2022 жыл – өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты болды. Өріс малға, қамба астыққа толды. Ауыл, орман, балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1117,2 млрд. теңгені құрап, нақты өсім 112,2 пайызға жетті. Өсу қарқыны бойынша облысымыз ел бойынша төртінші орында. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының облыстық департаменті басшысының орынбасары Марал Нұржауыпова журналистермен болған баспасөз мәслихатында егжей-текжейлі баяндады.
Облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 4361,8 мың гектарды құрады. Дәнді және бұршақты дақылдардың алқабы 3042,3 мың гектарды (2021 жылға қарағанда 101,7 пайыз), майлы дақылдар – 893 мың гектар (99,7 пайыз), көкөністер – 5,8 мың гектар (102,9 пайыз), картоп 31,5 мың гектарды (102,6 пайыз) құрады.
– Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге біздің облыс өз үлесін қосып келеді. Қамбаға құйылатын астықтың 20 пайызын біздің өңірдің диқандары өсіреді. Атап айтар болсақ, 2022 жылы дәнді дақылдардың жалпы түсімі бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 30,7 пайызға өсіп, тазаланғаннан кейінгі салмағы 4477,7 мың тоннаны құрады, оның 79 пайызы – бидай, 14,4 пайызы – арпа. Облыста егіншілік бойынша ең үлкен үлес Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға тиесілі – 16,6 пайыз, одан кейінгі орында Тайынша ауданы – 10,3 пайыз, – деді Марал Ырыскелдіқызы. Департамент басшысы орынбасарының сөзінше, өткен жылы ең жоғарғы түсім Мамлют, Қызылжар, Жамбыл және Есіл ауданында тіркелді, гектарынан 17,3-21,2 центнерден өнім алынған.
Облысымыз майлы дақылдардың егістік алқабының көлемі бойынша республикада бірінші орынға ие. 2022 жылы түсім гектарынан 8,3 центнерден айналды. Аудандар арасынан өнімділік Ақжар ауданында – 10,8 пайызға, Мағжан Жұмабаев ауданында – 11,5 пайызға және Тайынша ауданында – 0,6 пайызға төмендегенін айта кеткен жөн. Көкөністердің өнімділігі де төмендеп, 169,5 мың тоннаны құрады, гектарынан орта есеппен 293,4 центнер өнім алынды. Картоп та 15,4 пайызға азайып, 466,7 мың тоннаны құрады.
Облыста егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да қатар дамуда. 2022 жылдың 12 айында сүт 2 пайыз артық өнідірілген немесе 647,8 мың тоннаны құрады, жұмыртқа – 705,7 млн. дана. 110,7 мың тонна мал мен құс еті саудаға шығарылды. Қазір құс фабрикаларының жұмысы қарқын алды. Жұмыртқа өндірісінен облысымыз республикада үшінші орында.
Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша, өңірдегі ірі қара мал саны 405,9 мыңға жеткен, қой – 447 мың, жылқы – 154,3 мың, құс 4234,2 мың бас.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.