ақ өз салмақтарында Дархан Исин мен Милана Шалаева қола жүлдегер атанды.