Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі құнды жәдігерлердің бірі – жыр әлеміндегі жарық жұлдыз Мағжан Жұмабаевтың портреті. Оны қорға Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің “Мәдениет қайраткері” белгісінің иегері Разипа Алпысбайқызы Тәженова құрметті демалысқа кетерінде сыйға тартыпты (6 желтоқсан, 2021 ж.).
Разипа апамыздың айтуынша, М.Жұмабаевтың бұл суретін Суретшілер одағының мүшесі Мағауия Аманжолов ақынның 100 жылдығына орай тапсырыспен салған екен. Той өткен соң банк директоры Төлепберген Баязитұлы Тілегенов: “Мағжанды жақсы көресің. Шығармаларын зерттеп жүрсің!” – деп Р.Тәженоваға сыйлапты.
Разипа Алпысбайқызының еңбек өтілі 47 жыл, оның ішінде 40 жылын мәдениет саласына, 28 жылын музей ісіне арнаған. 1993 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін облыстық музей бірлестігінің әдеби бөлімін басқарған.
Ал шығарма авторы Мағауия Аманжоловқа келсек, ол белгілі суретші, 1949 жылы Қарағанды облысындағы Қарқаралыда туған. Кезінде оның “Жайлау”, “Досымның портреті”, “Ақшамдағы майшам”, “Ақтабан шұбырынды”, “Уақыт үстемдігі”, “Тауға тоймаймын” және басқа картиналары, сондай-ақ А.Құнанбаев, М.Әуезов, О.Сүлейменов, Б.Төлегенованың портреттері мамандар тарапынан жоғары баға алған. 1994 жылы суретшінің “Дала дидары” үштағаны Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылыпты. Бұдан кейінгі тағдыры көмескі. 1995 жылы 46 жасында із-түссіз жоғалып кетіпті. Суретші картиналары отбасында, мұражайлар мен театрларда сақталуда. Үш қызы: Құралай, Еңлік, Әйгерім – әке жолын қуған бейнелеу өнерінің мамандары. М.Аманжолов КСРО суретшілер одағына жастай қабылданып, Мәскеу көрмелеріне бірнеше мәрте қатысқан.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.