«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тым еркінсітіп жібердік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласындағы №4 мек­тепте орын алған қайғылы оқиға бәрімізді үлкен ойға қалдырды. Мұн­дай жағдай басқа білім ошақта­рында орын алмайды деп ешкім кепілдік бере алмасы анық. Мұның өзі мақалада жазылғандай, көп жыл бойы қордаланған проблемалар­дың түп-тамырын тереңдей зерде­леудің орнына бетін ғана қалқып кел­генімізді айғақтап берді. Енді әңгі­мені сан-саққа жүгіртіп, кінәліні ізде­генше, балалардың алаңсыз оқуын қалай қамтамасыз етеміз, неге көңіл бөлуіміз керек деген мәселе төңі­регінде көп болып ақылдасып, ше­шімдерін жұртшылық болып жұмыла ойласқан жөн.

Жасыратыны жоқ, сыннан сабақ алмау қанымызға сіңіп кеткен әдет пе дерсің. Бүгін ұсыныс айтсаң, ба­сын изеп, қоштап, ертеңіне есінен шығарып, баланың барлық тәрбие­сін мұғалімге ысырып тастайтын ата-аналар аз емес. Балаларды тым еркінсітіп, бетінен қақпай өсіру­дің ақыры небір жағымсыз жайттарға соқтырып жатуының бір себебін ұлының ержеткеніне, қызының бой­жеткеніне ден қоймайтын отағасы мен отанасының от басы, ошақ қа­сындағы салғырттығы мен немқұ­рай­дылығынан іздеген ләзім. Бірде ата-аналар арасында жүргізген анонимдік сауалнама жауаптарының мені әрі таңғалдырғаны, әрі шошындырғаны бар. “Балаңыздың қан­дай қарым-қабілетін бағалайсыз?”, “Кемшін қасиеттерін білесіз бе?”, секілді сұрақтарға ата-аналардың біразы “қайдан білейін” деген сияқ­ты екұшты жауаптармен шектелген. Осыдан-ақ кейбір әке мен шешенің балаларының тәрбиесін айтпа­ғанда, ішкі жан дүниесіне үңіле бермейтінін, сырттай ғана “қызықтай­тынын” аңғарамыз.

Қазақ баланы адамның бауыр етіне текке теңемеген. Бұған “ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” де­ген ғибратты қоссақ, бабаларымыздың бесік жырымен әлдилеп, алақанға салып өсірген жас өскін тәрбие­сіне үлкен жауаптылықпен қара­ғанын, буыны қатып, қабырғасы қа­тайғанша, көзден таса қалдырмағанын байқауға болады. Қазіргі күні түк­ке тұрмайтын нәрселерді сылтау етіп, озық дәстүрлерімізден көз жа­зып қалдық. Адамгершілік, бауырмалдық, қайырымдылық қасиеттердің дәнін себуші, бойға дарыту­шы – алдымен ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды арман ететін әке-шеше екені даусыз. Олардан “ой, жұмыс­бас­тымыз, шаруадан қол тимейді, балаға қарауға уақыт жоқ” деген сөз­дерді жиі естиміз. Ұл-қызының үй­дегі қылығын білмесе, түздегі іс-әрекетінен бейхабар болса, бұзық баланың теріс қылығын кімге артар­сың? Бұл орайда, жасөспірімнің нені білгісі келетіні, кімге еліктейтіні өте маңызды. Хакім Абай жетінші қара сөзінде үлкен пәлсапалық ой түйеді емес пе? Данышпан айтқандай, ішу, жеу, ұйықтау – тән құмарлығы бол­са, жан құмарлығы – білу, көру, үйре­ну. Соңғысына жетелейтін, яғни жылылық, сүйіспеншілік қарым-қатынастарды дарытатын да, одан әрі қалыптастыратын да, жан-жақты тәрбие алуына ықпал жасайтын да – алғашқы ұстазы, тәлімгері іспеттес ата-анасы. Ұл-қызына сүйеніш, тірек бола білмесе, “бүйректен сирақ шы­ғарып” жатқаннан кейін өкін бармақ тісте, бәрі кеш.

Әлия ҚАЛҚЕНҚЫЗЫ,

психолог.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp